48 жастағы Иззат Амон ғұмырының жартысын Ресейде жұмыс істейтін тәжік мигранттарға көмектесу ісіне арнаған.
Амонды 25 наурызда Ресей билігі ұстап, Тәжікстанға мәжбүрлеп қайтарды. Туған жерінде ол Мәскеудегі жұмысында алаяқтық жасады деп жауапқа тартылуы мүмкін.
Белсендіні депортациялар алдында өткен жедел отырыста Ресей соты Амонды азаматтығынан айырды.
Амон – Ресейде ұсталып, Тәжікстанға қайтарылған бірінші тәжік азаматы емес. Бірақ оның басындағы жағдайдың өз ерекшелігі бар.
Амон Тәжікстандағы оппозициялық партияларға мүше болмаған. Бірақ жақында Тәжікстан үкіметін сынаған.
Тәжікстан билігі өтініш айтпаса да, ол Мәскеуде тәжік мигранттарына өз бетінше құқықтық қолдау көрсетіп келеді.
Иззат Холов деген атпен белгілі Амон 1996 жылы Ресей азаматтығын алған. Содан бері Ресейде тұрады. 2000 жылы ол Мәскеуде тәжік орталығын құрған. Бұл ұйым тәжік азаматтарына Ресейде ресми тіркеуден өтіп, жұмыс пен тұратын жер табуға көмектеседі.
Амон құрған ұйым Ресейде құқықтық мәселелерге тап болған тәжік азаматтарына да қолдау көрсетеді.
Амон Ресейде жұмыс істейтін тәжік мигранттарының құқығы бұзылып жатқанда Мәскеуге жеткілікті қысым көрсетпеді деп Тәжікстан билігін айыптаған.
Оңтүстік Калифорния университетінің адам құқықтары профессоры Стив Свердлов Орталық Азия азаматтарының құқығын бұзатын қуғын-сүргін әдістерімен жақсы таныс.
Оның айтуынша, тәжік мигранттары – Ресейдегі ең әлжуаз топтың бірі.
Ресейде таяқ жеген немесе өлтірілген тәжік азаматтары туралы деректің көптігін ескерсек, Свердловтың пікірі дұрыс сияқты.
Свердловтың пікірінше, Ресей мен Тәжікстан Амон ісінде қос мемлекеттің адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін бұзатын шаралар қолданып отыр.
Яғни олар адамды азапталуы мүмкін деген елге қайтару және азаматтығынан себепсіз айыру әдістерін пайдаланды.
"ТӘЖІКСТАНДА ПАРТИЯ ҚҰРАМЫН ДЕГЕНІ ҮШІН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ"
Амонның оқиғасы кейінгі бірнеше жылда Тәжікстандағы адам құқықтары ахуалының қаншалық ушыққанын көрсетеді.
"Мәскеулік құқық қорғаушылар Амонды тәжік мигранттардың құқығын қорғаумен айналысатын азамат ретінде таниды. Ол Душанбе нысанаға алып үйреніп қалған оппозициялық қайраткер деп атауға келмейді. Амонның оқиғасы авторитар президент Эмомали Рахмонның бақылауынан тыс қалған кез келген азаматтық және құқықтық белсенділік режимге төнген қауіп деп бағаланатынын көрсетті" дейді Свердлов.
Амон жүздеген мың тәжік мигрантына көмектесу үшін жиырма жылға жуық уақыт Ресей билігімен жұмыс істеген. Көбі оны "мәселе шешетін адам" деп біледі. Ресейдің құқықтық жүйесін ол сияқты жақсы білетін адам жоқтың қасы. Сондықтан Амонның депортациясынан кейін көп тәжік азаматы Ресей заңдары мен қаулыларын түсінбей, қиын жағдайда қалуы мүмкін.
Тәжікстан билігін Амонның тәжік мигранттар арасындағы танымалдығы алаңдатса керек.
2019 жылы Амон Тәжікстанда "Өзгеріс, реформа және прогресс" деген атпен жаңа саяси партия құруды ойлаған. Ол еңбек мигранттарының атынан депутат болып сайланып, олардың мүддесін тәжік парламентінде қорғамақ болған.
Амон видео жариялап, "Тәжік мигранттары үкіметтен тыс қалып келді. Олардың ешқандай ықпалы болмады. Партия құрып, осы саяси олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Біз кейінгі отыз жылда [шетелден ақша аудару арқылы] ел бюджетінің 70 пайызын қамтамасыз еткен азаматтар ретінде күш біріктіріп, радикал өзгерістерге қол жеткізуіміз керек" деп мәлімдеген.
Бірақ Тәжікстанның сайлау туралы заңында "кандидат кейінгі он жылда елде тұруы керек" деп жазылғандықтан, Амон партия құру идеясынан бас тартқан.
Тәжікстан билігі Амонды сонау 2006 жылы-ақ ұнатпай қалған. Ол кезде белсенді Тәжікстанның Ресейдегі елшісі Абдулмәжид Достиевтың тәжік диаспорасымен және еңбек мигранттарымен жұмыс істейтін барлық ұйымдарды бір жерге біріктіру туралы бастамасына қарсы шыққан.
Амон мен мигранттар тобының көшбасшысы Каромат Шарифов елшіге қосылудан бас тартты. Шарифов Ресейде жұмыс істейтін тәжік мигранттарының ұйымын басқарған. Ол Мәскеудің еңбек мигранттарына қатысты саясатын ашық сынағаннан кейін Тәжікстан билігінің қырына ілікті.
Шарифов та Ресей азаматы болған. Бірақ 2017 жылы желтоқсанда сот оны "шетелдіктер" туралы заңды бұзды, Ресейге заңсыз кірді немесе виза мерзімі аяқталғаннан кейін де елде қалды" деген айыппен Тәжікстанға депортациялады. Оны Тәжікстанда тұтқынға алған ешкім болмады. Бірақ белсенді 2020 жылы мамырда 57 жасында жұмбақ жағдайда көз жұмды.
Сондықтан Амонды Тәжікстанға депортациялау туралы шешім біраз алаңдаушылық туғызып отыр.
Бірнеше ай бұрын Амон достарына Тәжікстан билігі өзін елге қайтарғысы келетінін, туған жерінде "террористік іске қатысты" деп айыпталуы мүмкін екенін айтқан.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, 4 наурызда Мәскеудің Тверь аудандық соты Амонды Ресейде заңсыз жұмысқа тұрды деп айыптаған. Осы кезде белсендіні Тәжікстанға депортациялаймыз деп қорқытқан. 16 наурызда сот Амонды туған жеріне қайтару туралы шешім шығарды. Амонның Ресейде қалған әйелі Сайора Тагоева депортация туралы сот үкіміне қарсы шағым беру үшін адвокат жалдағанын хабарлады.
Белсендінің әріптестерінің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне 25 наурызда Амонды Ресей полициясы ұстап, белгісіз жаққа алып кеткенін айтқан. Бірақ Ресей билігі Амонның отбасына оның ұсталғаны туралы хабар бермеген. 27 наурызда Амон Тәжікстанға оралды.
Дәл осы күні "Азия плюс" ақпарат агенттігі ішкі істер министрлігінің "Тәжікстанның күш құрылымдары Амонды Ресейде ұстау операциясына қатысқан жоқ" деген мәлімдемесін жариялады.
Кейінірек ішкі істер министрлігі Амонға "алаяқтық" бабы бойынша бірнеше айып тағылғанын хабарлады.
ТАҒДЫРЫ БІР ТӘЖІК "ОППОЗИЦИОНЕРЛЕРІ"
Құқық қорғаушылар бұл оқиға 2015 жылы Тәжікстанда 28 жыл түрме жазасына кесілген адам құқықтары жөніндегі адвокат Бузургмехр Йоровқа тағылған айыптарды еске салғанын айтады.
Ресей Тәжікстан билігі қудалаған тәжіктерге ешқашан пана болған емес. Бірақ Ресей – тәжік азаматтары оңай жете алатын бағыттардың бірі.
Заңды жолмен басқа елге кетуге мүмкіндігі жоқ кей тәжік мигранты үшін Ресейден басқа баратын жер де жоқ.
Свердлов "ортаазиялық диссиденттерді ұрлап әкетіп, күштеп еліне қайтарудың кесірінен Ресей "Тәжікстан билігіне қарсы көзқарастардың зиратына" айналды деп есептейді.
Техастағы A&M университетіне қарасты Джордж Буш мектебінің оқытушысы Эдвард Лемон – Орталық Азия үкіметтері жасап жатқан трансұлттық қуғын-сүргін туралы көп жазған мамандардың бірі.
"Кісі ұрлау оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Тәжікстан шағын әрі кедей мемлекет болғанымен, ел билігі шетелдегі оппозицияны бақылауда ұстап, қорқытып-үркітіп, қудалап, шабуыл жасап, тұтқындауға көмектесетін кең мүмкіндіктерге ие” дейді Лемон.
Лемон трансұлттық қуғын-сүргін туралы зерттеуінде 1991 жылдан бері тәжік азаматтарына шетелде шабуыл жасалғанын дәлелдейтін 63 оқиғаны анықтаған.
Оның айтуынша, көп оқиға үкімет оппозицияға қатаң шаралар қолданып, оппозиционерлер, журналистер мен ғалымдар елден қаша бастаған 2015 жылдан кейін тіркелген.
Ел азаматтарын шетелде қудалау шаралары Ресейде немесе Түркияда жүрген тәжіктерге қарсы бағытталған.
Свердловтың айтуынша, осыған ұқсас жағдайлар Беларусь, Молдова, Қазақстан, Қырғызстан мен Грекияда болған.
Лемон мен Свердлов Амонның оқиғасы Ресейде тұрып, "Жастар Тәжікстанның қайта жаңғыруын қолдайды" ұйымын құрған тәжік кәсіпкері Максуд Ибрагимовтың ісіне ұқсайтынын айтады.
Ибрагимов 2014 жылы қарашада Тәжікстан берген ордер негізінде Ресейде ұсталған.
Ол Ресей азаматы ретінде көп ұзамай бостандыққа шыққан. Бірақ кейін оны Мәскеудегі үйінің жанында белгісіз біреулер пышақтап кетті.
2015 жылы қаңтарда Ибрагимов тағы да тұтқындалып, жергілікті прокуратураға жеткізілген. Бұл жолы да кәсіпкер ешқандай айып тағылмай, босап шыққан.
Лемонның айтуынша, "Ибрагимов ғимараттан шыға бергенде оны белгісіз біреулер ұстап, әуежайға апарып, ұшақтың жүк тиелетін бөлігіне салған. "Тәжікстан үкіметі 2015 жылғы маусымға дейін Ибрагимовтың елге келгенін мойындамай келді. Ибрагимов тек сол маусым айында экстремизм бабы мен тағы бірнеше айып бойынша 17 жылға түрме жазасына кесілді” дейді Лемон.
Кейінгі кездері Ресей билігі Душанбеге басқа да тәжік диссиденттерін елге қайтаруға көмектескен.
Олардың қатарында Шобуддин Бадалов (2020 жылы Нижний Новгород қаласында тұтқындалған), Шарофиддин Гадоев (2019 жылы Мәскеуден ұрлап әкеткен), Наимджон Самиев (2018 жылы Грозныйда ұсталған) сияқты оппозиционерлер бар.
Бұлардың ішінде Гадоев қана Тәжікстаннан босап шығуға мүмкіндік алды. Бұған Гадоевқа босқын мәртебесін берген Нидерланды үкіметі ықпал еткен деген ақпарат бар.
БОЛАШАҒЫ БЕЙМӘЛІМ ІС
Амонның жағдайы қиын болғалы тұр, өйткені алаяқтық туралы айып – оны қудалаудың басы болуы мүмкін. Тәжікстан үкіметі билікке қарсы тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды заңды бұзған теріс пиғылды азаматтар етіп көрсетуге тырысады.
Бұл саяси белсенділігі үшін жауапқа тартылған азаматтарды халықтың қолдауы мен сенімінен айыру үшін жасалады.
Қазір Амонның отбасы мен әріптестері ол Тәжікстанға кеткелі еш хабар болмағанына алаңдап отыр.
Бұл "Амонды азаптап жатқан болуы мүмкін" деген күдікті күшейтті.
Свердлов пен Лемон қазіргі жағдайды өзгерту үшін салмақты қадамдар керегін айтады.
Олар АҚШ-тың және Еуропа одағының Душанбедегі елшіліктері Амон мен өзге де саяси тұтқындардың ісіне назар аударар деп үміттенеді.
Сарапшылар батыс елшіліктері Амонның сотын жіті назарда ұстап, оған шетелдегі отбасына оралуға көмектесу жолдарын қарастыруы керек деп есептейді.