Полиция күзеті, көзіне тас тиген тұрғын һәм Тик-ток. Пенжімдегі жанжалдан кейінгі ахуал

Алматы облысы Пенжім ауылының кіребірісі. 28 қазан 2021 жыл.

27 қазан кешкісін Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылында оқушылар төбелесіп, арты елдімекенде қазақ-ұйғыр жанжалына ұласты. Жергілікті билік оқиғаны "ұлтаралық жанжал емес, екі оқушы арасында шыққан түсініспеушілік" деген, бірақ тұрғындар бұл бұрыннан жиналған мәселеден шыққан жанжал деп санайды. Пенжімдегі оқиғадан соң әкімдік жиын өткізді, жұртқа басу айту үшін айтыс ақынын шақырды. Ауыл тұрғындарының оқиға жайлы ойлары да әртүрлі. Азаттық тілшісі жанжалдың ертеңгі күні Пенжімге барып, жағдаймен танысып қайтқан.

Әлеуметтік желіде "Пенжім ауылында халық көтеріліп жатыр" деген алғашқы хабарды 27 қазан түнде естіп, 28 қазанда таңертең ерте Пенжімге аттандық. Қазақстанның Қытаймен шекарасында жатқан ауылға барар екі жол бар. Бірі – "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" күре жолынан Жаркент кентіне қарай бұрылып, әрі Пенжімге баруға болады. Екіншісі – Қытаймен шекараға дейін жүріп, шекарадағы "Құрғақ порт" пен Алтынкөл теміржол станциясын жағалап, Пенжімге қарай кері бұрылуға болады.

Біз алыс та болса екінші жолды таңдадық. Өйткені "Пенжімге барар жолға полиция блокпост қойған, ешкімді өткізбейді" дегенді ұзынқұлақтан естігенбіз. Жаркент жағынан барсақ, халықты өткізбес, бізді де жібермес деген ой еді. Ал шекара жағында ірі елдімекендер жоқ болғандықтан блокпост та болмауы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мектептегі төбелестен шықты". Пенжімде не болды?

Бұған дейін Қазақстанда бірнеше рет ұлтаралық жанжал болғанда полиция күзеті күшейтіліп, әскери пост қойғанына, билік журналистерді де жібермей, мейлінше кедергі жасауға тырысатынына куә болғанбыз.

Дегенмен Пенжімге кіреберісте ешқандай блокпост жоқ екен. Ауылға кірер тұста полиция көлігі тұрғаны болмаса, бізді ешкім тоқтатпады.

Пенжім – шағын ауыл. Бес мыңдай халқы бар, мұнда көбіне қазақ пен ұйғыр тұрады. Ауыл ортасындағы негізгі көшеде Қазақстан-Қытай шекарасына қарай өтетін жол бар. Басқа көшелері шағын, көбінің асфальті де жоқ, ойдым-ойдым қара жол.

Ауылдың негізгі көшесінде шоғырланып тұрған полиция көліктері мен төбесіне дауыс зорайтқыш, дауыс тыңдағыш аппарат қойған көліктер, сырттан келгені байқалып тұрған басқа да қымбат көліктер бұл ауылда оқыс оқиға болғанын білдіргендей еді.

Көше бойында кездескен бірер адам оқиға жайлы айтуға ықылас білдірмеді. "Аудан әкімі жиналыс жасайды екен, сол жерден естіңдер" деп ауылдың мәдениет үйіне сілтеді.

Мәдениет үйіне жетпей-ақ алдымыздан Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев шықты. Әкім оқиғаны ұлтаралық жанжал емес, ауыл жастарының бұзақылығы ғана деп сипаттады.

Your browser doesn’t support HTML5

Пенжімдегі төбелес неден шықты? Оқиғаның мән-жайы

- Екі адам жарақаттанды. Біреуі – мектеп оқушыларының төбелесі кезінде соққы алған оқушы, екіншісі – үлкен кісі, – деді ол.

Бізге оқушының жарақат алғаны түсінікті болғанымен, жарақаттанған үлкен кісі жұмбақ болып қалды. Оның жауабы кейін белгілі болды.

Әкімге "Пенжім ауылындағы жанжал туралы әлеуметтік желіде ақпарат күрт көбейді, аудан әкімдігі әлеуметтік желіні пайдаланды ма, толымды ақпарат берді ме?" деп сұрадық.

- Уақыт болмады, енді түсіндіреміз, - деп әкім қысқа қайырды.

Қазақстанда төтенше оқиғалар кезінде билік орындары мен құқық қорғау органдары әлеуметтік желі арқылы жылдам ақпарат бермейді, халыққа түсінік түсіндірмейді дейтін сындар жиі айтылатын. Билік ресми мәлімдеме жасағанша жұрт салған видеолар әлеуметтік желіні шарлап кетеді. Пенжімдегі оқиғаны да жұрттың біразы желіде тараған видеолардан білді. Желідегі видеоның бірінде үй өртеніп жатқаны байқалады.

ЖАНЖАЛДАН КЕЙІНГІ ЖИЫН ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Мәдениет үйіндегі аудан әкімдігі ұйымдастырған жиынға Панфилов ауданы әкімі Өмірәлиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен Панфилов аудандық полиция бөлімінің бастығы Жандос Қалиев қатысып, үшеуі төрге шықты. Билік өкілдерінің артында Қазақстан президентінің Нұр-Сұлтандағы ғимараты – Ақорданың үлкен суреті тұрды. Залға 100-ден аса адам жиналды.

Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев (сол жақта), Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов (ортада) және Панфилов аудандық полиция бөлімінің бастығы Жандос Қалиев жаппай тәртіпсіздік болған Пенжім ауылында халықпен кездесіп отыр. 28 қазан 2021 жыл.

Жиын басталар сәтте залда отырған ауыл тұрғындарының бірімен сөйлесіп қалдық. Қатар отырған үш әйел осы ауылдағы Абдолла Розыбакиев атындағы орта мектепте оқитын ұйғыр оқушылардың ата-анасы екен.

- Бұл оқиға – кеше пайда болған жайт емес. Біздің балаларымы дәретханаға жалғыз бара алмайды, балаларымызға түкіріп кетеді, қағып кетеді, Тик-ток желісіне мазақтап шығарады, - деді әйелдердің бірі.

Жиналыс ауыл адамдарын сабырға шақырумен басталып, ауыл қазақтарының өздерімен бір ауылда тұратын ұйғырларға ескерту жасауымен аяқталды.

"Ел-жұрт алдында ұятты болдық, балалар бұзақылық жасады" деп сөз бастаған аудан әкімі түнгі оқиға кезінде шығынға ұшырағандарға көмектесетінін айтты. Бірақ сынған терезелерді бүтіндеу мемлекет мойнына емес, сол ауданда тұратын екі кәсіпкердің мойнына артылғаны байқалды.

- Ауданның екі азаматы ауылдағы қираған әйнектерді мойнына алды. Азаматтық деген осы, - деп мақтап қойды аудан әкімі.

Әкім "әлеуметтік желіде тараған өртенген үй видеосының бұл оқиғаға қатысы жоқ" деген. Бірақ жиын үстінде үйім өртенді деген әйел адам көзіне жас алып, әкімнен көмек сұрады. Төрде отырған облыс әкімінің орынбасары сөзге келместен көмектесуге уәде берді.

Пенжім ауылында жастар көшеге шыққан түні өртенген үй. 28 қазан 2021 жыл.

Жиында сөйлеген ауыл ақсақалдары да, жастар да ауылды ынтымаққа, ел ішіне іріткі салмауға шақырды. Кейін әңгіме ауаны бұрылып, "шаңыраққа қараңдар", "тұрып жатқан елді біліңдер" деген сынды сөздер айтылды. Бәзбіреулер ондай сөзді қолпаштап қол соқты, алайда келіспегендер де болды.

Залдың қол шапалақтап қолдай кеткеніне шыдай алмай ұйғыр әйел шығып, сөйлей бастағанда ауыл үлкендерінің бірі "өзің көрмеген нәрсені айтпа" деп тыйды.

Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі де қарап қалмай "ұйғыр халқы төмен, біз жоғарымыз деген дұрыс сөз емес. Біз – көп ұлтты елміз, қазақстандықпыз" деп жекіп тастады.

Жиындай сөйлегендердің бірі биліктің кемшілігін сынағанда аудан әкімі оны да мойындады. Бірақ мәселені ауыл әкіміне аударып жіберді.

Жиында отырған ұйғыр белсенділерінің бірі шығып, "бүкіл ұйғыр ұлты атынан кешірім сұраймын. Бір саты төмен екенімізді мойындауымыз керек. Өзімізді төмен дегенге намыстанбауымыз керек" дегенде аудан әкімі "өте дұрыс айттың, шаңыраққа қарайық дегенді дұрыс түсіну керек" деп қостап қойды.

Жиында сөз алған ұйғыр кісі "ұйғыр мен қазақ – бір ұлтпыз. Бәрін мектепте шешуге болар еді" деді.

Пенжімдегі жиын. 28 қазан 2021 жыл.

Жиналыста отырған ұйғыр әйелдердің кейбірі дауыс көтеріп, наразылығын айта бастағанда зал шулап, естіртпей тастады. Жиналысқа арнайы келген айтыс ақыны, Алматы облысының "Достық үйінің" директоры Жандарбек Бұлғақов "елдің, ұлттың мәселесіне әйелдерді араластырмай-ақ қояйық" деп ұйғыр азаматтарын әйелдерді тыныш отырғызуға шақырды.

Ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақыруды мақсат тұтқан жиында айтылған әңгіменің ауанынан Пенжімде аса күрделі ахуал қалыптасқаны байқалды.

"ӘКЕМІЗДІҢ КӨЗІНЕ ТАС ТИІП, АУРУХАНАҒА ТҮСТІ"

Жиналыстан кейін ұйғыр азаматтары бізбен сөйлесуге құлықсыз болды. Бір топ ұйғыр жастары журналистерге сөйлеуден тартынғаны байқалып тұрды. Одан кейін түнгі оқиға кезінде көрсетілген кафелер мен дүкендердің біріне бардық. Терезесі сынған дүкен сатушылары да ештеңе айтқысы келмеді. Ал кафенің иесімін деген әйел адам әкімдік сынған терезелерді ауыстыруға уәде бергенін айтты. Бұл кезде кафенің ішінде той-думан болып жатқаны, асабаның дауысы естіліп тұрды. Кафе иесі құдалық болып жатқанын жеткізді.

Камера алдына сөйлегісі келмеген ұйғырлардың бірі түнгі оқиға кезінде зардап шеккен бір адам барын айтып қалды. Ол – оқушылардың мектептегі төбелесіне қатысқан ұйғыр балалардың бірінің атасы.

Төбелескен оқушылардың бірінің атасы Руслан Керамбакиев үйінің терезелеріне тас тиген. Русланның өзі ауруханада жатыр. 28 қазан 2021 жыл.

Кейін ауылдағы Руслан Керамбакиев есімді ұйғыр азаматының үйіне барғанымызда екі қабатты үйдің терезелеріне әр жерден тас тигенін көрдік. Русланның қызының айтуынша, түнгі оқиға кезінде бір топ жастар келіп, бұл үйдің де, айналасындағы өзге ұйғыр үйлерінің де терезесін таспен ұрып, сындырып кеткен.

- Руслан әкеміздің көзіне тас тиіп, Жаркенттің ауруханасына түсті, - деді ол.

Бұған дейін әкім айтқан "оқиғадан зардап шеккен екінші адам" осы кісі болар деп топшыладық.

"МІНЕ, ТИК-ТОКТЫ ҚАРАҢЫЗ"

Журналистермен Пенжім ұйғырлары ғана емес, Пенжім қазақтарының көбі де сөйлесуге ықылассыз болды. Өзін Бекзат деп таныстырған жігіт "мектеп оқушыларының арасындағы төбелес көптен ширығып тұрған ұлтаралық қатынастың ушығуына түрткі болды" деді.

Оның сөзінше, ауыл ішіндегі шаруашылық мәселесінде де қазақ пен ұйғыр арасында келіспеушіліктер бар.

Осыған ұқсас пікірлерді жиын кезінде де бірнеше адамнан естідік. Олар "Пенжімде бұрын қазақ мешіті мен ұйғыр мешіті бөлек болғанын, әркім өз мешітіне барып, садақаларын да өз мешітіне беретінін, кейін екі мешіт орнына бір мешіт салынғанымен екі ұлтты біріктіре алмағанын" айтқан.

Алматы облысы Пенжім ауылының жүгері қырманы.

Пенжім шағын ауыл болғанымен асханасы көп. Алайда түнгі оқиғаны ертеңіне тамақтанатын асхана табу қиын болды. Тұрғындардың сөзінше, асхана ұстайтындардың көбі ұйғырлар болғандықтан, қиратып кете ме деп қауіптеніп ашпай отыр.

Жұмыс істеп тұрған асхананы ауыл шетінен зорға таптық. Біз барғанда бір топ полиция қызметкері тамақтанып, шығып бара жатты. Асханаға басқа келіп жатқан ешкім жоқ. Мұнда жұмыс істеп жүрген жасы елу-алпыстан асқан үш әйелді әңгімеге тарттық.

Аздап тосырқағанымен біртіндеп ашыла әңгімелескен әйелдер түнгі оқиға кезінде көшеге жастар толып кеткенін, полиция жастарды бақылап қана жүргеніне таңырқағанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұлтаралық қақтығыс – билік жасыруға тырысатын тақырып". Пенжім жанжалы нені көрсетті?

- Полиция жастарды тоқтата алмады. Артынан еріп, бақылап жүрді. Әншейінде митингілерді қуып таратын полиция қайда? Билік мұны неге көрмейді? – деді бірі.

- Біздің жас шағымызда қазақ-ұйғыр тату едік, қазір қит етсе екі ұлтты айдап салатын болды. Бұл қайдан шыққан нәрсе екенін түсінбедік. Бүгінгі жиынды үйде отырып, тікелей эфирден көрдік. Ұйғыр жастарын кінәлап жатыр. Ал, міне, Тик-Токты қараңыз, - деп қолындағы смартфонын алдымызға тосты.

Ұйғыр әйел көрсеткен Тик-Ток видеосында мектеп жасындағы қазақ балалардың өзімен қатарлас ұйғыр балаларын мазақтап, тілдегені көрсетілген.

Осыған ұқсас видеоны бізге қазақ ата-аналарының бірі де көрсеткен еді. Ол видеода ұйғыр баллардың қазақ балаларын мазақтап жатқаны байқалады.

Біз Пенжім ауылынан күн бата қайттық. Ауыл көшелеріндегі көп үйлердің жарығы жанбай тұрды. Үйдегі адамдардың кетіп қалғаны әлде тағы да шу бола ма деп сескеніп, жарығын жақпай отырғаны белгісіз болып қалды.

Қазақстанда қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің арасында жанжал оқтын-оқтын болып тұрады. Мәселен, 2020 жылы 8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақ-дүнген арасындағы қақтығыстан 11 адам қаза тауып, 55 үй мен дүкен, 40 көлік қираған. Билік мұндай оқиғалардың көбін "тұрмыстық жанжал" деп сипаттап, "қылмыстық топтарды", "сыртқы күштерді" айыптайды.

Әлеуметтанушылар ұлтаралық қатынастағы мәселені шешу үшін әр проблеманы өз атымен атап, жағдайды ашық мойындауы тиіс деп санайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстандағы ұлтаралық жанжалдар