Литва билігі елге визасыз келген мигранттарға 300 еуродан беруге уәде етті. Бұл ақша мигранттар үйіне оралуға келіскен жағдайда бір мәрте беріледі. Бұл туралы Литва ішкі істер министрлігі Көші-қон департаментінің басшысы Эвелина Гудзинскайте LRT радиостанциясы эфирінде хабарлады.
Шенеуніктің сөзінше, ақша келген жағына қайтуға келіскен мигрантқа ұшаққа отырар алдында әуежайда төленеді. Егер ол адам Литваға оралса, онда бұл ақшаны қайтадан талап ету мүмкіндігінен айрылады. Мигранттар үшін әуе рейстері қашан ұйымдастырылатыны әзірге белгісіз, ондай ақпарат әлі таратылмады.
Биыл жазда Литва билігі елде көші-қон дағдарысын жариялап, шекарада төтенше жағдай енгізген болатын. Ел аумағына көрші Беларусь шекарасы арқылы төрт мыңнан астам адам енген. Литва шекарашылары бір ғана 28 шілде күні шекараны заңсыз кесіп өткен 171 мигрантты ұстады. Былтыр бір жыл ішінде осылай шекара бұзғаны үшін барлығы 82 адам қолға түссе, одан бір жыл бұрын небәрі 46 адам ұсталған еді.
Вильнюс Беларусьтегі Александр Лукашенко режимін көші-қон дағдарысын әдейі ұйымдастырды деп айыптап отыр. Беларусь президенттігіне бұрынғы кандидат Светлана Тихановскаяға саяси баспана берген Литваға қарсы Минск гибрид соғысын жүргізіп жатыр деген болжам айтылады. Беларусь билігі өзіне тағылған айыпты үзілді-кесілді терістейді.
Бірақ мамыр айында Александр Лукашенко іс жүзінде шекарадағы бақылаудың күшін әлсіретуге уәде берген.
"Біз есірткі мен мигранттарды тоқтаттық – енді сіз оларды өзіңіз асап жеп, ұстайтын боласыз" деп мәлімдеді ол парламент алдында сөйлеген сөзінде.
Беларусьтің үкіметке жақын телеграм-арналары жақын арада бұл елге Ауғанстаннан қатынайтын әуе рейстері ашылуы мүмкін екенін хабарлайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Литва БАҚ-тары Беларусь аумағына кіре алмай тұрған мигранттарды көрсеттіЛитва заңсыз келген мигранттарды жарты жылға қамайтын заң шығардыЛитва Беларусьпен шекарасына заңсыз мигранттарға қарсы тосқауыл орната бастадыВильнюс: Минск Литваға заңсыз мигранттарды әдейі жіберіп отырЛукашенко журналисті ұстау үшін Афины-Вильнюс рейсін Минскіге қондырған. Жағдайдың жай-жапсары