Қазақстандық боксшы Левит Токио олимпиадасында нокаутпен жеңілді
Қазақстандық боксшы Василий Левит бірінші кезеңде испаниялық Эммануэль Рейеспен кездесуде ауыр соққы алып, нокаутқа түсті. Бұл жекпе-жекте Левит фаворит саналған еді.
Левит орнынан тұра алмай сәл жатты.
Левит Токио олимпиадасына фавориттердің бірі ретінде келген еді. Қазақстандық жанкүйерлердің көбі одан жүлде күткен.
Төреші Левитке есеп ашқан сәт. Төреші онға дейін санағанда боксшы есін жимаса, ринг төрешісі боксты тоқтатады.
Төреші екінші раундта кездесуді тоқтатып, Левит нокаутпен жеңілгенін жариялады.
Төреші қазақстандық боксшыдан рингті босатуды сұрап тұр. Левит 2017, 2019 жылдары әлем чемпионатында қола алған. Рио олимпиадасында ол финалда ресейлік Евгений Тищенкодан жеңілген еді. Бұл финалдан кейін үлкен дау шыққан. Мамандар мен жанкүйерлер төрешілер шешімін сынаған. Кейін осы кездесуде төрелік жасаған төрешілердің басым бөлігі олимпиададан шеттетілген еді.
Токио олимпиадасында 69 келіде бокстасқан қазақстандық Абылайхан Жүсіпов (көк формада) те бірінші кездесуінде америкалық Деланте Джонсоннан жеңілді. Бес төрешінің төртеуі жеңісті АҚШ боксшысына берді. Қазір Токио олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында 52 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келіде Закир Сафиуллин, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзат Нұрдәулетов (2019 жылғы әлем чемпионы), +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев қалды. Әйелдер боксынан 75 келіде Надежда Рябец олимпиада жүлдесіне таласады.
Қазақстан 2004 жылғы олимпиададан бері 69 келіде алтын алып келген. Жанкүйерлер арасында 69 келі "қазақстандық салмақ" аталып кеткен еді. 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекинде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев, 2016 жылы Данияр Елеусінов 69 келіде олимпиада чемпионы атанды.