Accessibility links

Азаттық радиосы Өзбекстан президенті Мирзияевтің құпия курорты барын анықтады


Өзбекстанның мемлекеттік компаниялары ел президенті Шавкат Мирзияевке арнап құпия жолмен өте қымбат тау курортын және су қоймасын салған. Бұл туралы Азаттық радиосының Өзбек қызметінің 23 ақпанда жариялаған зерттеуінде айтылады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су қоймасы құрылысы ауызсумен қамту жүйесіне кесірін тигізген және құрылыс салдарынан кейбір отбасы басқа жаққа көшуге мәжбүр болған.

Азаттықтың Өзбек қызметі ресми өкілдердің, жергілікті тұрғындардың және комплексті салуға қатысқан құрылысшылардың айтқаны негізінде зерттеу жасады. Кешен UNESCO мәдени мұрасы тізіміне енетін ерекше қорғаудағы Өгем-Шатқал табиғи паркінде орналасқан.

Мирзияевтің зәулім сарайы делінетін объектінің құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жылдың соңында аяқталған. Құрылыс объектісінде тікұшақ алаңы бар.

Курорт Ташкенттің оңтүстік-шығысынан шамамен 100 шақырым жерде, Шоввозсой өзенінің маңындағы таулы жерде орналасқан. Билік өкілдері бұл құрылыс жайлы ауыз ашпаған, қанша қаржы бөлінгенін де айтпаған. Бірақ әртүрлі дереккөздер бұл курортты жүздеген миллион доллар деп бағалайды.

Құрылыс жоспары 2017 жылдың ақпанына дейін, яғни Мирзияевтің инаугурациясы өткен соң жасалған. Мирзияев 2016 жылы автократ президент Ислам Каримов көз жұмған соң Өзбекстанның екінші президенті болып сайланған.

Жергілікті шенеуніктің айтуынша, "2018 жылы қазанда курортқа Ресей президенті Владимир Путин келеді" деген сөз тараған.

Каримовпен салыстырғанда Мирзияев "қатаң саясат" ұстанып, биліктегілерді ашықтыққа, адам құқығын сақтауға және жемқорлықпен күреске шақырған.

Таудағы курорт құрылысын "Өзбекстан теміржолдары" мемлекеттік компаниясы қадағалаған. Бұл компанияны елдің бірінші вице-министрі Ачилбай Раматов басқарған.

Ал сол маңдағы су қоймасын билікке жақын компания салған. Бұл компания Сардоба су қоймасын да тұрғызған. 2020 жылы Сардоба су қоймасы бүлініп, Өзбекстанда алты адам қайтыс болып, мыңдаған адам үйінен айырылған. Сардобадан тасыған су Қазақстанның оңтүстігіндегі Мақтаарал ауданына дейін жетіп, жүздеген адам баспанасыз қалған.

Журналистер ашық дереккөздерден жаңадан салынған су қоймасының мақсатын анықтайтын құжаттарды таба алмады. Өзбекстан су ресурстары министрлігінің баспасөз хатшысы Азаттықтың Өзбек қызметіне Шоввозсой министрліктің қарауына кірмейтінін айтқан.

Су қоймасын салған Topalang Water Construction компаниясының өкілі бұл объекті "Өзбекстанның теміржолдарына тиесі" "стратегиялық объект" деп қысқа қайырған.

Зерттеу кезінде курорт Өзбекстанның ұшақ, ұшатын құрылғылардың баруына тыйым салынған алты аймағының бірінде орналасқаны анықталды.

Мирзияев әкімшілігі мен "Өзбекстанның теміржолдары" компаниясы Азаттықтың ресми хатын жауапсыз қалдырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG