14 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ-тың Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісім бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад Нұр-Сұлтанда кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Кездесу кезінде "Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары, оның ішінде АҚШ пен НАТО әскерін осы елден шығару барысы" қарастырылған. Бұған қоса, "Ауғанстан мемлекетінің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қайта қалпына келтіру жөніндегі екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды үйлестіру мәселесі де сөз болған".
Ақорданың жазуынша, президент Тоқаев Ауғанстандағы ахуалды реттеу жөніндегі ынтымақтастықты "Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызды бөлігі ретінде" атап өткен.
Ал Залмай Халилзад Тоқаевқа жеке кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірген.
"Әңгімелесу барысында Залмай Халилзад Ауғанстандағы қазіргі ахуалға баға беріп, ауғанаралық бейбіт процесті одан әрі дамытуға, ауған бағытындағы барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіруге қатысты АҚШ дипломатиясының ой-пікірін ортаға салды" делінген Ақорда сайтында.
АҚШ мемлекеттік департаменті әзірге бұл кездесу жөнінде ақпарат таратпады.
Бір күн бұрын Нұр-Сұлтанда өткізген онлайн брифингте Залмай Халилзад "Ауғанстаннан АҚШ әскері кетсе де, Америка қалады" деп мәлімдеген. Ол Американың Ауғанстанда бейбітшіліктің сақталуына мүдделі екенін мәлімдеп, осы мақсатта Орталық Азияның барлық елдері бірігіп әрекет етуі тиіс деген. Ол Қазақстан мен аймақтағы өзге елдер "экстремизм мен терроризм мәселелерін бірге шешіп, оның алдын алуға дайын болуы тиіс" деді.
Қарай отырыңыз: "Әскеріміз қайтқанымен, Ауғанстаннан кетпейміз" )(13 маусым 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
АҚШ мамыр айынан бастап Ауғанстаннан әскерін біртіндеп әкете бастаған. АҚШ президенті Джо Байден АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери контингенті күзге дейін әкетіледі деп мәлімдеген. Бұл аумағының елеулі бөлігін түрлі радикалды топтар бақылайтын Ауғанстанның көршілерін, оның ішінде Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр. Ауғанстанда Талибаннан бөлек, ДАЙЫШ, "Әл-Қаида" сияқты радикалды экстремистік топтар шоғырланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев пен Мирзияев Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу мәселесін талқылады