Қазақстан мен Өзбекстан басшылары демократиялық өзгеріс туралы көп айтады. Бірақ негізгі құқықтар мен бостандықтар мәселесіне келгенде айтқандары құрғақ уәде күйінде қалып жатыр.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстанда билікке жаңа президенттер келіп, халық басқару жүйесінде өзгеріс болады деп үміттенген еді.
2016 жылы билікке келген Өзбекстанның жаңа басшысы Шавкат Мирзияев, 2019 жылы қызметіне кіріскен Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларды қолға аламыз деп уәде беріп, халықаралық қауымдастықты "ел ішінде өзгеріс басталып кетті" деп, сендіруге тырысқан.
Қазақстанның және Өзбекстанның халқы "даусымыз үкіметке жететін болды, саясатқа еркін араласатын кез келді" деп үміт еткен.
Біршама өзгеріс болуын болды да, әсіресе Өзбекстанда, дегенмен сөз бостандығы мен саяси құқықтар ахуалы репрессияшыл әрі автократ басшылар Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың кезіндегі қалпында қалды.
Бұған көз жеткізу үшін осы жылдың екі айындағы жағдайды қарастырсақ жеткілікті.
НАРАЗЫЛАРДЫ СҮЙРЕП БАРА ЖАТҚАН ПОЛИЦЕЙ - ТОҚАЕВ БИЛІГІНІҢ ҚАЗІРГІ БЕЙНЕСІ
28 ақпанда Қазақстанның көп қаласында наразылық жиыны өтті, елдің батысындағы Оралда өткен митингіге ғана үкімет рұқсат берді.
Кей қалаларда жеке белсенділер шеруге шақырды, енді бірінде оппозициялық партиялар көшеге шығып, наразылық білдіруге үндеді.
Оралдан басқа жерлерде полиция демонстрацияны тоқтатып, жиналғандарды ұстап әкетті. Қазақстанда бұл үйреншікті көрініске айналған.
19 наурызда Қазақстанды тәуелсіздік алғалы басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кетіп, орнына өз адамы – Тоқаевты отырғызғанына екі жыл толады.
Бұл ұзақ жыл билік құрған Назарбаев кеткен соң ел басқару стилі өзгереді деп үміттенген жұрттың көңілін құлазытты. Дегенмен ел астанасы – Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеріп, Назарбаевтың үлкен қызы елдегі екінші ең жоғары қызмет – сенат спикерлігіне отырғанда көп жұрттың үміті су сепкендей басылған.
Мұның соңы наразылыққа ұласып, ондаған адам қамалған.
Назарбаев орнынан кетіп жатқан тұста билікте болған өзгерістерге наразылық білдірген демонстрациялар кейін де жалғасты және 2019 жылғы 9 маусымда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауының қарсаңы мен одан кейінгі күндерде шарықтау шегіне жетті. Додада Тоқаев басым көпшілік дауыспен президенттікке сайланды.
Тоқаев "алдыңғы басшыдан басқамын, түбірімен өзгеріс енгіземін" дегенімен, биліктен кетсе де, Назарбаев ең ықпалды адам позициясын сақтап қалғаны түсінікті болды.
2019 жылғы 19 желтоқсанда Тоқаев парламентте сөйлеген сөзінде митинг, шеру өткізуді оңайлатынын заңның қажет екенін айтты. Сонымен бірге ол парламентте шынайы оппозициялық партия болуы керек деді.
Қазақстан бейбіт жиындар туралы заңды 2020 жылғы мамырда қабылдады.
Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?
Дегенмен заң жиынға қатысатын адам санын шектеп, митинг өткізуге болатын орындарды белгіледі. Оның үстіне жиын өткізуге алдын ала рұқсат алу талабы алынып тасталғанымен, ұйымдастырушыларға жергілікті билік органдарын құлақтандыру міндеттелді.
Заңға сәйкес, жергілікті билік шеру не митинг өткізуге қарсылық білдіре алмайды, бірақ олар ресми тіркелмеген партиялар мен топтардың жиын өткізуіне рұқсат бермеуге хақылы. Олар осылай істеп те келеді.
Кей топтардың митинг өткізуіне тыйым салынды. Кейбіреулері биліктің кедергі келтіретінін білсе де, халықты демонстрацияға шығуға шақырды.
28 ақпанда полиция жиналған жұртты машина, автозактарға апарып салуға, болмаса кеттлинг деген жаңа әдісті пайдалануға жұмылдырылды. Кеттлинг кезінде полицейлер шерушілерді құрсауға алып, бірнеше сағат бойы ұстап тұрды, шеңберден ешкімнің шығуына, оған ешкімнің кіруіне мүмкіндік бермеді.
Полиция 10 қаңтарда өткен парламент сайлауы күні наразылыққа шықандарға осы әдісті қолданды. Сол күні бұрмалаумен өтті деген сайлауға қарсылық білдірген жұрт елдің бірнеше қаласында акция өткізген.
Бейбіт жиындар туралы заңға қол қойыла салысымен, 28 мамырда Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының өкілі Мира Ритман былай деп жазды:
"2015 жылы БҰҰ-ның сөз бостандығы, бейбіт жиын және ұйымдар жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи "[Қазақстанның] жиын тәртібін реттеу әдісі оның мәнін түсіну мүмкіндігінен айырады" деген еді, өкінішке қарай реформа жасау жөнінде уәде берілгеніне қарамастан, осы бағалау қазір де сол қалпы қалып отыр".
Мамырдың соңында оппозиция туралы жаңа заң қабылданды, бірақ соған дейін Қазақстанның әділет министрлігі партияны тіркеу туралы 7 өтініштің алтауын қайтарған.
Тоқаев заңға қол қойған соң "Ақ жол" партиясы атынан сайланған депутат Азат Перуашев парламентте оппозициялық партия болуының қажеттігін қызық түсіндірді. "Халықтың көзқарасын айтып, бүкіл елдің мәселелерін жеткізіп отыру үшін парламенттік оппозиция болуы керек" деген ол парламенттегі үкіметшіл партиялар халық атынан өкілдік етіп отырмағанын мойындағандай болды.
Қаңтардағы сайлау 2012 жылдан бері парламентте отырған үш партияның қайта жеңіске жеткенін көрсетті. Олар – биліктегі "Нұр Отан", "Қазақстанның халық партиясы" (бұрынғы "Қазақстанның коммунистік халық партиясы") және "Ақ жол".
Күннің суықтығына қарамастан, халық тағы көшеге шықты, полиция оларды тағы да автозактарға апарып тықты.
Наразыларды көтеріп я сүйреп бара жатқан полицейлер – Тоқаев билігінің қазіргі бейнесі болып отыр. Билік оларды "тәртіп бұзушылар" не "экстремистер" деп сипаттауға тырысқанымен, Қазақстандағы жұрттың көбі қалаған реформаны көзбен көрмей отырғаны анық.
КАРИМОВТЫҢ ЖОЛЫМЕН ЖҮРГЕН МИРЗИЯЕВ
Көп жағынан қарасақ, Мирзияев басқаратын Өзбекстан Кәрімов тұсындағы елден мүлде өзгеше. Әсіресе көрші елдермен қарым-қатынас тұрғысынан анағұрлым ілгерілеу болды. Дегенмен сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі, президентті қолдамайтын жаңа саяси партияларға мүмкіндік беру тұрғысынан қарағанда барлығы бұрынғы қалпында қалғандай.
Кәрімов дүниеден қайтты деген ақпарат шыққаннан алты күн өткен соң, 2016 жылғы 6 қыркүйекте Мирзияев президент міндетін атқаруға көшкен. Сол жылы 4 желтоқсанда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында жеңіске жеткен ол биыл қазанда екінші мәрте додаға түсуі ықтимал.
Өзбек баспасөзі Каримов тұсында көп бара бермеген төмен деңгейдегі басшылар арасындағы жемқорлық, күштеп көшіру немесе үйін сүріп тастау, белсенділер мен блогерлерді ұстау, мақта алқабында мәжбүрлі еңбекті пайдалану сияқты тақырыптарды жаза алады.
4 ақпанда Мирзияев журналистерге: "Сіздердің көмектеріңізге мұқтажбын. Шындықты жеткізуде тоқтамаңыздар, ештеңеден қорықпаңыздар. Арттарыңызда президент тұр" деген. Оның бұл пікірін мемлекеттік ақпарат құралдары берді.
Кей ақпарат құралдарының тақырып аясы кеңейгенімен, баспасөз әлі де тұсауланып тұр.
Осыдан екі ай бұрын ғана билік Өзбекстанның көп аймағындағы электр энергиясы мен жылу жүйесіндегі мәселелер жайлы жазған басылымдарға ескерту жасаған.
Өзбек баспасөзіндегі цензураның бір мысалы – Азаттық радиосы Өзбек қызметі жақында жариялаған Шавкат Мирзияевтің жеке демалыс орны болуы мүмкін деген алып құрылыс туралы зерттеуге назар аударғандар болмады, тек бірі ғана оны "Интернет сайтта жарық көрген ақпарат" деп берді. Олар бұл аса зәулім ғимаратты Өзбекстандағы 90 мыңдай теміржол қызметкері демалатын орын болады деп жазып, президентті қорғаумен болды.
2019 жылғы желтоқсанда сенат спикері Танзила Нарбаева "үкімет баспасөздегі сынға дұрыс қарауы керек, оларға реніш білдіріп, қорқытпауы тиіс" деп ашық айтты.
30 қаңтарда Өзбекстанның оңтүстігіндегі Термез қаласында блогер Отабек Саттори ақша және мобильді телефон бопсалады деп айыпталып, қамауға алынды.
Саттори Halq Fikiri (Халық пікірі) видеоблогында жергілікті басшылықты, соның ішінде Сурхандария облысының әкімі Тура Боболовты сынаумен белгілі болған еді.
24 ақпанда Сатториге "жалған ақпарат таратты" және "ар-намысқа кір келтірді" деген айып тағылды.
Содан бері туыстары қамаудағы блогерді көре алмай жүр.
АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Дэниель Розенблам Саттори ісіне пікір білдіріп, "оны тұтқындаудың жай-жапсары ашық тексерілуі керек" деген туит жазды.
22 ақпанда Мирзияев БҰҰ-ның адам құқықтары кеңесінде видеобайланыс арқылы сөз сөйледі. Онда Мирзияев "Біз осыған дейін жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамытып, Өзбекстандағы сөз бостандығын толық қолдай береміз" деді.
26 ақпанда ұлттық гвардия қызметкерлері Хидирназар Аллакуловты Ташкенттегі үйінен ұстап әкетті.
Аллакулов – тіркелмеген Haqiqat va Taraqqiyot (Ақиқат және прогресс) партиясының негізін қалаушы. Бұл партия сол күні жиналыс өткізуге дайындалып жатқан.
Ол тергеуден соң босатылды. Дегенмен, Аллакуловқа кісінің жеке өміріне қол сұқты, адамның рұқсатынсыз оның жеке өмірі туралы ақпарат жинады деген айып тағылуы ықтимал.
Аллакулов биыл күзде болады деген президент сайлауына кандидатурасын ұсыну ойы барын айтып жүрген.
Өзбекстанда тіркелген бес саяси партия бар, олардың барлығы үкіметті жақтайды. Елде ешқашан шынайы оппозициялық саяси партия тіркеуге алынған емес.
Қаңтарда әділет министрі Русланбек Давлетов 1990 жылы негізі қаланған бірақ тіркелмеген "Эрк" демократиялық партиясының өкілдерімен кездесті. Ол партия өкілдеріне бұл ұйымның тіркелмейтінін айтты.
Аллакулов партиясы 10 наурызда Ташкент сыртында жиын өткізді, бірақ бұл ұйым тіркеуге алынатынына күмән бар.
УӘДЕ БЕРУДІ ДОҒАРУ ЯКИ ШЫНАЙЫ ӨЗГЕРІСТІ БАСТАУ
Еркіндіктің тұсауланып жатқаны анық байқалып тұрса да, Тоқаев пен Мирзияев "елдегі шағын өзгерістерге көз салуды" сұрап, халықаралық қауымдастыққа қайырылып келеді.
Екі елдің үкіметі де инвестиция мен туризм әлеуетіне назар аударту үшін шетелдік лоббистер мен жарнама компанияларын жалдап отыр.
Қазақстан мен Өзбекстан басшылары реформа жүргізетіндерін қайталаумен келеді, дегенмен арада жылдар өтсе де ең маңызды деген реформаларға тым көп назар аударылып, не керісінше мүлде назардан тыс қалып келеді. Бәлкім бұл елдердің басшыларына реформа туралы айтуды доғару керек, болмаса, ең жақсысы өздері берген уәделерді орындап, шынайы өзгерістерді қолға алу керек болар.
Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР