1 қазанда "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұлов Заречный түрмесінен шықты. Жарты ай бұрын Қапшағай соты оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін орындаған.
Жұма күні таңертең бір топ белсенді оны қарсы алу үшін Заречныйдағы түрме алдына барған. Бірақ Алмат Жұмағұловты ертерек босатып жібергені белгілі болды. Оны полиция қызметкерлері үйіне дейін жеткізіп тастаған.
– Сағат алтыда тұрғызып алды. Толтырылмаған қағаздар бар деді. Шамамен жетілерде түрмеден шығарып, үйге әкеп тастады. Өзім де түсінбей қалдым, – дейді Алмат Жұмағұлов Азаттық тілшісіне.
Ол өзін осы күнге дейін қолдап келген ақпарат құралдары мен құқық қорғаушыларға, белсенділерге, халыққа алғыс айтты. "Төрт жылдан кейін бостандыққа шығып, бала-шағаммен, жақындарыммен қауышып отырмын" деді.
"Жиһадшылар ісі" бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. "Терроризмді насихаттады", "ұлт араздығын қоздырды" деп айыпталған.
Құқық қорғаушылар белсенді Алмат Жұмағұлов саяси көзқарасына байланысты қудаланып отыр деп мәлімдеген. Еуропарламент 2021 жылдың ақпан айындағы қарарында Нұр-Сұлтанды "саяси тұтқындарды" босатуға, оның ішінде Алмат Жұмағұловты да бостандыққа шығаруға шақырған.