Жаңаөзенде "KMG-Security" ереуілі жалғасып жатыр. Оларға Қаражанбастағы жұмысшылар қосылды

Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзенде жалақы өсіруді талап еткен "KMG-Security" жұмысшылары ереуілінің жалғасып жатқанына төрт күн болды. Кейінгі үш күнде күзетшілер мекеме кеңсесінің алдына түнеп шыққан. Басшылықпен келіссөз сәтсіз аяқталған. 16 шілдеде Жаңаөзендегі ереуілге Қаражанбас мұнай кенішін күзетіп жатқан "KMG-Security" компаниясының тағы бір бөлімшесінің күзетшілері қосылды. Олар мәселені шешу үшін мекеме басшылығына 17 шілдеге дейін уақыт берді.

Қаражанбас мұнай кенішін күзететін "KMG-Security" күзетшілері де талаптарын видео арқылы компанияның басқарма бастығы Талғат Тоқаловқа жолдады. Олар видеода азық-түлік пен коммуналдық қызмет, жолақы қымбаттап кеткенін алға тартып, қазіргідей жалақыларымен күн көрудің қиынға айналғанын айтады. Бұған қоса, қаражанбастықтар Ақтау мен кеніш арасындағы жол шығынын да өздері өтейтінін айтып, шағымданады.

- Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеден төмен болмасын. Елдегі мереке күндерінде ақша төленсін. Жылдың соңында 13-айлық төленсін. Өзге аудандар мен ауылдардан келетін әріптестерімізге жолақысы берілсін. Еңбек демалысы толық төленсін. Егер жоғарыдағы талаптар орындаламаса, жұмысқа шығудан бас тартамыз. Осы талаптарымызды 17 шілдеге дейін шешуді сұраймыз, – дейді видеода күзетшілер арызын жария еткен адам.

Ал Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған "KMG-Security" күзетшілері 16 шілдеде Азаттық тілшісіне осыған дейін басшылықпен келіссөз жүргенін, одан нәтиже шықпағанын айтты. Жұма күні Азаттық тілшісі тікелей эфирде ереуілден ақпарат таратты.

Күзетшілердің бірінің айтуынша, 15 шілдеде "KMG-Security" компаниясы басқарма басшысының орынбасары, генерал-майор Мейірхан Жаманбаев екі рет келіп, жалақыны сатылап көтеруді ұсынған, бірақ жұмысшылар келіспеген.

– Жаманбаев бізге жалақыны үш санатқа бөліп көтеруді, бірінші санатқа – 150 мың, екінші санатқа – 140 мың, үшінші санатқа 135 мың беруді ұсынды. Біз онымен келіспедік, - дейді ереуілдеп тұрған күзетшілердің бірі.

Азаттық тілшісі Жаңаөзенде жүрген Мейірхан Жаманбаевтан жауап ала алмады. Ал Нұр-Сұлтандағы "KMG-Security" компаниясының қызметкерлері басқарма басшысы Талғат Тоқалов "орнында жоқ, іссапарда жүр" деді.

Жаңаөзендегі "KMG-Security" компаниясы күзетшілерінің наразылығы 13 шілдеде басталған. Мекеменің мыңнан астам күзетшісі жұмысын толық тоқтатып, айлық жалақысын 150 мың теңгеге (352$) өсіруді және мереке қарсаңында сыйақы төлеуді талап етіп тұр. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министр Асқар Маминге, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Алик Айдарбаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымовқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа, "KMG-Security" компаниясының басқарма басшысы Талғат Тоқаловқа бағыттаған талап арыздарына 833 адамның қол қойғанын, ереуілде 400 адам тұрғанын айтады.

"KMG-Security" (бұрынғы - "Semser Security", "Семсер") компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жаңаөзенде тағы бір компания жұмысшылары ереуілге шықтыЖаңаөзенде жедел жәрдем жүргізушілері жалақы өсіруді талап етіп, жұмысты ішінара тоқтаттыЖаңаөзенде жалақы өсіруді талап еткен "KMG-Security" жұмысшылары далада түнеді"Талаптарымыз ішінара орындалды". Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілді тоқтатты"Жалақы аз, құл сияқты жұмсайды". Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілдетіп жатыр