Accessibility links

Сот "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұловтың шартты жазамен босату туралы өтінішін орындады


Алмат Жұмағұлов сот залында. 2018 жыл.
Алмат Жұмағұлов сот залында. 2018 жыл.

15 қыркүйекте Қапшағай қалалық соты "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұловтың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін мақұлдады. Бұл туралы оның адвокаты Айдынғали Табылдиев хабарлады.

"Бүгін сот Алматтың түрме жазасын бостандықты шектеу жазасына ауыстырды. Сот шешімі 15 күннен соң заңды күшіне енеді, сосын босап шығады" деді адвокат Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, ол өткен аптада Заречный кентінде түрмеде отырған Алмат Жұмағұловқа кіріп шыққан.

"Тамыз айында біздің өтінішіміз бойынша Қапшағай қалалық ауруханасында Алматты медициналық тексеруден өткізген. Оның омыртқа дискісінен "грыжа" бары анықталған. Денсаулығы жақсы деп айта алмаймын" деді адвокат.

Бұған дейін Алмат Жұмағұловтың туыстары оның асқазан жарасы асқынып кеткенін айтып, денсаулығына алаңдаған еді. Адвокаттың айтуынша, дәрігерлер оған "грыжадан" басқа диагноз қоймаған.

Осыған дейін белсенді ерте босап шығу туралы бірнеше өтініш бергенмен, ешқайсысы қанағаттандырылмаған. Кейбір жақтаушылары марапаты көп белсендіні түрмеден шығармаудың саяси себебі болуы мүмкін деп айтқан.

"Жиһадшылар ісі" бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. Ол "терроризмді насихаттады", "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыпталған.

Құқық қорғаушылар белсенді Алмат Жұмағұловтың саяси көзқарасына байланысты қудаланып отыр деп мәлімдеген. Еуропарламент 2021 жылдың ақпан айындағы қарарында Нұр-Сұлтанды "саяси тұтқындарды" босатуды, оның ішінде Алмат Жұмағұловты да бостандыққа шығаруға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG