Тоғыз боксшы, тоғыз үміт, тоғыз жеңіліс. Қазақстан бокстан олимпиадада алтынсыз қалды
5 тамызда қазақстандық жанкүйерлер боксшы Сәкен Бибосыновтың (52 келі) жолына үмітпен қараған. Бибосыновтан бөлек қазақстандық басқа боксшылардың бәрі финалға шыға алмаған еді. Бірақ Бибосынов та жартылай финалда ұлыбританиялық Джамал Яфайдан жеңіліп, финалға өте алмады - 2:3. Бірінші раундта Яфай қазақстандық боксшыны нокдаунға жіберді.
Қазақстан бокс құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) кеше, 4 тамызда жартылай финалда америкалық Ричард Торрезден жеңіліп, финалға өте алмады. Қоңқабаев пен Бибосынов олимпиаданың қола медалін алады.
2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл (75 кг) ширек финалда Эберт Консейсаннан жеңіліп, жүлдесіз қалды. Кездесуден соң боксшының жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков жанкүйерлерден кешірім сұрады. 1 тамыз 2021 жыл.
2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) алғашқы кездесуінде ресейлік Имам Хатаевтан жеңілді. Бұл салмақта қазақстандық Әділбек Ниязымбетов 2012 және 2016 жылғы олимпиадада күміс алған еді. 28 шілде 2021 жыл.
Рио олимпиадасында 91 келіде күміс алған Василий Левит екінші кезеңде Испания боксшысы Эмануэль Рейестен (шыққан тегі кубалық) нокаутпен жеңілді. 27 шілде 2021 жыл.
69 келіде Абылайхан Жүсіпов екінші айналымда америкалық Деланте Джонсоннан жеңіліп қалды. Жанкүйерлер 69 келіні "қазақтың салмағы" дейтін. Себебі Қазақстан 2004 жылдан бері олимпиада ойындарында бұл салмақта тек алтын алған.
63 келіде Закир Сафиуллин ширек финалда австралиялық Гарри Гарсайдтан жеңіліп қалды. Кездесуден соң боксшы рингте ашуға берілді. 3 тамыз 2021 жыл.
57 келіде Серік Теміржанов та екінші айналымда Дюк Рэгенге (АҚШ) есе жіберді. Кездесуден кейін Теміржанов "Не істей аламын соның бәрін жасадым. Бұйырмады. Ештеңе айта алмаймын. Адамдардың, кейбір адамдардың үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Тырыстым, әлім жетпеді" деп күрсінді. 28 шілде 2021 жыл.
Әйелдер боксынан Қазақстан Токио олимпиадасына жалғыз жолдама алған. 76 келіде бокстасқан Надежда Рябец бірінші айналымда канадалық Тамара Тибодан жеңілді. 28 шілде 2021 жыл.
Қазақстан 1996 жылдан бері қатысқан олимпиада ойындарында бокстан алтынсыз қайтпайтын. Токио олимпиадасында бокс турнирін Халықаралық олимпиада комитеті өзі ұйымдастырып жатыр. Әуесқой бокс қауымдастығындағы (AIBA) жемқорлық және төрешілер дауынан соң ХОК Токиода бокс турнирін өзі өткізетінін жариялаған.