8 қарашада Беларусь тарапынан келген мыңдаған босқын Брузги-Кузницадағы шекара өткелінен Польшаға қарай өтпек болды. Польша ішкі істер министрлігінің шекара маңынан жариялаған видеода мигранттар польшалық әскерилерге тас лақтырғаны көрінеді.
Тағы бір видеода босқындар шекарадағы сым қоршауларды жұлып, бүлдіріп жатқаны байқалады. Польшалық шекарашылар мен солдаттар мигранттарды өткізбес үшін "тірі қалқан" түзген. Ал мигранттар "Germany! Germany!" деп айғайлап, олардың негізгі мақсаты Польша емес Германия екенін аңғартты.
Польша шекара маңына тікұшақ та жіберді. Польша қорғаныс министрлігі жариялаған видеода мигранттар шекарадағы қоршауларды темір тістеуікпен үзіп жатқаны көрінеді.
Польша үкіметінің ресми өкілі Петр Мюллер 8 қарашада шекара маңына 3-4 мың босқын келгенін, олардың саны көбеюі мүмкін екенін мәлімдеді.
"Алдағы уақытта шекарадағы жағдай ушығып, әскер күшін қолданудан басқа амалымыз қалмауы мүмкін" деді ол.
Мюллер мигранттардың шекараға келуіне "Беларусь күштік құрылымдарының да қатысы бар" деп, Минск тарабын айыптады.
Польша қорғаныс министрлігі "Кузница ауданындағы жағдайды Беларусь күштік құрылымдары жай ғана бақылап тұр" деп мәлімдеді. Ведомство жариялаған фотода Беларусь жақта тұрған әскери киімдегі адамдар байқалады.
Беларусь мемлекеттік шекара комитеті жағдайға қатысымыз жоқ, мигранттар өздері жиналды деп отыр. Комитет мигранттар Беларусьтен шығып кеткен-кетпегенін "нақты білмейміз" деп мәлімдеді.
Ал Беларусь шекара комитетінің өкілі Антон Бычковский АР агенттігіне "мигранттар Еуропа одағынан босқын мәртебесін сұрау құқығын пайдаланғысы келеді, олар ешқандай қауіп төндірмейді" деді.
Польша бұған дейін Беларусьпен шекара маңында төтенше жағдай жариялап, әскерилері мен солдаттарының санын арттырған. Ел парламенті бұл шекараға құны 407 млн долларлық дуал тұрғызуды мақұлдады.
Өткен аптаның соңында беларусьтік оппозициялық NEXTA телеграм-каналы "Таяу Шығыс пен Африкадан Минскіге ұшып келген мигранттар поляк-беларусь шекарасы арқылы Еуропа одағына өтуді ақылдасу үшін қаладағы аудандардың біріне жиналып жатыр" деп хабарлаған.
Польша мен Беларусь шекарасындағы дағдарыс бірнеше айдан бері жалғасып жатыр. Еуропа одағы Беларусь режимінің басшысы Александр Лукашенконы Таяу Шығыс пен Африкадан келген мигранттарды Литва, Латвия және Польша шекарасына жіберіп жатыр деп айыптаған. Лукашенко айыптарды жоққа шығарады.
Польша мен Литва шекарадағы миграциялық дағдарысты Лукашенко режимінің Еуропа одағының санкциясына жауап ретінде жасап жатқан гибридтік соғысы деп санайды. Сарапшылар осы арқылы Лукашенко Брюссельді келіссөзге және санкцияны алып тастауға мәжбүрлеп жатыр деп есептейді.
Былтыр Еуропа одағы Александр Лукашенко президент сайлауында әділ жеңіске жетпеді, оппозицияның бейбіт наразылық шарасын басып-жаншыды деп оның режиміне санкция салған еді.
Польша мен Беларусьтің тәуелсіз басылымдары Лукашенко режимінің "Шлюз" операциясы жайлы жазған. Минск бұл операция арқылы Таяу Шығыс пен Африкадан келген мигранттарды Беларусь арқылы Еуропа одағына жіберуді жоспарлайды. Тәуелсіз басылымдардың жазуынша, Лукашенко режимі мигранттарға Еуропа одағынан босқын мәртебесін сұрауға көмектесеміз деп уәде беруі мүмкін. Бірақ Беларусь билігі мигранттарды Польша мен Литва шекарасына жібереді, ал Польша мен Литва шекарашылары оларды өз аумағына өткізбейді.
Мигранттар шекара сызығында ас-сусыз шарасыз күйде қалып жатыр. Бұған дейін бірнеше адам суықта тоңып қайтыс болғаны хабарланған. Құқық қорғаушылар Польша мен Литва үкіметін "мигранттарды уақытша болса да қабылдамады" деп сынайды. Ал екі елдің билігі шекараға келген мигранттарға "қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз" деген.
Ресми Берлин шекарадағы дағдарысты Польша мен Германия шеше алмайтынын айтып, Еуропа одағын мәселеге араласуға шақырды. Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағы елдерін Беларусь режиміне салынатын санкцияны тездетіп мақұлдауға шақырды.