Халықаралық Freedom House ұйымының Nations in Transit. Antidemocratic Turn ("Транзит кезеңіндегі елдер. Антидемократиялық бетбұрыс") есебінде Қазақстан биыл да "шоғырланған авторитарлық режимдегі" елдер қатарында қалды. АҚШ-та орналасқан ұйым Еуропа мен Еуразияда "антидемократиялық бетбұрыстар" болғанын айтады.
Freedom House ұйымының есебінде Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Әзербайжан да "шоғырланған авторитарлық режимдегі" елдердің қатарына енген.
2021 жылы Қазақстанның есептегі жағдайы өзгермей, былтырғыдай мүмкін болған жеті ұпайдан 1,32 ұпай алған. Есепте жеті ұпай – демократиялық дамудың жоғарғы деңгейін, ал бір ұпай – төмен деңгейін көрсетеді.
Құқық қорғау ұйымы мемлекеттерді жеті параметр – елді демократиялық басқару, жергілікті демократиялық басқару, сайлау процесі, тәуелсіз БАҚ, азаматтық қоғам, сот жүйесі мен оның тәуелсіздігі, жемқорлық көрсеткіштері бойынша бағалайды.
Қазақстан бес категория – сайлау процесі, тәуелсіз БАҚ, сот жүйесі, елді демократиялық жолмен басқару, жемқорлық деңгейі бойынша 1,25 ұпай алған. Қалған екі деңгей – азаматтық қоғамның дамуы және жергілікті демократиялық басқару бойынша 1,5 ұпай иеленген.
Былтыр Freedom House есебінде Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда отставкаға кетіп, орнына серіктесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін "жартылай билік транзиті" деп бағалаған. Назарбаев президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтап қалған еді. 28 сәуірде жарияланған есепте Қазақстан саясатындағы тұлғаларға жеке тоқталмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Пандемияны сылтаурату". Орталық Азия мен Еуропа елдері адам құқығын қалай шектеді?Freedom House "шоғырланған авторитарлық режимдегі" елдерде диктатура саяси бәсеке мен плюрализмнің дамуына кедергі келтіріп, елдегі саяси және азаматтық құқықтың бұзылуына жауапты деп сипаттайды. Ұйым "мұндай режимді елдерде билік бір адамның қолына шоғырланып, сайлау диктатордың билігін нығайту үшін өткізілетінін, билік демократияны ескермейтінін, халыққа есеп бермейтінін" айтады.
Freedom House "шоғырланған авторитарлық режимдегі" елдерде азаматтық қоғам билік тарапынан қатаң шектеулер мен репрессияға ұшырап, ойын еркін айту басып-жанжылады дейді.
Бұл есепке посткоммунистік 29 ел енген. Ұйым 17 жыл қатарынан аймақта демократия әлсіреп бара жатқанын айтады.
"Алғаш есеп жарияланған 1995 жылдан бері демократиясы нашарлаған елдердің саны бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін түсіп кетті" деп жазылған есепте.
Құқық қорғау ұйымы Еуропа мен Еуразияда "антидемократиялық бетбұрыстар" көп болғанын, кейбір елдердің лидерлері билікте қалу үшін демократия институттарын бұзып жатқанын жазады. Венгрия мен Польша Еуропа одағындағы демократиясы ең қатты төмендеген ел ретінде көрсетілген. Екі елде де "кейінгі он жылда жағдай қатты нашарлаған".
Freedom House "есепке енген елдердің көбінде демократия жағдайы он жылмен салыстырғанда төмендеп кетті" деп жазады. Ұйым Ресей мен Беларусьте репрессияның күшейгенін атап өткен.
"Беларусьтің демократия үшін наразылыққа шыққандарды басып-жаншуы, Кремльдің оппозиция лидері Алексей Навальный мен жемқорлықпен күрескен белсенділерге қастандық жасауы, Ресейдің Украинамен шекара маңына әскер шоғырландыруы бұл екі режимнің билік үшін неге болса баратынын көрсетеді" деп жазылған есепте.
"2018 жылғы революциядан бері алғаш рет" Арменияның да демократия рейтингі төмендеген. Ұйым "Қырғызстан қазіргі президент Садыр Жапаров тұсында авторитарлық басқаруға үлкен бетбұрыс жасады" дейді. Бұған дейін Қырғызстан демократия бойынша үлкен прогреске жеткен ел ретінде сипатталатын.
Freedom House Өзбекстан мен Солтүстік Македонияда "үміт белгілері байқалады" дейді. Ұйымның есебінше, екі елде демократияға бетбұрыс нышандары бар.
АҚШ-та орналасқан ұйым Еуропа мен Еуразияда "демократияның жалпы жағдайы" 17 жыл бойы төмендеп келе жатқанын айтады. Freedom House ұйымының Еуропа және Еуразия бойынша зерттеушісі Желике Чаки
«Авторитаризм — ұлттық мәселе ғана емес, бұл бүкіл аймаққа, тіпті құрлыққа кең тарайтын мәселе. Еуропалық демократия мен азаматтық қоғам топтары бірігіп, авторитаризм күш алып бара жатқан елдердегі демократиялық топтарды қолдауы тиіс" дейді.