Израиль Газа секторына әуе шабуылын "жалғастыра бермек". Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал қандай?

Израиль Газа секторында халықаралық медиалар отырған ғимарат қиратты. 15 мамыр 2021 жыл.

Израиль премьер-министрі Бенжамин Нетаньяху палестиналық топтарға қарсы операция "қажет болса жалғаса беретінін" айтты. АҚШ пен БҰҰ Израильді шабуылды тоқтатуға шақырды.

15-16 МАМЫРДА НЕ БОЛДЫ?

15 мамырда Израиль Газа секторын бақылауда ұстап отырған ХАМАС исламистік тобының басшылары мен командирларына көздеп, әуе шабуылын жасаған.

"Жердің астына да, үстіне де жасырына алмайсыңдар. Ешкім сақтандырылмаған" деді Нетаньяху 16 мамырда телеарна арқылы. Ол Израильдің ХАМАС тобына қарсы атқылауын "әділ операция" деп санайды.

Палестиналық топтар жауап ретінде Тель-Авивке қарай ракета атқылады. Израильдің өз ішіндегі қалаларда еврейлер мен арабтардың қақтығысы да жалғасып жатыр.

Израиль мен палестиналықтардың иелігіндегі жерлер

16 мамырда Израиль әскерилері ХАМАС тобының саяси қанатының жетекшісі Яхья Синуар мен оның жақыны Мұхаммад Синуардың Газа секторындағы үйлеріне әуеден шабуыл жасалғанын хабарлады, бірақ Синуарлардың өлі-тірісі жайлы ештеңе айтпады.

15 мамырда Израиль әуе шабуылы кезінде Газада халықаралық медиалар – AP агенттігі мен Al-Jazeera телеарнасы отырған көп қабатты ғимаратты да қиратты. Израиль ғимаратты ХАМАС тобының әскерилері пайдаланған деп санайды. Әскерилер шабуыл жасалар алдында медиа өкілдеріне ескерткен, сондықтан олар жұмыс орнынан шығып үлгерген.

Екі тарап арасындағы қақтығыс 10 мамырдан бері жалғасып келеді. Сол уақыттан бері палестиналық тарап Газа секторында 145 адам қаза тауып, 1100 адам жараланғанын хабарлады. Опат болғандар арасында 41 бала бар. Израиль 10 адам мерт болғанын мәлімдеді, олардың екеуі – бала.

ВВС сайтының хабарлауынша, әуе шабуылынан Газа қаласындағы босқындар лагерінде бір әулеттің он мүшесі көз жұмған. Бес айлық Омар әл-Хадиди ғана аман қалған.

Әуе шабуылынан қалған бес айлық Омар. Газа, 15 мамыр 2021 жыл.

Оның анасы, төрт туған аға-әпкесі мен төрт туысқаны мерт болған. Әкесі бомба түскенде үйде болмаған. Дәрігерлер "бес айлық Омардың халі ауыр" дейді.

Израильдің мәліметінше, палестиналық әскери топтар 10 мамырдан бері Израиль қалалары мен елдімекендеріне кемі 2300 ракета атқылаған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Газадағы қақтығыстан көп бейбіт тұрғынның қаза тапқанына, халықаралық медиа ғимаратының қиратылғанына алаңдаушылық білдірді.

Бүгін, 16 мамырда БҰҰ Газа секторындағы қақтығысты талқылауы тиіс. Гуттериш екі тарапты бейбіт тұрғындар мен халықаралық медиаларға шабуыл жасамауға шақырған.

Газа секторында үйінді астында қалғандарды құтқару. 16 мамыр 2021 жыл.


15 мамырда АҚШ президенті Джо Байден Нетаньяху мен Палестина президенті Махмуд Аббаспен сөйлесіп, қақтығысты тоқтатуға шақырған.

Байден Нетаньяхумен сөйлескенде қақтығыстың ушыққанына "қатты алаңдап", журналистердің қауіпсіздігін де алаңдаушылық білдірген. Бұған қоса, Израильдегі қалалар мен елдімекендерге шабуылды айыптаған.

Ақ үйдің мәліметінше, Байден Нетаньяхумен әңгімеде қақтығысты тоқтату үшін аймақтағы серіктестерімен "жоғары деңгейде" талқылау жүргізетінін айтқан.

Ал Аббаспен сөйлескенде екі елдің құрылымы бойынша шешімге АҚШ дипломатиялық қолдау көрсететінін жеткізген.

Байден Аббасқа Вашингтон АҚШ-Палестина қарым-қатынасын нығайтуға дайын екенін, бірақ "ХАМАС тобы Израильге ракета атқылауды тоқтату керегін" айтқан.

Газа секторынан атылған ракета қиратқан ғимарат. Тел Авив, Израиль. 15 мамыр 2021 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, 16 мамырда Байденнің өкілі Хади Амр Израиль лидерлерімен келіссөз жүргізіп, одан кейін палестиналық ресми өкілдермен кездеспек. Бұл кездесуде қақтығысты тоқтату және одан әрі болдырмау мәселесі талқыланбақ.

ҚАҚТЫҒЫСҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

Аймақтағы жағдай мамырдың басында ушықты. Израиль Шығыс Иерусалимде бірнеше араб отбасын басқа жаққа көшіруді ойластырып, сот бастаған. Бұл палестиналықтардың ашуына тиді. 7 мамырда жұма намазынан шыққан жұрт полицияға тас, бөтелке, арматура лақтыра бастады.

Кейін полиция бұл жанжалды тоқтатамыз деп Храм тауына кіреберісті жауып, мұсылмандарға шектеу қойды. Палестиналық басылымдар израильдіктер мұсылмандарды тарату үшін резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданғанын хабарлады. Артынша полиция Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіріп, жұртты күштеп шығара бастаған.

Палестиналықтарды басқа жаққа көшіру ісі бойынша сот шешімі кейінге қалғанымен, қақтығыс тоқтамады.

ХАМАС тобы Газа секторын бақылап отыр. Бұл ұйымды бірнеше ел террорлық ұйым деп таныған. Оны террорлық ұйым деп санамайтын елдер де бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Израиль Газаға шабуылын үдетті, қаза тапқандар мен жараланғандар барИзраиль ХАМАС тобына қарсы ірі операция ұйымдастырып, 40 минутта 150 нысанды атқыладыИзраиль Газа секторын бомбалады, палестиналықтар ракета атқыладыИзраиль мен палестиналықтар қақтығысы күшейді. Иерусалимде не болып жатыр?