Accessibility links

Каратэші Берульцева Токиода қола алды. Қазақстан олимпиадада алтынсыз қалды


Каратэші Софья Берульцева (сол жақта) түркиялық Мелтем Ходжаоғлымен жекпе-жекке шыққан сәт. Токио, 7 тамыз 2021 жыл.
Каратэші Софья Берульцева (сол жақта) түркиялық Мелтем Ходжаоғлымен жекпе-жекке шыққан сәт. Токио, 7 тамыз 2021 жыл.

Токио олимпиадасында қазақстандық каратэші Софья Берульцева әйелдер арасында +61 келіде қола медаль алды. Осылайша Қазақстан Токио ойындарын сегіз қола медальмен аяқтап, олимпиадада ең нашар нәтиже көрсетті.

20 жастағы Берульцева жартылай финалда египеттік Ферьял Әбделәзизден 4:5 есебімен жеңіліп, финалға шыға алмады. Каратэде жартылай финалда жеңілген спортшыға қола жүлде беріледі.

Софья Берульцева мен египеттік Ферьял Әбделәзиз жекпе-жегі. Токио, 7 тамыз 2021 жыл.
Софья Берульцева мен египеттік Ферьял Әбделәзиз жекпе-жегі. Токио, 7 тамыз 2021 жыл.

Берульцева топтық кезеңде Сильвия Семерароны (2019 жылғы Еуропа ойындарының чемпионы), 2018 жылғы әлем чемпионы Ирина Зарецкаяны (Украинада туған, Әзербайжан атынан жарысқа қатысады) жеңген. Ал түркиялық Мелтем Ходжаоғлымен (2021 жылғы Еуропа чемпионы) тең түсіп, жапониялық Аюми Уекусадан (2016 жылғы әлем чемпионы) жеңілді. Екі жеңіс, бір тең, бір жеңіліспен Берульцева топтан жартылай финалға екінші орынмен шықты. Топтағы бірінші орынды Зарецкая алды.

Софья топта екінші орын алған соң жартылай финалда В тобында бірінші орын алған египеттік Әбделәзизбен жекпе-жекке шықты.

Токио олимпиадасында +61 келіде финалда египеттік Әбделәзиз әзербайжандық Зарецкаяны жеңіп, чемпион атанды.

БЕРУЛЬЦЕВА ЖҮЛДЕСІН МАРҚҰМ БАПКЕРІНЕ АРНАДЫ

Марапаттау рәсімінде Софья Берульцева жылап тұрды. Ол кейін тілшілермен тілдескенде финалға шыға алмағанына өкініш білдірді.

- Әрине, барын салдым, кішкене жетпей қалды. Финалға кішкене жетпей қалған соң көзіме жас келді. Бірақ барынша тырыстым, қола медаль бұйырғаны болды, - деді ол.

Софья Берульцева марапаттау рәсімінде көзіне жас алып тұр. Токио, 7 тамыз 2021 жыл.
Софья Берульцева марапаттау рәсімінде көзіне жас алып тұр. Токио, 7 тамыз 2021 жыл.

Софья бұл жүлдесін былтыр желтоқсанда өмірден өткен каратэден ұлттық құраманың бас бапкері Жасталап Санауовқа арнайтынын айтты.

- Жасталап ағайдың [қазасы] бәрімізге қатты әсер етті. Ол осы олимпиадаға барғысы келді. Осы олимпиадаға бізді апару үшін барын салды. Бізге де, федерацияға да көмектесті. Жүлдемді сол кісіге [арнаймын], - деп Софья көзіне жас алды.

СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА КІМ?

Софья осыған дейінгі сұхбаттарында каратэні алты жасында Шымкентте бастағанын айтқан. Ол Токио олимпиадасына рейтинг бойынша да, Парижде өткен іріктеу жарысында да жолдама ала алмаған еді. Кейін WKF олимпиада алдында оған құрлықтық лицензияны берді.

Қазір ол WKF (Дүниежүзілік каратэ федерациясы) рейтингінде +68 келі салмақта үшінші орында тұр.

Берульцева 2017 жылдан бері Karate 1 Premier League жарыстарында (WKF ұйымдастыратын кезең-кезеңнен тұратын халықаралық турнир) үш алтын, екі қола медаль алған.

Бұдан бөлек, Софья 2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында +68 келіде күміс жүлде иеленген еді. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатына барып, алғашқы айналымдарда жеңіліп қалған.

Софья Берульцева Токио олимпиадасында. 7 тамыз 2021 жыл.
Софья Берульцева Токио олимпиадасында. 7 тамыз 2021 жыл.

Берульцева 2017 жылы Тенерифеде (Испания) өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде +59 келіде чемпион атанған.

2016 жылы Джакартада және 2017 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында +59 келіде алтын медаль алған еді.

Қазақстан каратэ құрамасы Токио олимпиадасында екі жүлде алды. Берульцеваның медалінен бөлек бұған дейін Дархан Асадилов қола жүлде иеленген.

Каратэ тек Токио олимпиадасының бағдарламасына енді. 2024 жылы Париж олимпиадасында бұл спорттан жүлделер сарапқа салынбайды.

ТОКИОДА КІМДЕР ЖҮЛДЕ АЛДЫ?

7 тамызда Қазақстан спортшылары үшін Токио олимпиадасы аяқталды. Олимпиаданың соңғы күні, 8 шілдеде Қазақстан атлеттері жарысқа қатыспайды.

Каратэдегі екі қола жүлдеден бөлек дзюдодан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, бокстан Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Нұрислам Санаев Токио олимпиадасында үшінші орын иеленген.

7 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстан сегіз қола медальмен жалпы есепте 81-орында тұр.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1996 жылдан бері жазғы олимпиадаға қатысып, кемі бір алтын жүлде алатын. Ең сәтсіз деген Афина-2004 олимпиадасында бір алтын, төрт күміс, үш қола медаль иеленген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG