12 наурызда Өзбекстан астанасы Ташкентке жақын маңда "Ақиқат және прогресс" партиясының белсенділері өткізген митингіге көп адам жиналды. Бірақ олардың бәрі бірдей жақсы пиғылмен келмеген.
Оппозициялық партия мүшелерінің төрт күн бұрын Ташкент облысы Кибрай ауданында ұйымдастырған кездесуіне де бөтен адамдар жиналып, наразылық шарасының шырқын бұзуға тырысқан.
"Ақиқат және прогресс" (Хакикат ва Тараккиёт) партиясы – осыған дейін Өзбекстанда заңды негізде жұмыс істеуге тырысқан көп оппозициялық партияның ізімен соңғы құрылған ұйымдардың бірі.
12 наурызда болған оқиғаларға қарағанда, жаңа оппозициялық топ осыған дейінгі партиялардың тағдырын қайталайтын сияқты.
"Ақиқат және прогресс" партиясының баспасөз хатшысы Бахром Гойиб Азаттықтың Өзбек қызметіне Кибрай ауданындағы шара партияны қол жинау мәселесін талқылау үшін ұйымдастырылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл әділет министрлігінің ресми тіркеуінен өткізу үшін қажет.
ШАРАНЫҢ ШЫРҚЫН БҰЗУ
Кездесу жекеменшік үйде өтеді деп жоспарланған. Бұл шара туралы әлеуметтік желіге жарнама берілген.
Гойиб белгіленген жерге уақытынан бұрын келген. "Қарасам, аула толы адам екен" дейді ол.
Гойибтың айтуынша, кездесу өтетін жерде өзі танымайтын әйелдер мен бірнеше блогер болған. Олардың бәрі аулада "Ақиқат және прогресс" партиясының жетекшісі Хидирназар Аллақұловты күтіп тұрған.
Аллақұлов келгенде күтпеген қонақтар оны сұрақтың астына алып, партия мүшелерінің кездесу өткізуге мүмкіндігі болмаған. Партия мүшелері кеткеннен кейін әйелдер мен блогерлер де тараған.
Екі апта бұрын, 26 ақпанда "Ақиқат және прогресс" партиясының өкілдері Ташкентте банкет залын жалға алып, құрылтай съезін өткізбек болған. Бұл шара туралы да алдын-ала әлеуметтік желіде хабарланған.
Құрылтай жиыны басталардан бірнеше сағат бұрын Аллақұловты Ташкенттегі үйінен ұстап, Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан облысына тергеуге әкеткен.
Осы себептен құрылтай съезі 8 наурызға шегеріліп, кейінгі жиында Аллақұлов партия жетекшісі болып сайланған.
АЛЛАҚҰЛОВ ПЕН МИРЗИЯЕВТІҢ ТАНЫСТЫҒЫ
Өзбекстан үкіметі мен президент Шавкат Мирзияев Аллақұловты көп жылдан бері таниды.
Экономика ғылымдарының докторы Аллақұлов 2002 жылы Термез мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған.
2018 жылы мамырда берген сұхбатында ректор болып жүрген кезінде университеттегі үлкен жемқорлықтың бетін ашып, емтихан тапсырмай диплом алған студенттердің барын анықтағанын айтқан.
Аллақұлов "Ондай студенттердің саны 917 екенін білдім. Олардың біразы құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен шенеуніктердің балалары мен туыстары еді" деген.
Ол сондай-ақ ректор болған кезінде оқу орнының стандарттарын көтеріп, университеттің компаниялар мен банктер заңсыз иемденіп алған 600 мың доллар ақшасын қайтарғанын атап өткен.
Бірақ Термез мемлекеттік университетін жемқорлықтан тазартамын деп жүргенде Аллақұловтың жаулары көбейген.
"Узбекистон овози" газеті оған қарсы "Ректорға арналған халва" және "Студенттерге шабуыл" деген тақырыпта екі мақала жариялап, Аллақұловты ұры әрі алаяқ деп атаған. Осы мақалалардың негізінде прокуратура Аллақұловқа қарсы зерттеу жүргізе бастаған.
2004 жылы 17 маусымда Аллақұлов жұмыстан босатылған. Өзінің айтуынша, ол жұмыстан шығу туралы өтінішке қол қоюға мәжбүр болған. Осыдан кейін бұрынғы ректорға "университетті тонады" деген айып тағылған.
"Үш жылдың ішінде Сұрқандария, Қашқадария, Бұхара облыстарының аудандық соттарынан бастап Жоғарғы сотқа дейін сегіз облыстағы 14 түрлі соттың алдында болдым" дейді ол.
Өзбекстанның тәуелсіз сот жүйесіне келгенде беделі нашар екенін ескерсек, барлық сот процесінің Аллақұловты ақтау туралы үкім шығарумен аяқталғаны таңғалдырады. Ол 2007 жылы 7 шілдеде біржола ақталып, сотта "Құқықтарымды қалпына келтіріп, қылмыстық-процессуалды кодекстің 304-313-баптарына сәйкес, өтемақы беруді сұраймын" деген.
Аллақұловқа өтемақы төленбеген, университеттегі өз тастап кетті делінген бұрынғы жұмысына да орала алмаған. Қазір ол жұмыссыз жүр.
2011 жылы Аллақұлов БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне өтініш берген.
2017 жылы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Өзбекстан Аллақұловқа "құқығын қорғауға қажетті тиімді құрал, табысынан айырылып, беделіне нұқсан келгені үшін лайықты өтемақы және ар-ожданы, беделі мен кәсіби қызметін қалпына келтіретін шаралар ұсынуға міндетті" деген қаулы шығарған.
Бірақ бұл талап та орындалмаған. Аллақұлов Мирзияев пен Өзбекстанның басқа да ресми тұлғаларына хат жазып, президенттің "виртуалды қабылдау бөлмесінің" сайтына өз ісі мен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімі туралы хабарлама қалдырғанын айтады.
Жақында Аллақұлов президент сайлауына қатысуға ниет білдірген. Бірақ қазан айында өтетін президент сайлауына дейін Аллақұловтың "Ақиқат және прогресс" партиясын тіркей қоюы екіталай. Шын мәнінде әуел бастан мұндай үміт жоғы белгілі еді.
БҰРЫНҒЫ ОППОЗИЦИЯНЫҢ ЖАЙЫ
1991 жылдың соңында тәуелсіздік алғалы Өзбекстанда шынайы оппозициялық партия тіркеуге мүмкіндік болмаған.
Өзбекстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін екі күннен соң – 1991 жылы 3 қыркүйекте тіркелген "Ерік" демократиялық партиясы тәуелсіз Өзбекстанда тіркелген бірінші саяси партия болды.
"Ерік" партиясының көшбасшысы Мухаммад Солих 1991 жылы желтоқсанда советтік Өзбекстанның басшысы Ислам Каримовпен бірге президент сайлауына қатысқан. Кей деректерде, оның осы сайлауда жеңіске жеткені айтылады.
Дауыс беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берілді деген мәлімдемелер көп болғанымен, ресми сайлау қорытындысында Солих 12,7 пайыз дауыс жинады деп көрсетілген. Бір қызығы 1991 жылғы осы сайлау әлі күнге дейін Өзбекстандағы ең тартысты президент сайлауы саналады. Өйткені онда бас үміткерлер арасындағы алшақтық мейлінше төмен болды. Осы себепті, ол нағыз оппозициялық кандидат қатысқан жалғыз президент сайлауы болып отыр.
"Күншуақты Өзбекстан" қозғалысының жетекшісі, кәсіпкер Санжар Умаров 2005 жылдың басында президент сайлауына қатысуы мүмкін екенін айта бастады. Бірақ сол жылы қазан айына қарай ол қылмыстық топ құрды, салық төлеуден жалтарды, ақша жымқырды және экономикалық қылмыстар жасады деген айыппен тұтқындалды.
Ол 2006 жылы наурызда түрмеге жабылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Умаровтың барлық активін тәркілеп, оған 8.3 миллион доллар көлемінде айыппұл салды.
"Күншуақты Өзбекстан" қозғалысының тағы бір жетекшісі Нодира Хидоятова да салықтан жалтарды және ақша жымқырды деген айыппен 10 жылға түрмеге жабылды.
Human Rights Watch ұйымы Умаров пен Хидоятоваға тағылған айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеді.
Умаров президент сайлауына қатысатынын айтқаннан кейін сайлау туралы заңға өзгеріс енгізіліп, саяси бәсекеге ресми тіркелген партиялардың атынан ұсынылған кандидаттар ғана қатысатын болды. Қазір Өзбекстанда ресми тіркелген бес саяси партия бар, олардың бәрі – билікті жақтайтын ұйымдар. Сондықтан "Ақиқат және прогресс" партиясын тіркейді деген үміт аз.
1991 жылғы президент сайлауынан кейін билікшіл партиялардан басқа ұйымдар ресми тіркелмеген.
"Ерік" және 1989 жылы құрылған "Бірлік" қозғалысы сияқты оппозициялық топтар жұмысын жалғастырғанымен, олардың басшылары қудалауға ұшырап, елден қуылып, түрмеге жабылған.
ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАУ, ТҮРМЕГЕ ЖАБУ
Президент сайлауына түскен кандидат Солих елден қашып, 1999 жылдың ақпанында екі экстремиспен бірігіп Ташкентте теракт ұйымдастырмақ болды деген айыппен сырттай сотталған.
1991 жылы қыркүйекте "Бірлік" қозғалысы парламент мүшелерінің арасында сауалнама жүргізіп, 100 депутаттың "Каримовтың отставкасын қалаймыз" деп жауап бергенін жариялаған. Осыдан кейін Өзбекстан президенті мен оппозициялық қозғалыс арасында текетірес басталды.
Кейін әділет министрлігі қозғалысты тіркеуден бас тартып, билік өкілдері "Бірлік" ұйымына газет шығаруға рұқсат бермеген. Партия мүшелері 1992 жылы маусымда қозғалыстың екі жетекшісіне қастандық жасалғанын айтып, бұл қылмысқа Өзбекстан билігін кінәлаған.
Партия жетекшілерінің Абдуманоп Пулатты Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі Бішкекке адам құқықтары жөніндегі конференцияға барған жерінен ұрлап әкеткен.
Оны Өзбекстанға әкеліп, "президент Ислам Каримовтың ар-ожданына нұқсан келтіргені үшін" сотқа тартып, үш жылға бас бостандығынан айырған. Ол бірнеше аптадан кейін президент амнистиясымен бостандыққа шыққан. Ал Жоғарғы сот әділет министрлігінің шағымы негізінде "Бірлік" қозғалысының қызметін тоқтату туралы қаулы қабылдаған.
Соңында Пулат Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болып, 2010 жылы қарашада АҚШ-та көз жұмған.
2001 жылдың соңында АҚШ-тың Ауғанстанда бастаған әскери операциясының нәтижесінде талибандар мен өзге де әскери топтар Орталық Азия шекарасынан кері шегінгеннен кейін Каримов оппозициялық топтарға қойылған шектеулерді жеңілдете бастады.
2003 жылға қарай "Ерік" және "Бірлік" ұйымдарына ашық кездесулер өткізуге рұқсат берді. 2003 жылы желтоқсанда "Азат дихандар" (Озод Дехконлар) оппозициялық партиясы құрылтай съезін өткізді.
Бірақ Өзбекстан үкіметі 2005 жылы мамырда елдің шығысындағы Әндіжан қаласында болған көтерілісті қарумен басқаннан кейін оппозициялық партия мүшелері қайтадан қудалауға ұшырап, түрмеге жабылды.
Мемлекеттік арналардан оппозициялық партия мүшелерін совет одағының үлгісімен "қоғам жауы" деп атаған бағдарламалар көрсетілді.
ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ, ЖАҢА ӨЗБЕКСТАН?
2019 жылы желтоқсанның соңында Мирзияев Өзбекстанда оппозициялық саяси топтардың құрылуына қарсы емесін айтты.
Бірақ ол оппозициялық топтардың шетелмен байланысы болмауы керегін ескертті.
"Елімізде [оппозициялық топтардың] пайда болуы үшін қолайлы орта қалыптастырып, олардың осы жердің суын ішіп, нанын жеген, халықтың жағдайын білетін, өзі де осы мәселелерді басынан өткерген адамдардан құралуына жағдай жасау керек" деді Мирзияев.
2020 жылы 10 қаңтарда "Ерік" мүшелері әділет министрі Русланбек Давлетовпен кездесті. Қозғалыс өкілдері әділет министрімен 1997 жылдан кейін енді кездесіп отыр.
"Ерік" – Өзбекстанда негізі қаланып, осы жердің суын ішіп, нанын жеген адамдардан құралған ұйым. Бірақ ұйым көшбасшысы Солих 25 жылдан бері шетелде тұрады.
"Ерік" қозғалысының Давлетовпен кездесуде болған мүшелерінің бірі Агзам Тургунов әділет министрінің "Бұл партия өткеннің еншісінде қалды, оны ұмытыңдар" дегенін айтады.
"Ақиқат және прогресс" партиясынан бөлек, ғалым әрі профессор Махмуд Юлдашев басқаратын "Халық мүддесі" (Халк Манфаатлари) тобы да ресми тіркелуге тырысып жүр.
Аталған кандидаттардың аты-жөні қазан айында өтетін президент сайлауының бюллетеніне енбейтін сияқты. Мирзияевтің жақында айтқан сөзіне қарағанда, мәселе кімге дауыс беруде емес, кімнің дауыс беріп жатқанында болуы мүмкін.
19 наурызда Mирзияев видеоконференция арқылы өңір депутаттарымен сөйлесіп, президент болған кезде берген "муниципалитет және облыс әкімдерін (хокимдер) сайлауды енгіземіз" деген уәдесінен бас тартып, "Хоким сайлауға дайынбыз ба?" Біз тіпті шағынаудан басшысының өзін әділ сайлай алмаймыз" деген.
"Ақиқат және прогресс" партиясын да осыған дейінгі оппозициялық партиялар кездескен қиындықтар күтіп тұрған сияқты. Мирзияевтің уәдесіне қарамастан, билік шынайы оппозициялық партиялар мен жекелеген тәуелсіз кандидаттарды сайлауға қатыстыруға дайын емес.
ПІКІРЛЕР