Ауғанстанға гуманитарлық апат қаупі төніп тұрғаны айтылды

Ауғанстанның "Талибан" басып алған солтүстік аймағынан қашып келген босқындар ел астанасы Кабул қаласында саябақта отыр. 13 тамыз 2021 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі агенттігі (БҰҰ БЖКБ) Ауғанстанмен көрші елдерді шекараны ашық ұстауға шақырып отыр. Өйткені Ауғанстанның едәуір бөлігін басып алған "Талибан" радикалды қозғалысы белсенді іс-қимылын ерекше қарқынмен үдетіп жатыр.

"Біз гуманитарлық апат қарсаңында тұрмыз. Қауіпсіз баспананың жоқтығы сансыз бейбіт тұрғынның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. БҰҰ БЖКБ (Ауғанстанмен көрші) елдер үкіметтеріне қажет болған жағдайда гуманитарлық шара ауқымын кеңейтуге көмектесуге дайын" деп мәлімдеді БҰҰ БЖКБ өкілі Шабия Мантоо 13 тамызда Женевада өткен баспасөз брифингінде.

БҰҰ өкілі бұл мәлімдемесін Ауғанстанда мыңдаған ер және әйел мен балалар "Талибан" қозғалысының қарулы белсенділігі артқан шақта бассауғалап жан-жаққа қашып жатқанда жасады. Сонымен бір мезетте БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының баспасөз өкілі Ауғанстан халқының үштен бір бөлігі азық-түлікке қолы жетпей қиналуы мүмкін екенін ескертті.

"Екі миллион бала шұғыл көмекке зәру. Біз бұдан да өткен, ең сорақы жайт әлі алда ма деп қорқамыз" деді аталған БҰҰ бағдарламасының өкілі Томсон Фири.

Фири 2021 жылдың соңына дейін адамдарды аштықтан құтқаруға 200 миллион доллар қажет болатынын айтты.

БҰҰ дерегі бойынша, жыл басынан бері шамамен 390 мың адам қоныс аударуға мәжбүр болған. Бірақ іс жүзінде ондай адамдардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

13 тамызда халықаралық жетекші гуманитарлық көмек беру ұйымдарының бірі Ауғанстанда алда болатын "үлкен гуманитарлық дағдарысқа әзірленіп жатқанын" мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ауғанстан билігі Қандағар қаласының тәліптер қолына өткенін растадыАҚШ Кабулдағы елшілік қызметкерлерін эвакуациялау үшін Ауғанстанға әскер жібередіТәліптер Ауғанстандағы екінші ірі қала - Қандағарды басып алғанын хабарладыТүркіменстан, Өзбекстан және Ресей өкілдері тәліптермен келіссөз өткізді"Талибан" Ауғанстан үкіметінің ақпарат орталығы басшысын өлтірді