14 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 сотында биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен саяси белсенді Жанболат Мамай арасындағы дау бойынша негізгі сот процесі басталды. Осыған дейін шенеунік Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру" бабы бойынша сотқа шағым түсірген еді. Жауапкер жақ шағыммен келіспейді. Дүйсенбі күні Мамайдың адвокаты "шағым беруші жаққа жақтасты" деп мәлімдеп, судьяны ауыстыру туралы өтініш жасады. Сотта шағын үзіліс жарияланды.
Соттың алғашқы отырысында Жанболат Мамай мен оның адвокаты Ерлан Қалиев Алматы қаласы коронавирус бойынша "жасыл аймаққа" өткендіктен сотты офлайн режимде өткізуді ұсынды. Олардың айтуынша, онлайн сотта дауыс сапасы өте нашар.
Одан бөлек, қорғау тарабы сотқа Бауыржан Байбектің туыстарын куәгер ретінде шақыруды сұрады. Олардың түсіндіруінше, "іске қатысы бар құжаттарда Байбектің әкесі, қарындасы, әйелінің туыстарының аты аталады".
"Және Байбектің өзі де процеске келуі тиіс. Себебі, басты жауапкер – сол. Оның адвокаты Алматы қаласының әкімі болған жоқ" деді Жанболат Мамай.
Ал судья Райхан Сартаева бұл өтініштердің ешқайсысын қанағаттандырған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мамаймен соттасып жатқан Байбек: 40 күн өтті, дәлел ретінде бірде-бір құжат көрсетпедіБұған дейін "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "сотқа адвокатым қатысып жатыр, қажетті құжаттардың барлығын бердім, Мамай мырза сөзіне дәлел ретінде бірде-бір құжат ұсынған жоқ" деп мәлімдеген еді.
Ал Жанболат Мамай сотқа Байбектің "жемқорлық әрекеттерін әшкерелейтін" 2 мың беттен құралған құжаттарды өткізгенін хабарлаған. Кейінірек Байбек жағы "құжаттардың 90 пайызының іске қатысы жоғын" алға тартқан.
14 маусымда адвокат Ерлан Қалиев Алматы қаласының туризм және спорт басқармасының өкілін "заңсыз жер үлестіру мәселесі" бойынша куәгер ретінде шақыруды да сұрады.
"Біз сотқа туризм және спорт министрлігінің жерді (5,5 га) алуға "ешқандай қатысымыз жоқ" деген хатын да жолдадық. Олар ол жерге ешқандай құрылыс салуды жоспарлап та отырған жоқ. Сонда бұл қалай болғаны? Министрліктің Алматыдағы бөлімшесі министрлікпен келіспей, әкімнің айтқанын істеген бе?" деді Ерлан Қалиев.
Ал судья Райхан Сартаева "сіз жаңа ғана талапкердің іс материалдарымен танысқаннан кейінгі пікірін тыңдадыңыз ғой?" деп сұраққа сұрақпен жауап берді.
Ерлан Қалиев "Құрметті сот, бұл жерде кім шешеді? Сіз бе әлде шағым беруші жақ па? Мен өтінішті өкілге емес, сізге – сотқа түсіріп отырмін. Сіз ашықтан-ашық бір тарапқа жақтасып отырғаныңызды көріп отырмын. Сондықтан сізге сенімсіздік білдіремін" деді.
Судья өтінішті жазбаша қалдыруды сұрады. Бұдан соң сотта уақытша үзіліс жарияланды. Сот түстен кейін жалғасады.
Your browser doesn’t support HTML5
Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, билікті сынап жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.
Байбектің заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуді" талап етіп отыр.