Accessibility links

Білек күшін білеген Ресей Беларусьпен бірге әскери жаттығу бастады


Ресейдің әскери-теңіз күші Балтық флотының "Уренгой" шағын әскери кемесі Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуына аттанып барады. Балтийск, Калининград облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.
Ресейдің әскери-теңіз күші Балтық флотының "Уренгой" шағын әскери кемесі Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуына аттанып барады. Балтийск, Калининград облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.

Беларусь пен Ресей "Запад-2021" әскери жаттығуын бастады. Оған әскери кемелер мен танкілер, реактивті қару-жарақ және зымыран жүйесімен бірге 200 мыңнан астам сарбаз қатысады. Батыс санкция салған Александр Лукашенко бұрын-соңды Кремльге осынша тәуелді болған емес. Ал сарапшылар тығыз әскери байланыстың өтемі ауыр болуы мүмкін дейді.

Беларусьтің Ресеймен саяси әрі әскери жағынан бірігуіне аз қалды. Авторитар билеуші Александр Лукашенко жеке мүддесі үшін ел тәуелсіздігін Ресейге жығып беріп жатыр дейтіндер де бар.

10 қыркүйекте Ресей мен Беларусь Еуропа бойынша кейінгі он жылдағы ең ірі әскери жаттығу бастады. Жаттығу бастау рәсімі бір күн бұрын өтті. 16 қыркүйекке дейін жалғасатын "Запад-2021" жаттығуына 200 мыңнан астам әскери қызметкер қатысады. Бірақ Кремль оған халықаралық келісімде көрсетілгендей бақылаушы шақырмағандықтан, НАТО дабыл қағып жатыр.

Биылғы әскери жаттығуда радиоэлектрон құралдары қолданылады. Бұл Беларусьтің Ресейдің электрон құралдарын пайдаланып соғыс жүргізуінен қауіптенген көршілерін алаңдатып отыр. Бұдан бөлек Литва, Польша мен Латвия Беларусьпен шекарасы маңында Лукашенконың ұйымдастыруымен ағылуы мүмкін мигрант легіне қарсы тұру үшін төтенше жағдай жариялады.

Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуын бастау рәсімі. Мулино полигоны, Нижний Новгород облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.
Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуын бастау рәсімі. Мулино полигоны, Нижний Новгород облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.

23 мамырда Беларусь билігі Грекиядан Литваға бара жатқан жолаушы ұшағын Минскіге мәжбүрлеп қондырып, онда отырған Nexta-Live арнасының бұрынғы редакторы Роман Протасевич пен оның ресейлік құрбысы София Сапеганы ұстаған еді. Бұған наразылық білдірген Еуроодақ Беларуське санкция салған. Лукашенко Еуропаға мигранттар мен есірткі жіберетінін айтып доқ көрсеткен.

1994 жылдан бері билікте отырған Александр Лукашенко былтыр 9 тамыздағы сайлауда өткен президент сайлауында жеңіске жеткенін жариялаған соң елде наразылық өршіген. Батыс сайлау қорытындысы бұрмаланғанын мәлімдеді. Лукашенко Беларусь көшелеріне наразылық білдіріп шыққан халықты аяусыз басып-жаншыды. Ондаған мың адамды қамап, үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз баспасөз құралдарын қысымға алды. Оппозиция өкілдерін түрмеге қамады, кейбірі елден кетуге мәжбүр болды. Беларусьтен кеткендер арасында былтырғы сайлауда Лукашенкоға бәсекелес болған Светлана Тихановская да бар.

"Былтырғы наразылықтар мен оны қалай басып-жаншығанын ескерсек, қазіргі стратегиялық жағдай 2017 жылы өткен "Запад" әскери жаттығуы кезіндегіден өзгеше" дейді ресейлік әскери сарапшы Роберт Ли.

"Ресей Беларусьтегі әскери ықпалын күшейткісі келетінін білеміз. Бұл жаттығу Беларусь соған жол беретінін көрсететіндей. Бұл Беларусьтегі түрлі-түсті революцияға нүкте қою үшін екі елдің әскери және күзет қызметінің интеграциясын қамтуы мүмкін" дейді Ли Азаттыққа электрон поштамен жіберген хатында.

Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин кездесуден кейін баспасөз мәслихатында тұр. Кремль, Мәскеу, 9 қыркүйек 2021 жыл.
Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин кездесуден кейін баспасөз мәслихатында тұр. Кремль, Мәскеу, 9 қыркүйек 2021 жыл.

9 қыркүйекте Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде кездесті. Кездесуден соң Путин бұл жолы екі елдің саяси интеграциясы жайлы мәселесні талқыламағанын, себебі "әуелі экономикалық базисті орнату" керегін айтты.

Лукашенконың сөзінше, Мәскеу мен Минск саяси интеграция мәселесін шешуге келгенде тығырыққа тірелгеннен кейін оны талқылауды ысырғанына көп жыл болған. "Бірақ керек деп тапсақ қайта оралуымызға болады" деп мәлімдеді ол бейсенбі күні Мәскеуде. Ол Путин екеуінің "Еуроодақ пен СССР жіберген қателіктерді ескеріп", интеграцияны "төбесінен емес, төменнен бастаған жөн" деп ұйғарғанын айтты.

1999 жылы бір одаққа кіру туралы құжатқа қол қойған Ресей мен Беларусь көп жыл бойы екі елдің бірігуі жөнінде келіссөз жүргізіп келген. Бірнеше апта бұрын Мәскеу мен Минск келіссөздер аяқталып қалғанын айта бастаған еді.

"ЗАПАД-2021" ДЕГЕН НЕ?

Төрт жылда бір рет болатын "Запад" әскери жаттығуы биыл Беларусьтің Брест, Барановичи, Доманово, Обуз-Лесновский, Ружанский және Гродно секілді бес полигонында өтеді. Бұл нысандардың көбі елдің батысында, Польша мен Литва шекарасына жақын орналасқан. Ресейде әскери жаттығу тоғыз полигонда өтеді. Оған Ресей әскери-теңіз күшінің Солтүстік флоты да қатысады.

2017 жылғыдай биылғы жаттығу да ойдан шығарылған дұшпанға және террор ұйымдарға қарсы жүргізіледі. Биылғы "қарсыластар" Ниярис, Помариа, Полярлы Республика деп көрсетілген.

"Оқиға қызық өрбиді. Ниярис Литва болар. Помориа – Польша, ал Полярлы Республика Норвегия немесе скандинавиялық басқа бір ел сияқты. Бұл Ресейдің "Солтүстік флоты" бірлескен стратегиялық қолбасшылығы үшін "Запад-2021" жаттығуының маңызды екенін білдіретіндей" дейді Вашингтонда орналасқан Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының бас маманы Майкл Кофман.

Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков (ортада) Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуын бастау рәсімінде сөйлеп тұр. Мулино полигоны, Нижний Новгород облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.
Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков (ортада) Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуын бастау рәсімінде сөйлеп тұр. Мулино полигоны, Нижний Новгород облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.

Әскери жаттығудағы дұшпан ойдан шығарылғанымен, Беларусь көршілері қауіптенетіндей себеп бар. 11 тамызда кремльшіл "Известия" газеті "Запад-2021" жаттығуында Ресейдің басшылығымен электронды соғыс құралдары кеңінен қолданылатынын жазды. Әскери жаттығуға Ресейдің 1-танк полкінің электронды соғыс бөлімі мен 20-гвардиялық бригада қатысады.

"Электронды соғысқа келер болсақ, осының алдындағы "Запад" жаттығуы кезінде Ресейдің Скандинавия мен Балтық жеріндегі көршілері GPS пен басқа да байланыстың өшкеніне шағынды. Осы жаттығу кезінде де екі елдің көршілері сондай жағдайға тап болатын шығар деп ойлаймын. НАТО мен Ресейдің байланысын ескерсек, Ресей электронды соғыс арқылы көршілерін ашуландыратынына бас қатырмайды" дейді Ли.

Литва, Латвия мен Польша шекараны заңсыз кесіп өткен мигрант көбейгенін байқаған. Бұл үш ел де, Еуроодақ та Лукашенко үкіметін мигранттарды шекарадан әдейі өткізді деп айыптайды. Өткен аптада Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей мұны жоққа шығарып, шекарадағы жағдайға "Батыс саясатын" кінәлады.

"Шығыстағы шекарада жағдай өзгереді деп күтпейміз, себебі бірнеше күннен соң [кейінгі] 40 жылдағы ең ірі әскери жаттығу басталады" деді Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий 6 қыркүйекте.

Әскери жаттығуға қатысатын әскер саны да аймақты алаңдатып отыр. Ресей "Запад-2021" жаттығуына 200 мыңнан астам әскери қызметкер қатысатынын мәлімдеді. Оның ішінде Мәскеу келісімінің, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының және Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2 мыңға жуық сарбазы бар.

Жаттығуға Армения, Қазақстан, Тәжікстан, Үндістан, Қырғызстан, Моңғолия, Сербия, Шри-Ланка әскері қатысса, Қытай, Вьетнам, Бирма, Пәкістан, Өзбекстан бақылаушылар жібереді.

Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуын бастау шарасында тұрған Қазақстан, Қырғызстан және өзге елдердің сарбаздары. Мулино полигоны, Нижний Новгород облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.
Беларусь пен Ресейдің "Запад-2021" бірлескен әскери жаттығуын бастау шарасында тұрған Қазақстан, Қырғызстан және өзге елдердің сарбаздары. Мулино полигоны, Нижний Новгород облысы, Ресей, 9 қыркүйек 2021 жыл.

Егер бұл деректер рас болса, "Запад-2021" Еуропада кейінгі он жылдағы әскери жаттығудың ең ірісі болады, себебі 2018 жылы НАТО өткізген Trident Juncture жаттығуының өзіне 40 мың сарбаз ғана қатысқан.

Еуропадағы әскери жаттығуды реттейтін Вена құжатында жаттығуды НАТО бақылауы керегі жазылған. Бірақ НАТО "Запад-2021" жаттығуын бақылау жайлы ешқандай ұсыныс алмаған.

"НАТО "Запад-2021" жаттығуын бақылау туралы ұсыныс алмады" дейді Азаттық радиосына НАТО баспасөз хатшысы Оана Лунджеску. "Қырғи-қабақ соғыстан кейін Ресей Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Вена құжатына сай келетін әскери жаттығу өткізген емес. Әскери жаттығуға қатысатын сарбаз саны 13 мыңнан асса, бақылаушы болуы шарт. Ресей мен Беларусьті халықаралық міндеттемелерге сәйкес ашық болуға шақырамыз. Шекарамызда әскери іс-қимыл артқан кезде қауіпті азайтып, кез келген апат немесе оқиғаны болдырмау үшін бұл өте маңызды" дейді Лунджеску.

NATO Review журналының дерегінше, Ресей "Запад-2017" жаттығуына 12700 адам қатысатынын айтқан. Бірақ шын мәнінде оған 60-70 мың әскери қызметкер қатысқан.

БЕЛАРУСЬ ПЕН РЕСЕЙДІҢ ӘСКЕРИ БАЙЛАНЫСЫ

"Запад-2021" басталуына екі ай қалғанда-ақ Ресей мен Беларусь әскери техникасы мен адамдарын дайындай бастаған. 2017 жылы Ресей күштері бұдан кештеу дайындала бастаған дейді Вашингтонда орналасқан соғысты зерттеу институты.

Ресей Су-30 әскери ұшақтарын Беларусьтегі ортақ полигонға жіберді. Бұлар бірлескен тапсырмаларды орындап, екі елдің шекарасын күзетеді" деп мәлімдеді Беларусь қоғаныс министрі 8 қыркүйекте.

Беларусь пен Ресейдің қорғаныс министрліктері стратегиялық әріптестік туралы бес жылдық келісім жасады. Содан кейін 5 наурызда Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренин мен оның ресейлік әріптесі Сергей Шойгу үш бірлескен полигон құратынын жариялады. Бұл орталықтар Ресейдің Нижний Новгород, Калининград облыстарында, Беларусьтің НАТО мүшесі Польша мен Литва шекарасына жақын маңдағы Гродно қаласында орналаспақ.

Гроднода полигон құруы Ресейдің "Беларусьтегі әскери ықпалын арттырғысы келетінін" көрсетеді" деді белорус әскери сарапшысы Егор Лебядок 31 тамызда Азаттық радиосына.

Егер Ресейдің С-400 немесе Pantsir зенит-зымыран кешені секілді алдыңғы қатарлы техника Беларуське де тиетін болса ғана полигон ашудың мәні бар дейді Лебядок.

Ресей қарулы күшінің Pantsir-S1 зенит-зымыран кешені. Ресей аннексиялап алған Қырым түбегі, 9 шілде 2021 жыл.
Ресей қарулы күшінің Pantsir-S1 зенит-зымыран кешені. Ресей аннексиялап алған Қырым түбегі, 9 шілде 2021 жыл.

Қыркүйектің басында Александр Лекашенко Ресей Беларуське ұшақ, тікұшық, әуе қорғаныс жүйесі секілді әскери техника жеткізетінін мәлімдеді.

Ресей Беларусьтен екі әскери нысанды жалға алады. Атап айтқанда, Ресейдің әскери-ғарыш күші Ганцевичидегі стартегиялық нысанды, ал Ресей әскери-теңіз флоты Вилейкадағы нысанды жалдайды.

Кезінде Беларусь жерінде Ресей әскери әуе базасының болуынан қауіптенген Лукашенко халықаралық қауымдастық шеттеткен соң байланысты нығайтуға өзі мүдделі болды.

30 шілдеде, Светлана Тихановская АҚШ президенті Джо Байденмен кездескен күннің ертесіне Александр Лукашенко қажет болса екі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресей әскерін Беларуске шақыруға дайын екенін айтты.

Ресей "Запад-2021" жаттығуын Беларусьтегі әскери ықпалын күшейту үшін пайдаланып, 16 қыркүйекте жаттығу ресми түрде аяқталған соң да әскери техникасын қалдыруы мүмкін дейді шиеленістерді зерттеу орталығының сарапшысы Валерий Акименко.

"Лукашенконың ұстанымы жиі өзгереді, сондықтан бұл оның қолдауын алу үшін істеп отырған қадам болуы мүмкін. Бұл Ресей әскерінің Беларусьте тұрақты қалуының бірінші қадамы – маскировка болуы ықтимал. Мұндай жағдай НАТО-ның ашуына тиіп, Ресейдің Беларуське ықпалын күшейтуі мүмкін" дейді Акименко Ресейдің әскери айласын меңзеп.

"Кей элементтер қалуы мүмкін. Төрт жыл бұрынғыға қарағанда қазір олай болуы өте ықтимал, – дейді Rochan Consultin директоры, Ресей мен Беларусь жөніндегі тәуелсіз сарапшы Конрад Музыка. – [Орыстар] Лукашенконың өзі тап болған позициясын пайдаланып жатқаны анық. Беларусьте таңдау жоқ кезде Мәскеуді қорғаныс қатынасын тереңдетпек деп кінәлауға болмайды".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG