"Бұл қайғыға шыдай алам ба?" 9-қабаттан құлап қаза болған әйел мен үш баланың жақындары не дейді?

Келіні мен үш немересінен айырылған Нұржамал Оразова қайғыдан қан жұтып отыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы. 23 қараша 2021 жыл.

Алматы қаласында 28 жастағы Бақтыгүл Қыдырбаева үш баласын 9-қабаттан лақтырып жіберіп, артынан өз секіріп қаза болғаны жұртты қайғыртты. Марқұмдарды жерлеу рәсімі 24 қараша Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Үлгілі ауылында үйінде болады. Бұл шаңырақта марқұм әйелдің күйеуі, қаза болған үш баланың ата-әжесі тұрады. Әйелі мен үш баласынан айырылған Нұрсұлтан Оразов отбасымен бақытты өмір сүргенін, бірақ жұмыссыз болғанын айтады.

"БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРДІК, БІРАҚ ЖҰМЫССЫЗ БОЛДЫҚ"

Нұрсұлтан Оразов қаза болған әйелі Бақтыгүл Қыдырбаева мен үш баласының сүйегін Алматыдағы мәйітханадан алып, туған жері - Түркістан облысы Қазығүрт ауданы Үлгілі ауылына апарып жерлемек. Қызының қазасын естіген әкесі Нұрлыбай да Шымкенттен Алматыға келген.

- Күйеубалам мәйітханада жүр. Оған да, бәрімізге де қазір психологиялық ауыр болып тұр, - деді марқұмның әкесі Азаттыққа телефонмен.

Нұрсұлтан Оразов informburo.kz сайтына "Бақытты өмір сүрдік, бірақ жұмыссыз болдық. Әйелім балалармен үйде отырды, мен базарда тапқан жұмысты істеп жүрдім. Қазір ешқайда жұмыс істемеймін. Оқиға кезінде үйде болмадым, әйелім ештеңе айтпаған еді. Алты жыл Алматыда тұрдық, отбасымызда бәрі жақсы болды. Пәтер жалдап тұрдық, табыс аз болды. Жоғары білімім жоқ, Әлеуметтік көмек болмады, қатаң карантин болғанда да көмек сұрадық, әйелім халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдікке, барлығына барды, бірақ [көмек] бермеді. Енді менің де өмір сүргім келмейді" деген.

Алматыда балаларымен бірге биік үйден құлап, қаза болған Бақтыгүл Қыдырбаева және оның күйеуі Нұрсұлтан Оразов. Отбасы архивеінен алынған сурет.

Ал Қазығұрт ауданы Үлгілі ауылында Оразовтар отбасы келіні мен үш немересін жерлеуге дайындалып жатыр. Немересі мен келінінен айырылған Бауыржан Оразов, көрші-қолаң, жақындарымен ертеңгі, 24 қарашадағы жаназаға керек-жарақты әзірлеп жүр.

- Кеше (22 қарашада – Ред.) сағат түскі екі болмай естідік. Құдықты дәнекерлеп жатыр ем, сол кезде хабар келді. Балалардың бірі тыныс алып жатыр деді, Алладан тірі қалсын деп тілеп ем, ол да тірі қалмады... Осы күнге дейін мемлекеттен ақша сұраған емеспіз, күнкөрісіміз бәріне жететін. Олардың отбасында зорлық-зомбылық болуы мүмкін емес, [ұлым] темекі де шекпеген, арақ тұрмақ сыра да ішпейтін, - дейді Бауыржан Оразов.

"НЕДЕН БОЛҒАНЫ БІЗГЕ ДЕ ҚҰПИЯ"

Ал Нұрсұлтанның шешесі Нұржамал Оразова қаралы оқиғадан бір күн бұрын келінімен және немерелерімен видеоқоңырау арқылы сөйлескенін, балалары "ата-апа деп ойнап күліп жүргенін" айтады. Ол екі балам бір-бірін сүйіп қосылған еді, екеуі бір-бірінсіз тұра алмайтын еді деп қыстыға жылады.

- 20 қараша – балам Нұрсұлтанның туған күні, балама хабарласып едім, телефоны өшіп тұр, келініме хабарласып едім, ол телефонды балама берді. Баламды туған күнімен құттықтадым. Ойнап-күліп отырған. Не қара басқанын білмеймін, кесел болды ма? Келінге де ұрысқан емеспін. Сорлы балам-ай, не дүниеге душар болдың! Ұлым келінге саусағының ұшын тигізбеген. Үйлерінде айқай-шу болғанын естімегенбіз. Неден болғаны бізге де құпия, - деп жылады Нұржамал Оразова.

Бауыржан Оразовтың шаңырағы марқұм келіні мен немерелерін жерлеуге дайындалып жатыр. 23 қараша 2021 жыл.

Нұрсұлтан ата-анасына хабарласып, "төртеуінен айырылдым, қайтіп күн көрем?" деп жылаған. Әкесі ұлының тұрақты жұмысы болмағанымен, тұрмыс қиындығына шағымданбағанын айтады.

- Ұлымның тұрақты жұмысы жоқ, жалға көлік алып, Алматыда "Алтын ордада" картоп, сәбіз сатып сауда жасайтын. Тапқаны тамағына жететін. Жағдайға жоқшылық себеп болды дей алмаймын. Балам өзі түсінбей жатыр. Жақсы-ақ өмір сүріп жүрген. Келінім жылдам, өте пысық еді. Ауылға келгенде балаларын азанда бір, кешке бір рет шомылдыратын. Тазалықты жақсы көрген. Екеуіне де кінә тақпаймын, - дейді ол.

"ҚАНДАЙ АУЫР ЕДІ!.."

"Періштелерім-ай! Бұған шыдай аламын ба?! Қалай өмір сүремін?!" Марқұм Бақтыгүл Қыдырбаеваның анасы Анар Мырзабекова қазір қайғыдан қан жұтып отыр. Жоқтау айтып, қайта-қайта талып қалды. Көңіл айтуға келген жұрт пен туыстары оған басу айтуға тырысып жатыр.

- 20 қараша уатсаппен жазғанмын. Сол күні Нұрсұлтанның туған күні болған және үйленген күндері еді, сонымен құттықтадым. Видеоқоңырау шалып едім, алмады, "жақсымын мама" деп жазған еді. Қандай ауыр еді... Әттеген-ай! – деп жылады қызы мен жиендерінен айырылған Анар Мырзабекова.

Алматыда қаза болған әйелдің шешесі Анар Мырзабекова. Шымкент қаласы. 23 қараша 2021 жыл.

Марқұм Бақтыгүл Қыдырбаеваның жеңгесі Жанна Мырзабекова "Нұрсұлтанның әйеліне қолын көтергенін көрмедік, естімедік" дейді.

- Бақтыгүлдің мінезі ақкөңіл еді, жүрегіне сақтамайтын еді. Мектепті "Алтын белгіге" бітірген. Екі жыл бұрын дәрігер мамандығын бітірген еді.

"Елде пәтер жалдап, аз табысқа үш баланы асырау оңай емес"

Зульфия Байсакова

Зүлфия Байсақова, Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі:

Бұл отбасында жанжал болса да, оны қазір анықтау қиын. Бірақ Қазақстанда тұрақты табыс болмаса әрі пәтер жалдап тұрса, үш бірдей кішкентай баланы бағу оңай емес екенін түсіну керек. Баланың тамағы, киімі қазір арзан емесін ескерген жөн. Осының барлығы әйелдің шешіміне әсер етуі мүмкін. Әйелдермен көп жыл жұмыс істеп, байқағанымыз - бір баланы да, үш баланы да, жеті баланы да бағып-қағу оңай емес. Сондықтан Қазақстандағы әр балаға бірдей жәрдемақы төленуі тиіс деп бұған дейін президентке де, парламентке де бірнеше рет ұсыныс айтқан едік. Дамыған отыз елдің қатарына енуді көздейтін, экономикасының өскенін жиі айтатын мемлекет азаматтарына жағдай жасаса, ешкім қарсы болмас. Иә, бұл экономикалық жағынан қиын. Бірақ мемлекет көмек көрсетеміз дейді де, бюрократия мен коррупцияға жағдай жасайды. Әйелдер "жағдайым жоқ" деп өзі айтуға мәжбүр болып, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек сұрамауы керек. Бұл – адамды қорлайтын әдіс. Одан да барлық ережені алып тастап, неге бала асырап отырған отбасыларды бөлмей көмек көрсетпеске?

Нұрсұлтан Оразов пен Бақтыгүл Қыдырбаеваның Алматыдағы көршілері де олар жайлы жақсы пікірде. "Бұл үйге жаңа келген, тып-тыныш еді, тек балалары әрі-бері секіріп ойнап жүретін" дейді көршілерінің бірі.

Тағы бір көршісі "Айқай-шу болмаған, қарапайым отбасы. Күйеуім оларды лифтіде көріпті. "Жаңа квартиранттар келген сияқты" деді. Балалары тәп-тәуір киінген. Күйеуімен аулаға серуендеуге шығып бара жататын" деді.

Алматы қаласы әкімдігі Оразовтар отбасының Түркістан облысында тіркелгенін, жәрдемақы алуға өтініш бермегенін мәлімдеді.

Қайғылы оқиға болған жерде қонжықтың ойыншылары мен шырақ тұр. Алматы, 23 қараша 2021 жыл.

23 қарашада Алматыда Бақтыгүл Қыдырбаева Жетісу ықшамауданындағы көпқабатты үйдің 9-қабатынан үш баласын тастап, артынан өзі секіріп қаза болған. Бір бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қайғылы оқиғадан соң Алматы қаласы полиция департаменті "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғанғанын хабарлады.

Марқұмның жақындары бұл қайғыға ешкімді айыптамайды, қоғамда айтылып жатқан сөздерге де ештеңе демейді, барлығын тергеу шешер дейді.

ВИДЕО "Мінезі ашық еді". Үш баласымен 9-қабаттан секірген әйел жайлы туыстарының сөзі.