24 шілдеде Қазақстанда 6631 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұған дейін бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Екі күн бұрын бір күнде анықталған науқастар алғаш рет 6 мыңнан асқан болатын. Содан бері бұл көрсеткіш үздіксіз өсіп жатыр.
Екі күн бұрын 84 адам Covid-тен қайтыс болды: 74 адам – коронавирустан, 10 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған. Бұл да ең жоғары көрсеткіш. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп адам өлімі қайтыс болмаған.
Елде вирус күшейді. Ресми мәлімет бойынша, маусым айымен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында коронавирус жұқтырғандар 4,8 есе өскен. Барған сайын ауруханалар да толып барады. Қазақстан ауруханаларындағы жұқпалы аурулар бөлімдерінің 51 пайызы, жан сақтау бөлімдерінің 41 пайызы бос емес. Қосымша орындар әзірленіп жатыр.
Індет әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Қарағанды облысында өршіген. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1501 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 1191, Қарағанды облысында 768 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулікте анықталған науқастар 500-ге жетпейді. Өткен тәулікте Шымкентте 499 адамның коронавирус тесті оң шықты. 24 шілдеде ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысында (102) тіркелді.
Індет басталғалы бері 529 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 59 мыңнан астам адам шалдыққан. 23 шілдеде 212 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.
2020 жылдың наурыз айынан бері 5382 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3605 адамның өліміне себеп болған.
Қазір 78 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 23 мыңы ауруханада жатыр. 1700-ден астам адамның жағдайы ауыр. 182 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3 миллионнан асты.
Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Цой президентке коронавирустың "лямбда" штамы туралы айтты"Чип салдыруға" сенетіндер, базардағы аласапыран және шығыны көп одақЖыл басынан бері 34 мың балаға вирус жұққан, 2 бала қайтыс болған. Министрлік балаларға вакцина салу жөнінде айттыБилік мәжбүрлеуді күшейткенде вакцинаға қарсылар көбейді. Себеп неде?Астанада инфекциялық ауруханалардың 72 пайызы бос емес, күндізгі стационарлардың жұмысы тоқтатылды