Путин журналистің "Сіз қанішерсіз бе?" деген сауалына жауап берді

Ресей президенті Владимир Путин

NBC телеарнасына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин Кремльдің кісі өлтіруге қатысы бар деген айыптарға көзқарасын айтты. Британ журналисі АҚШ президенті Джо Байденмен сұхбатты еске түсіріп, Путинге "Президент мырза, сіз қанішерсіз бе?" деген сауалды төтесінен қойды.

"Қызметке келгелі әр тараптан, түрлі саладан, түрлі себеппен жасалған айыптауларға, ауқымы мен қарқыны әркелкі шабуылдарға етім үйренген. Бұл мені таңқалдырмайды" деді күлкісін жасырмаған Путин. Оның айтуынша, бұлай айыптау – "АҚШ мәдениетінің" бір бөлігі.

Бұдан соң журналист сұраққа нақты жауап берілмегенін ескертті. Путин әсіресе "Солтүстік Кавказдағы терроризммен күрес кезінде" мұндай айыптауды көп естігенін айтты. Ресей президенті үнемі өз халқының мүддесі үшін жұмыс істейтінін ескертті.

Содан соң жүргізуші Путин билікте болған кезде Ресейде Анна Политковскаяның, федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың, қаржы аудиторы Сергей Магнитскийдің, саясаткер Борис Немцовтың және президенттің бұрынғы кеңесшісі Михаил Лесиннің қаза тапқанын еске салды.

"Дөрекі көрінгім келмейді, бірақ мұның бәрі қорытпай қалған асқазан сияқты, қорытылмай қалған сөз сияқты көрінеді. Кезінде түрлі себеппен, әркелкі жағдайда, түрлі адамдардың кесірінен жапа шегіп, қаза тапқан адамдарды атадыңыз" деген Путин Ресей билігі бұл өлімдерге қатысы бар қылмыскерлерді тапқанын айтты және бұл бағытта жұмыс істей беретініне сендірді.

  • Биыл 17 наурызда ABC арнасына берген сұхбатында "Путинді "қанішер" деп санайсыз ба?" деген журналист сұрағына АҚШ президенті Джо Байден "иә" деп жауап берген.
  • Байденнің бұл сөзі Ресейде көп пікір тудырды, жоғары лауазымды тұлғалар АҚШ президентінің атына қатты сын айтты. Ал Ресей сыртқы істер министрлігі Вашингтондағы елшісін кеңесу үшін кері шақырып алды, бірақ бұл әрекеттің "қанішер" деген мәлімдемемен қатысы бар-жоғын ашық айтпады. Байденнің сөзіне қатысты пікір айтқан Путин АҚШ президентіне зор денсаулық тілеп, "Біреуді даттаған адамның өзі сондай" деген балалар қағытпасын еске салды.
  • Кейін Путин Байденмен "іс жүзінде тікелей эфирде, онлайн" сөйлесуге әзірмін деп наурыз айындағы нақты күндерді атаған, ал АҚШ президенті "әйтеуір бір уақытта" міндетті түрде сөйлесетінін айтты.
  • Сәуірдің ортасында Байден мен Путин телефон арқылы сөйлесті. Сол сұхбат кезінде АҚШ президенті бейтарап аймақта кездесіп, екіжақты қарым-қатынас мәселесін талқылауға шақырды. Президенттер 16 маусымда Женевада кездеседі деп жоспарланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚШ-тың жаңа санкцияларының Ресейге әсері қандай болмақ? "Санкциялар мен өткір мәлімдемелер сайысы". Байден келгелі үш держава арасы не болып жатыр?Ақ үй: Байден мен Путин 16 маусымда Женевада кездеседі