Қазақстандық мемлекеттік телеарналар Токио олимпиадасы басталар сәтте жарысты көрсету құқығын сатып алғанымен, ел спортшылары қатысқан жарыстарды дұрыс көрсете алмай жатыр. Бұл жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырды. Ал министр "енді трансляция бойынша мәселе болмайды" деп уәде берді.
ТРАНСЛЯЦИЯ ЖЫРЫ
Қазақстандық арналар Токио ойындарының басталуына бір апта қалғанда олимпиаданы көрсету құқығын иеленген "Dentsu Inc." компаниясымен "баға бойынша ортақ келісімге келе алмай жатқанын" айтқан еді. Мемлекеттік телеарналар "Dentsu Inc." Қазақстанға олимпиада трансляциясын қымбатқа ұсынып отыр деген.
Артынша бұл мәлімдеме жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырап, жұрт үкіметтен, телеарнадан қалай да олимпиаданы көрсетуді талап етті. Осы шудан кейін ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлімдеме жасауға мәжбүр болып, "Dentsu Inc." компаниясы Қазақстан үшін олимпиада трансляциясының құнын қымбаттатып жібергенін, 7,5 миллион доллар сұрағанын айтты.
Бірақ 23 шілде күні олимпиада ашылу салтанаты мемлекеттік телеарна эфирінен көрсетіліп, жанкүйерлердің желіде олимпиада көретініне қуанғаны байқалған. Министрлік Қазақстан телеарналары мен трансляция құқығын иеленушілер екі тарапқа да тиімді бағаға "келіскенін” хабарлады. Бірақ трансляция құны қанша болғаны айтылмады.
ЖҰРТ НАРАЗЫЛЫҒЫ
24 шілде күні "Хабар" телеарнасы эфирден қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэцгтің жарысын көрсетуі тиіс еді. Бірақ жұрт Сметовтің Токио олимпиадасындағы белдесулерін, қола жүлде алған сәтін көре алмай қалды. Қазақстандық телеарналар Сметов жүлдеге таласып жатқанда эфирден басқа жарыстарды көрсетті. "Хабар" арнасы әлеуметтік желіде дзюдо жарысы "техникалық себептермен" көрсетілмегенін айтып, қысқаша пост ғана жариялады.
26 шілдеде Қазақстан жанкүйерлері ауыр атлет Зүлфия Чиншанлоның қола медаль алған сәтін де тікелей эфирден көре алмай қалды. Ауыр атлетика жарысын көрсетуі тиіс Qazaqstan арнасы Чиншанлоның жарысынан тікелей эфирге шыға алмады. Арнаның телебағдарламасында "Токио олимпиадасы. Ауыр атлетика" деп жоспарланғанымен, Qazaqstan арнасының эфирінде концерт болып жатты. Чиншанлоның жарысын көре алмаған жұрт желі де телеарналарды тағы да сынға алды.
Кейін ауыр атлетика жарысы Qazsport телеарнасынан жазбаша көрсетілді. Қазақстандық жалғыз спорт арнасы Чиншанлоның жүлдеге таласын көрсетіп жатқанда Токиода бұл жарыстың нәтижесі белгілі болып қойған еді.
Қазақстан телеарнасы жүзуден Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландиннің Токиодағы жарысын көрсетуді жоспарлап, бірақ оның орнына волейбол жарысын қойған.
27 шілдеде қазақстандық телеарналар таэквондошылар Жансель Дениз бен Руслан Жапаровтың жарысын де жоспарлағанымен, алғашқы кездесулерін көрсетпеді.
Жұрт қазақстандық жанкүйерлердің жарысын көре алмай қалғанын айтып, желіде көп пост жазып жатыр. Кейбір қазақстандық олимпиаданы VPN арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Украина арналарынан көріп жатқанын да айтады.
Абай Мырза:
Отандастырымыздың жарыстарын тіке неге таратпайды... Сатып алдық дегені қайда?!
Интернеттегі жеке деректеріме қанша жерден қауіпті болса да шетелдік сайттарға бас сұғып, Зүлфия қыздың Токиодағы ойынын көрдім.
Чиншанло - Олимпиада жүлдегері! Ал Қазақстан телеарнасында әлі тікелей эфир жоқ
ТЕЛЕАРНАНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ МЕН МИНИСТРДІҢ КЕШІРІМ СҰРАУЫ
Qazsport телеарнасы 24 шілдеде әлеуметтік желідегі парақшаларында "олимпиада көрсету құқығын жарыс басталарда алғандықтан тікелей эфирде көрсетуде қиындық болып жатқанын" мойындады.
"Сигналды қабылдайтын техниканы тексеру және тестен өткізуді құқықты сатып алмай тұрып жүргізу мүмкін емес. Сондықтан телеарналардың алдын ала дайындық жүргізуге мүмкіндігі болған жоқ. "Қазақстан" телерадио корпорациясы мен "Хабар" агенттігі қызметкерлері бар мүмкіндіктерді пайдаланып, олқылықтарды жөндеуге тырысып жатыр. Сигналды тестік режимде қабылдау бір не екі күн уақытқа созылуы мүмкін" деп мәлімдеді Qazsport редакциясы желіде.
Жанкүйерлер сыны күшейген тұста, 27 шілде күні ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеме жасап, жұрттан кешірім сұрады.
"Кеше (26 шілдеде - ред.) Халықаралық олимпиада комитеті "Хабар" мен "Қазақстан" телеарнасына ресми хабар тарату статусын бекітті. Сондықтан барлық арналарға мүмкіндік ашылды. Енді мұндай мәселелер болмауы тиіс" деді Балаева.
Қазақстан телеарналары 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарын да "трансляция бағасы қымбат" деп тікелей эфирде көрсетпеген. Азия ойындарын эфирден көре алмаған жанкүйерлер телеарналарды, үкіметті сынаған еді.
"Қазақстан" телерадио корпорациясы мен "Хабар" агенттігіне бюджет қаржы бөлініп, мемлекеттен қомақты тапсырыстар алады. Осыған дейінгі олимпиада ойындарын осы екі медиа бөлісіп көрсетіп келген.
Токио олимпиадасы 23 шілде – 8 тамыз арасында өтеді. Токиода қазірше Қазақстан үш қола медаль иеленді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"2016 жылдан кейін бәрін тастағым келген". Чиншанло Токионың қоласына "риза""Қола аламын деп ойламадым да". Ауыр атлет Сон олимпиада медаліне қалай қол жеткізді?"Олимпиада алтынын армандайтын" Сметов Токио татамиінде қола алды