Осы аптада шетел басылымдары Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі деген Алматы әуежайының түрік компаниясына сатылғанын хабарлады. Бұған қоса Қытайдың Орталық Азияға әскери ықпалының артқаны, мұның Қазақстанның копвекторлы сыртқы саясатына қауіп төндіруі мүмкін екені айтылды. Сонымен бірге шетел журналисі Жаңаөзен оқиғасы туралы романның авторымен сұхбаттасты.
АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫ 365 МЛН ДОЛЛАРҒА САТЫЛДЫ
Түркияның TAV Aiports холдингі Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматының әуежайын сатып алу процедурасын аяқтады, сөйтіп әуежай акцияларының 85 пайызы түрік компаниясының қарамағына өтті. Ал акциялардың қалған бөлігі мемлекеттік Қазақстан инфрақұрылым қорының қолында қалды.
"Коронавирус пандемиясына қарамастан, мәміле жүзеге асты. Әлемдегі жолаушы тасымалы азайғандықтан, бұрын келісілген 415 млн доллар сатып алу құны 365 млн долларға өзгерді. Жолаушы тасымалы пандемияның алдындағы деңгейге шыққан жағдайда консорциум алдағы жылдары қосымша 50 млн доллар төлемек" деп жазды бизнес жаңалықтарын жазатын BNE Intellinews сайты хабарлады.
Басылымның жазуынша, бұл – Қазақстандағы ресурстан басқа секторға салынған ең ауқымды шетелдік тікелей инвестицияның бірі, себебі "ол 600 млн доллар шетел капиталын және Қазақстанның ең басты инфрақұрылымдық активіне әуежай менеджментінің әлемдік деңгейдегі мамандарын алып келеді" делінген материалда.
Жаңа жоба бойынша, әуежайдың жолаушы тасымалдау мүмкіндігі екі есе артуы тиіс.
Алматы әуежайы 2019 жылы 6,4 миллион адамға қызмет көрсетіпті, бұл алдыңғы жылдан 13 пайызға артық. Тіпті пандемия келген 2020 жылы да әуежай 3,6 млн жолаушы тасымалдап, жылды пайдамен аяқтаған.
TAV әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жаңа халықаралық терминал салып, қазіргі ішкі терминалды модернизацияламақ. Соның арқасында әуежай жылына 14 миллионға дейін жолаушы тасымалдау деңгейіне жетпек.
Алматы әуежайының акциясын 2011 жылы Нидерланд елінің Venus Airport Investments B.V компаниясы сатып алып, содан бері қызмет көрсетіп келген. Қазақстандық Forbes журналы былтыр қарашада бұл компанияның негізгі иесі – президентіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билігін сақтап қалған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын сингапурлік Steppe Capital Pte. Ltd екенін жазған.
Forbes Kazakhstan рейтингінде Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаеваның әрқайсысының байлығы 2,8 миллиард доллар деп есептелген. Олар Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде 2-3 орындарда тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлыбаевтар, Өтемұратов, Ким және 3 дебютант. Forbes тізіміндегі Қазақстан байларыЖурнал былтыр болған бұл оқиғаны "Қазақстандағы жылдың ең үлкен мәмілесі" деп атаған.
Forbes-тің жазуынша, әуежайды Құлыбаевтың компаниясы 2011 жылы бизнесмен Кеңес Рақышевтің SAT & Company компаниясынан сатып алған. Рақышев – Қазақстандағы бұрынғы ірі шенеуніктердің бірі, премьер-министр, Атырау облысы мен Алматы қаласының әкімі әрі Ресейдегі елші қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы.
Forbes Kazakhstan жасаған рейтингке сенсек, Кеңес Рақышев 2020 жылы Қазақстанның ең бай адамдары қатарында 6-орын алған, оның байлығы 890 млн долларға бағаланған.
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСКЕРИ ЫҚПАЛЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан барлық тарапты қанағаттандыратын "прагматик сыртқы саясат" жүргізудің арқасында үлкен державалармен арада тепе-теңдікті сақтап, "көлемі орташа елдерге үлгі болып келді". Бірақ аймақта күштер арасалмағы өзгеріп, бұл теңдік бұзылуы мүмкін. Оның үстіне Әзербайжан мен Өзбекстан да Қазақстанның аймақтағы жетекші статусына қатер төндіре бастады. Америкалық Foreign Policy журналында жарық көрген талдау мақалада осындай тұжырым жасалады.
Мақала авторлары – Қазақстан халықаралық қатынастар кеңесінің атқарушы директоры Ескендір Ақылбаев пен Oxford Political Review басылымының редакторы Брайан Вонгтың айтуынша, Ресей мен Қытай осыған дейін Орталық Азияда қалыптасқан "еңбек бөлінісі" негізінде әрекет етіп келді, яғни ядролық қаруы мен әскери технологиясы бар Ресей аймақтағы қауіпсіздік кепілі болса, Пекин "өңірде экономикалық байланыстары мен мүдделерін нығайтуға ұмтылды".
"Бірақ Қытай аймақтағы қауіпсіздік саясатына бұрынғыдан батыл араласа бастағалы бұл статус-квоға қауіп төнді" деп жазады FP. Оған дәлел – Қытай Тәжікстанмен тәжік-ауған шекарасын бақылауға мүмкіндік беретін террормен күрес келісіміне қол қойды және Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстанмен бірігіп, террормен күрестегі ынтымақтастық ұйымын құрды, оның штаб-пәтері Қытайдың Шыңжаң аймағының орталығы – Үрімжі қаласында орналасқан.
Оның үстіне, Пекин "аймақтағы қару нарығында айрықша рөл ойнай бастады". Ал "бұл ықпал сферасы дәстүр бойынша Ресейге тиесілі еді". Авторлардың айтуынша, соңғы сегіз жылда Қытайдың аймақтағы елдерге жөнелтетін қару көлемі артқан. Оның ішінде Қазақстанға 3,2 миллион доллардың ауыр жүк мәшинесін және 30 тіркеме сыйлаған және сегіз Y-8 ұшағын сатқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың жекеменшік әскері һәм "саяси тұрақсыздық қаупі"Журналдың жазуына қарағанда, аймақтың әскери техникасындағы Қытайдың үлесі 2010-2014 жылдары 1,5 пайыз болса, 2014-2020 жылдары 18 пайызға өскен.
"Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтері Қытайдан да, Ресейден де экономикалық жәрдем алып отырды, бұған қоса олар көршілерінің геосаяси амбицияларын тежеу үшін Батыспен де тығыз қарым-қатынаста болуға тырысты" деп жазады басылым.
"Алайда Тоқаевтың болашақ жетістігі Қазақстанның аймақтық мәртебесіне қызығып жүрген елдерге байланысты болмақ. Ресей мен Түркия арасындағы балама көпір болуға ұмтылған Әзербайжан Қазақстанның қолдауына көбірек сүйенгісі келеді, ал Қытай аймақтағы сенімдірек әріптес ретінде Өзбекстанға көбірек көз тіге бастады" деп жазады FP.
Авторлардың жазуынша, Қытай мен Ресейдің мүдделері "вакцина дипломатиясы" кезінде Қазақстанда "қақтығысқа түскен", себебі "Қазақстанның вакциналау бағдарламасында Ресейдің "Спутник V" екпе үстемдік етіп тұр".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вакцина мен бедел соғысы. Пекинге сенуге бола ма?Авторлардың айтуынша, Ресей мен Қытай аймақтағы әскери гегемония үшін бәсекені күшейтіп, Америка–Қытай қарым-қатынасы нашарлаған сайын "Азия Женевасы" болғысы келетін Қазақстанның "бейтарап тепе-теңдігі" сынға түспек.
"Сенімді серік екеніңді бір тарапқа дәлелдеудің өзі оңай емес. Өзара дүрдараз түрлі тараптарға сенімді әріптес екеніңді дәлелдеу қиынның қиыны" деп жазады сарапшылар.
Авторлар Ресей мен Қытай қосылмайтын аймақтық шағын ұйымдарға бірігудің осындайда маңызды екенін айтады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің басын қосатын аймақтық құрылым қалыптастыру қажет дейді олар.
"ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЙТЫЛМАЙТЫН ҚАСІРЕТІ". ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ КІТАП АВТОРЫМЕН СҰХБАТ
OpenDemocracy платформасы 2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиғаның негізінде жазылған "Қоңыз" романының авторы Ырысбек Дәбеймен сұхбат құрған. Тілші ағылшынтілді оқырманды романмен және "тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қанды оқиғамен" таныстырып, оның неліктен әлі күнге жабық тақырып саналатынын түсіндіреді.
"Дәбейдің екінші романы – "Қоңыз" мұнайшылар мен олрдың Жаңаөзендегі қиындық пен қорлыққа толы өмірі жайында сыр шертеді. Реализм қазақ фольклорынан алынған мотивтермен және кейіпкерлермен араластырылып, белгілі болған жайттар ұзақ тарихтың өн бойындағы "оқиғалар" ретінде тізбектеледі" деп жазады автор.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жаңаөзен оқиғасы - жабық тақырып емес, әлі талай шығарма жазылар"2001 жылы Қытайдан атамекені - Қазақстанға қоныс аударған қазақ Ырысбек Дәбей цензураға қарамастан, Қытайда мұндай қасіретті оқиғалар көркем шығарма түрінде шығып жататынын айтады. Ақын, жазушы Дәбей Жаңаөзен оқиғасы жайлы көп ойға батып, көркем туынды жазуды жөн көрген.
Жаңаөзен оқиғасы
2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, орталық алаңда бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан болатын. Жаңаөзендіктерге Шетпе станциясы тұрғындары да қолдау білдіріп, поезд жолын жауып, оқ атуды тоқтатуды талап еткен еді. Ресми дерек бойынша, ереуілді күшпен тарату кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Мұнайшылар жиынына мүлдем қатысы жоқ бірнеше жергілікті тұрғын да полиция қолынан оққа ұшқан. Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицеріне бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.
"Бірақ "Қоңыз" - деректі шығарма емес. Оны әдеттегі әлеуметтік прозадан ерекшелеп тұрған элементтерінің бірі – оған Батыс Қазақстанның эпостық жырларының ықпалы бар. 1930 жылдардың басындағы советтің кәмпескелеуі мен 1937 жылғы қуғын-сүргін арасындағы жағдайды суреттейтін "Көкмойнақтың үйірі" ("Адай тағдыры" деген атпен де белгілі) атты жергілікті жырды пайдаландым. Меніңше сол қуғын-сүргін мен қазіргі замандағы қанды оқиғалардың арасында параллель жүргізуге болады" дейді Ырысбек Дәбей.
Жазушы шығарманы жазу үшін Маңғыстауға бірнеше рет барып, оқиғадан жапа шеккендермен тілдескен. Жамбас сүйегінің бір бөлігінен, көзінен, аузының үстіңгі бөлігінен, жағынан айырылған адамдармен кездескен ол "Жұмысты жазу барысындағы ең ауыр кезең осы болды" дейді.
Ырысбек Дәбей түрмеде жатқан кезінде соққы жеп, кейіннен ауыр науқасқа шалдыққан Мақсат Досмағамбетовпен де кездескен. Қатерлі ісікке шалдыққан оның бет сүйегі мен мұрнын операциямен алып тастаған. Досмағамбетов 2018 жылы қыркүйекте дүниеден өтті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мұнайшыны еске алушылар азаптауды айыптады
"Романды жазам ба, жазбаймын ба деген соңғы күмәнімді сейілткен сәт осы болды: мұнайшылардың жан азабын көрдім, олардың өз елінде, өз жерінде полицияның қолынан жарақат алып жатқаны ақылға сыймайтын еді" дейді жазушы Ырысбек Дәбей.
Роман негізінен 2011 жылғы 16 желтоқсандағы оқиғаларды суреттеуге арналғанымен, бұл трагедияның түпкі себептеріне үңілуге мүмкіндік береді.
"Ең алдымен қантөгістің себептеріне үңілуге тырыстым. Басты себептер – білім, денсаулық сияқты салалардағы бұрыннан келе жатқан әлеуметтік проблемалар және қауіпсіздік қызметіндегі жағдай" дейді Дәбей.
Автордың айтуынша, оқырмандар арасында "Осындай оқиғалар қазіргі Қазақстанда шынымен болды ма?" деп сұрағандар да болған. Жаңаөзен оқиғасынан мүлде хабары жоқ адамдар да табылған. Кітап әдеби газет-журналдардың ешқайсысында, бірде-бір телеарнада талқыланбаған. Екі баспахана "Қоңызды" басудан бас тартқан.