Accessibility links

Айсұлу Тыныбекова: Мақсатым чемпион болу еді, күміс жүлдеге де көнемін


Олимпиадада күміс алған қырғыз балуаны Айсұлу Тыныбекова марапаттау рәсімінде тұр. Токио, 4 тамыз 2021 жыл.
Олимпиадада күміс алған қырғыз балуаны Айсұлу Тыныбекова марапаттау рәсімінде тұр. Токио, 4 тамыз 2021 жыл.

Қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова Токио олимпиадасында әйелдер күресінен күміс медаль иеленді. Финалдан кейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қырғыз балуаны чемпион бола алмағанына қынжылып, көзіне жас алды.

Токио олимпиадасында әйелдер күресінен 62 келі салмақта финалға шыққан қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова жапон спортшысы Юкако Каваиден 3:4 есебімен жеңіліп, күміс жүлдегер атанды.

Қырғыз балуаны финалға дейін күрескен үш бәсекелесіне бірде-бір әдіс жасатпай, күш асырып келген еді. Алғашқы айналымда латвиялық Анастасия Григорьевадан 8:0 есебімен басым түссе, ширек финалда Криста Инцені уақытынан бұрын жеңген. Жартылай финалда украиналық Ирина Коляденкомен кездесіп, 10:0 есебімен жеңіске жеткен.

Токио олимпиадасының финалында Тыныбекова мен Каваи белдесіп жатыр. 4 тамыз 2021 жыл.
Токио олимпиадасының финалында Тыныбекова мен Каваи белдесіп жатыр. 4 тамыз 2021 жыл.

Егер Тыныбекова Токио олимпиадасы финалында жеңіске жетіп, алтын медаль алғанда тәуелсіз Қырғызстаннан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болар еді.

Финалдан соң, марапаттау рәсімінде Айсұлу Тыныбекова көз жасын тия алмады. Тұғырда тұрғанда көңілсіз болып, жүлде табыс етілген соң жылдам түсіп кетті. Токиода жүрген Азаттық тілшісіне сұхбат берген кезде де өксігін баса алмай тұрды.

"ҚОЛЫМНАН КЕЛГЕННІҢ БӘРІН ЖАСАДЫМ"

Азаттық: Айсұлу, олимпиаданы қорытындыласаңыз. Олимпиадада күміс жүлденің өзі үлкен жетістік.

Айсұлу Тыныбекова: Командаммен, бапкеріммен өте жақсы дайындалған едік. Техникалық, функционалдық жағынан, барлық жағынан өте жақсы дайындалдық. Бапкерім олимпиадаға жақсы бабымда алып келді. Токиода өзімді өте жақсы сезіндім. Бірақ бүгін бапкердің алты минутқа құрып берген тапсырмасын толық орындай алмадым. Бүгінгі нәтижеге көңілім толмайды.

Бапкерлерім, командам ғана емес бүкіл Қырғызстан, әлемнің басқа бұрышында тұрып жатқан қырғызстандықтар менен алтын күтті. Бәріміз дайын болдық. Жаратушының қалауымен маған осы күміс медаль бұйырды. Қазір осыған көнуім керек.

Азаттық: Ендігі жоспарыңыз қандай?

Айсұлу Тыныбекова: Әр олимпиада ойындарынан кейін үлкен жоспар құратынмын. Енді қалай болатынын дәл қазір айта алмаймын. Рио олимпиадасында медаль алсам жеке өміріме көңіл бөлем ғой деген едім. Бірақ Риода қола да, күміс те, алтын да ала алмадым. Кейін қырғызстандықтарға келесі олимпиадада мақсатыма жетіп, одан соң жеке өміріме мән берем деген едім. Қазір ештеңе ойлағым келіп тұрған жоқ.

Азаттық: Бұл күміс медаліңіз – Қырғызстан үшін тарихи жүлде. Еліңіз әйелдер күресінен алғаш рет олимпиадада күміс медаль алды.

Айсұлу Тыныбекова: Иә, Қырғызстан әйелдер күресінен олимпиадада алғашқы рет күміс жүлде алды. Бірақ алтын медальды қатты қаладым. Бес жыл бойы, әр күн сайын жаттығуда өзімді аямадым (осы жерде жылап, біраз үнсіз тұрды). Маған сенген Қырғызстан халқына алғыс айтамын. Соңғы секундқа дейін мені қолдады, күтті, үміттенді. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бірақ бүгін Қырғызстан күткен жеңіске қол жеткізе алмадым. Біздің командаға күміс медаль бұйырды. Осыған қанағат қылуымыз керек.

Азаттық: Олимпиада финалында не жетпеді?

Айсұлу Тыныбекова: Бұл – спорт, бұл – күрес. Өміріміздің өзі күрес. Кілемге шыққан әрбір балуан жеңгісі келеді. Әркім өзін аямай өзінше күреседі. Мен де алдын ала құрған жоспар бойынша күрестім… Демек, бүгін Жапония спортшысы алтынға лайық.

АЙСҰЛУ – ҚЫРҒЫЗСТАННАН ШЫҚҚАН АЛҒАШҚЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Айсұлу Тыныбекова – дәл қазір Қырғызстандағы ең танымал спортшы. Ол күрестен мүмкін болған жарыстардың барлығында жүлде алып, мықты балуан екенін дәлелдеді. Тыныбекова 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионы болған алғашқы қырғызстандық спортшы атанған. Сол жолғы жарыста Айсұлу Тыныбекова үшінші айналымда Юкако Каваиді жеңген еді. Жапон балуаны биыл Токио олимпиадасы финалында Айсұлудан есе қайтарды.

Қазақстанда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған соң Тыныбекова "еліме олимпиада алтынын аламын деп уәде бергем, сол уәдемде тұрам" деген еді.

Токио – Тыныбекованың үшінші олимпиадасы. Алғаш рет 2012 жылы Лондон олимпиадасына барған. Бірақ соның алдында балуанның басы дауға қалған еді. 2012 жылғы сәуірде ол Бішкекте құрбысы екеуі бір қызды сабап, денесін жарақаттады деп айыпталған.

Сот бұл істі Лондон олимпиадасынан кейін қараймыз деп шешкен. Тыныбекова олимпиададан келген соң екі жылға шартты жаза алды. Соттан кейін балуан үкімммен келіспей, "сот істеріне бола қаншама жаттығудан қалып, Лондонда жақсы күресе алмадым" деген еді.

Айсұлу Тыныбекова Токио олимпиадасында. 3 тамыз 2021 жыл.
Айсұлу Тыныбекова Токио олимпиадасында. 3 тамыз 2021 жыл.

Айсұлу 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарында финалда моңғолиялық Пурэвдорджийн Орхоннан жеңілген. Бірақ кейін моңғол балуанына допинг қолданды деген айып тағылып, алтын медаль Тыныбековаға берілген.

Қырғыз балуаны Рио олимпиадасында қолаға таласып, бәсекелесінен жеңіліп қалған еді. Тыныбекова – Азияның төрт дүркін чемпионы. Ол 2021 жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінде де алтын медаль алды.

Қазір Қырғызстан құрамасында Токио олимпиадасының үш медалі бар. 3 тамызда грек-рим күресінен 77 келіде Ақжол Махмұдов күміс, әйелдер күресінен 68 келіде Мейірім Жұманазарова қола медаль иеленді.

Қырғызстан Токиодағы алғашқы жүлделерін алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG