Accessibility links

"Адам құқығының жайына алаңдаймыз". Еуропарламент депутаты Хейди Хауталамен сұхбат


Еуропарламент вице-президенті әрі депутаты Хейди Хаутала.
Еуропарламент вице-президенті әрі депутаты Хейди Хаутала.

Осы аптада Еуропарламент қабылдаған қарарда депутаттар Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы айтарлықтай нашарлағанын мәлімдеп, құқық бұзуға қатысы бар лауазымды тұлғаларға санкция салуға үндеді. Еуропарламент вице-президенті Хейди Хаутала осы қарарды қолдап дауыс берген көп депутаттың бірі. Азаттыққа берген сұхбатында Хейди Хаутала Еуропарламент қарары мен оған Қазақстанның реакциясы, санкция салу ықтималдығы туралы айтты.

ЕУРОПАРЛАМЕНТ ҚАРАРЫНА НҰР-СҰЛТАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ТУРАЛЫ

Азаттық: Еуропарламент қарарына реакция білдірген Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл құжатты "теріс ұстанымдағы саясаткерлер" ұсынғанын айтып, оның мәтіні "тексерілмеген ақпаратқа" негізделген және "елдегі ахуалды бұрмалайды" деп мәлімдеді. Бұл туралы не ойлайсыз?

Хейди Хаутала: Қазақстан үкіметі Еуропадағы және батыстың басқа елдеріндегі беделіне өте мұқият қарап келгенін білемін. Олар Совет одағы тарағалы ондаған жыл уақыт өткеніне қарамастан, адам құқықтары, заң үстемдігі, демократия құндылықтары, сайлау өткізу жөніндегі стандарттарды жақсарту бойынша әлі де бітпеген шаруа көп екенін елемеуге тырысып отырған сияқты.

Еуропарламент ай сайын пленарлық отырысында адам құқықтары бойынша бірнеше қарар қабылдайды. Фактілер тексеріліп, барлық қарар басым дауыспен қабылданады. Сондықтан біз өзіміз қабылдаған құжат үшін жауап беруге дайынбыз.

Бұл қарардың артында ешқандай агрессив күш тұрған жоқ. Бар болғаны, біз үшін маңызды әріптес мемлекеттегі адам құқықтары, заң үстемдігі мен демократия стандарттарына байланысты қалыптасқан жағдайға алаңдаймыз.

Азаттық: Адам құқықтарының бұзылғаны туралы деректер қалай жиналатыны, Еуропарламент қандай ақпарат көздеріне жүгінетіні туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?

Хейди Хаутала: Біз үнемі бірнеше ақпарат көзін пайдаланамыз. Негізінен саяси топтардың бәрі қарар қабылдайды. Сондықтан дипломаттар, азаматтық қоғам, журналистер, құқық қорғау ұйымдары сияқты ақпарат көзі өте көп, оған күмәніңіз болмасын. Депутаттардың көбі [елде болып жатқан оқиғалар туралы] әлеуметтік желіден біліп, Қазақстанда үкіметті сынап, еркін пікір білдіру құқығын пайдаланған азаматтарға "экстремист", тіпті, "террорист" деген жала жабылатынын естіп, көріп отыр.

Оппозицияның үкіметті еркін сынау мүмкіндігі кез келген демократиялы елде қалыпты тәжірибе саналады.

[Деректердің нақтылығына келсек], [осындай сынды] [Қазақстан билігінен] тікелей естісек дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сонда олардың сынына жауап берер едік. Бірақ қарардың артында ешқандай манипуляция мен теріс пиғыл жоқ деп нақты айтуға болады. Сондықтан біз "жалған ақпарат" пен "нақты емес деректер" туралы кез келген айыптауға қарсы жауап бере аламыз. Осыған дейін айтқанымдай, біз деректерді жай ғана көшіріп қоя салмаймыз, мұқият тексеріп алған соң ғана пайдаланамыз.

ЕУРОПАРЛАМЕНТТІҢ "ДҰРЫС ҰСТАНЫМДАҒЫ" ДЕПУТАТТАРЫ ЖӘНЕ САНКЦИЯЛАР ЖАЙЛЫ

Азаттық: Қазақстан билігі қарар қабылданғаннан кейін Еуропарламент депутаттарымен кездесу өткізбек болды деген ақпарат шықты. Шынымен солай болды ма?

Хейди Хаутала: Маған олардың Еуропарламентте тұрақты ақпарат жеткізіп тұратын, өздері "дұрыс ұстанымдағы" тұлғалар деп санап, араласатын адамдары бар сияқты көрінді. Бірақ Қазақстан билігіне елдегі адам құқықтары стандарттарын сынайтын тұлғалармен де араласып тұруға кеңес беремін. Өйткені адам құқықтарының жағдайына байланысты ескерту жасау дұрыс емес деп есептейтін тұлғалармен ғана араласу күдік туғызады.

Азаттық: Қарарды депутаттардың бәрі бірдей қолдаған жоқ, құжатқа қарсы шыққандар да болды. Олар "Еуроодақ тарапынан "импералистік қысым" жасалып отыр" деп, "Еуропарламент неге Қазақстан үкіметіне не істеу керегі жайлы жөн айтады?" деген сұрақ қойды. Неге дәл осындай қысым жасалуы керек деп ойлайсыз? Бұл шаралар шынымен жағдайды жақсартуға көмектесе ала ма?

Хейди Хаутала: Адам құқықтарының жағдайы ешқашан белгілі бір елдің ішкі мәселесі болмауы керек деп есептеймін. Талқылау ашық жүргені дұрыс. Бұл жерде қайдағы бір мемлекет туралы сөз қозғап отырған жоқпыз. Еуропа одағының ерекше серіктесі, Орталық Азия өңіріндегі маңызды мемлекет саналатын Қазақстан туралы айтып отырмыз. Көршілес Өзбекстанның [президент Ислам] Каримов қайтыс болғаннан кейін демократияға бет бұра бастағанын, бірақ Қазақстанда мұндай тенденция байқалмайтынын көру өкінішті. Қазақстанда да демократиялық өзгерістер болғанын қалаймын. Осы тұста Еуропарламенттегі саяси топтар 11 ақпанда дауысқа қойылған қарарды дайындау туралы шешімге келген күні бірнеше минут не сағаттан кейін Қазақстаннан "үкіметтік емес ұйымдардың мәселесіне қатысты оң өзгерістер бар" (Қазақстандағы құқық қорғау саласындағы бірнеше ұйым салық органдары тарапынан қысымға ұшыраған – ред.) деген хабар келгенін атап өткен жөн.

Еуропарламент ғимараты. Брюссель, Бельгия, 14 ақпан 2018 жыл.
Еуропарламент ғимараты. Брюссель, Бельгия, 14 ақпан 2018 жыл.

Әрине, біз "азаматтық қоғам үкіметке бейбіт қысым жасай алады" деген тұжырымды қолдайтын, адам құқықтары мен демократия бағытында жасалған кез келген оң қадамдар мен өзгерістерге қуанамыз.

Қазір осының жарқын мысалын көріп отырған сияқтымыз. Мұндай қарарлардың шынымен ықпалы болса керек, өйткені Қазақстан белсенді реакция білдіріп отыр. Олар мұны біздің Қазақстаннан үміт күтіп отырғанымызды білдіретін ескерту деп қабылдағанын қалаймын. Қазақстанның Еуропа одағымен ұзақ уақыт бойы талқыланған реформаларды жүзеге асыруға қауқары жетеді. Еуропарламент басым дауыспен қарар қабылдағаннан кейін Қазақстандағы дипломаттарымыз [адам құқықтарына байланысты] жағдайды талқылауды жалғастырады деп үміттенемін. Еуроодақтың Қазақстандағы дипломаттары мен қысым көріп отырған азаматтық қоғам өкілдері арасындағы байланыс нығаяды деп күтемін. Сондықтан мұндай қарарлардың ықпалы бар деп ойлаймыз.

Азаттық: Қарар қабылданардан бұрын болған пікірталас кезінде сіз Қазақстандағы билік транзитінен кейін елде реформа жүреді деп үміттенгеніңізді айттыңыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы жеке санкция салуға үндедіңіз. Ондай шара не үшін керек деп ойлайсыз?

Хейди Хаутала: Еуропа одағы желтоқсанда әлемнің кез келген жеріндегі адам құқықтарын бұзу фактілерін жоюға көмектесетін санкциялардың жаңа режимін енгізді. Қазақстан – парламенттің осындай санкциялар салынуы мүмкін деген тізіміне енген алғашқы мемлекет емес. Пікірталас кезінде азаматтық қоғам мен құқық қорғаушыларды қудалауға президент Тоқаев жауапты деген пікір айттым. Өйткені Орталық Азиядағы басқа режимдер сияқты Қазақстан да президент билігі басым мемлекетке жатады. Сондықтан халықаралық қауымдастық үндеп отырған реформалар жүргізуге президенттің өзі тікелей жауапты.

БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ

Азаттық: Қарар кең көлемдегі тақырыптарды қамтиды. Құжатта әртүрлі белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар мен қысымға ұшыраған басқа да бірлестіктер аталған. Бірақ олардың арасында Әлнұр Ильяшев, Айгүл Өтепова, Әсия Төлесованың ісі, 10 қаңтарда өткен парламент сайлауы кезінде белсенділер тобына қарсы кеттлинг әдісін қолдану фактілері туралы ештеңе айтылмайды. Неге бұл оқиғалар қарарға енбей қалды?

Хейди Хаутала: Мұндай қарарлар шолудың бір түріне жатады. Олар "бір сәттік суреттер" сияқты. Біз оларды "жедел құжаттар" деп атаймыз, өйткені мұндай қарарлар бірнеше ай бойы дайындалмайды. Сондықтан өкінішке қарай, кей оқиғалар назардан тыс қалады. Бірақ аталған есімдерді мәтінге қосу арқылы бұл адамдардың және осындай жағдайға түскен, қысымға ұшырап, ойдан құрастырылған істер бойынша тұтқынға алынып, сотқа тартылған өзге де азаматтардың ақталып, саяси тұтқындардың босатылғанын қалайтынымызды айттық.

Жалпы алғанда, қарар сіз айтқан оқиғаларға қатысты дайындалған. Тізімге барлық азаматтың есімін қоса алмайтынымыз өкінішті. Өйткені тізім үнемі өзгеріп отыратынын білеміз. Сіз айтқан оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдіріп отырғанымызға сенсеңіз болады. Бұл есімдерді Қазақстан билігімен талқылау кезінде атауға болады деп ойлаймын. Олар Еуропарламент мүшелерімен "ұстанымына" қарамастан талқылау жүргізуді қалап отырған сыңайлы деп түсіндім. Өз позицияңды барынша көп адамның алдында айтқан дұрыс деп есептеймін. Сол кезде шынайы пікір алмасу болады. Бұл қарардан фактологиялық қате тапқан жоқпыз. "Экстремистік және террористік ұйым" деген ұғымға қатысты саяси қайшылықтар болуы мүмкін. Бұл тақырыпқа келгенде, Қазақстан үкіметі белгілі бір ұйымдарды "экстремистік", тіпті, "террористік" деп танып, негізсіз жала жауып отыр деп санаймыз.

Азаттық: 2011 жылдан бері жеке сайтыңызда Қазақстан билігін адам құқықтарына қатысы бар мәселелерді шешуге үндеп келесіз. Осыған дейін басқа да кеңестер қамтылған қарарлар болды. Ал бұл жолғы қарардың ерекшелігі неде?

Хейди Хаутала: 10 қаңтарда өткен [парламент] сайлауы туралы пікірлерді естідік. Бізді бұл сайлаудың халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай өтпегені алаңдатады. Сайлау өткенше күте тұруды жөн көрдік, өйткені сайлауға араласқымыз келмеді. Біз біраз уақыт күтіп, жағдайға араласпаймыз. Бірақ енді қарарға 10 қаңтарда [оған дейінгі және кейінгі] болған оқиғалар кірді. Сайлау аяқталды, сондықтан [қарар қабылдайтын] уақыт жетті деп шештік.

Азаттық: Жоғарыда айтылғандарға алып-қосарыңыз бар ма?

Хейди Хаутала: Бұл қарар парламент пен қазақстандық дипломаттар, үкіметтік шенеуніктер (олардың бірқатары осында, Брюссельде жүр) арасында бірнеше тақырып бойынша талқылау бастауға көмектеседі, біздің дипломаттар Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерімен көбірек кездесу өткізеді деп үміттенемін.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG