"500 доллар төледім". Ресейден қуылған тәжік мигранттары аты-жөнін өзгертіп, нәпақа табу үшін қайта барады

Ресейде жүрген тәжік мигранттары.

Ресейде миграция заңын бұзып қуылған тәжік мигранттары ол жаққа қайта оралу үшін өз елінде аты-жөндерін өзгертеді. Мұны Азаттықтың Тәжік қызметі зерттеуінде анықтаған. Мигранттар Тәжікстанға оралған соң құжатымды жоғалттым деп, жаңа паспорт алып, ондағы есімі мен тегін өзгертіп тастайды. Тәжік билігі бұған көз жұма қарап отыр. Бұл жайт кейбір шенеуніктердің "бизнесіне" айналған.

ЛУТФУЛЛО ҚАЛАЙ ГОЗИ БОЛДЫ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ТҮРМЕГЕ ТҮСТІ?

Тәжікстанда 2014 жылдан бастап 2021 жылдың алты айына дейін 235 мыңдай адам аты-жөнін өзгерткен. Олардың басым бөлігі – еңбек мигранттары, кейбірі паспортын үш-төрт ауыстырған.

Құқық қорғаушылардың есебінше, Ресейден миграция заңын бұзғаны үшін шығарылған тәжікстандық 270 мың мигранттың жартысы паспортын өзгертіп, Ресейге оралған.

Тәжікстанның 35 жастағы азаматы Убайдулло Алиназаров шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты жылға сотталған. Ол 2015 жылы Ресейден шығарылған. Кейін жаңа паспорт алып, аты-жөнін Гози Фирузов деп өзгертіп, Ресейге қайта барған.

"Осы паспортпен үш жыл Ресейге барып-келіп жүрдім" дейді ол.

2019 жылы жазда Ресейдің органдары оны елге кірерде тағы ұстаған.

"Жұмысқа жаңа патент аларда менің саусақ іздерім арқылы кім екенімді біліп қойған. "Убайдулло, неге атыңды өзгерттің?" деп сұрады" дейді мигрант.

Басында ол аты-жөнін өзгерткенін мойындамаған, кейін Ресейдің органдары ескі паспортын көрсеткенде мойындауға тура келген.

Ресей полициясы тәжік мигранттарының құжаттарын тексеріп жатыр. Көрнекі сурет.

Убайдулло Ресейде тағы алты айға сотталып, 2020 жылы қаңтарда елден бес жылға қуылған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің журналисі фамилиясын өзгертіп, Ресейге қайта барған Тәжікстанның он шақты азаматымен сөйлесті. Олардың арасында бес-алты жылда аты-жөнін үш төрт рет өзгерткендер бар. Барлығының мақсаты – Ресейге қайта жұмысқа бару болған.

ТӘЖІКСТАНДА АТЫ-ЖӨН АУЫСТЫРУ "ӘДІСІ"

Тәжікстан заңына сай, аты-жөн ауыстыру үшін алдымен туу туралы куәлікті өзгерту керек. Ол үшін екі фото, жұмыс орнынан анықтама, ата-анасының паспортының көшірмесі, ата-анасының неке куәлігінің көшірмесі, аты-жөнін ауыстыру туралы өтініш, паспортының көшірмесі, неке туралы куәлігі, балаларының туу туралы куәлігі қажет.

Аты-жөні өзгертілген жаңа құжатты жасатуға үш айдай уақыт кететін, бірақ Азаттықтың Тәжік қызметімен тілдескендер пара берсе құжат он күнде дайын болатынын айтқан.

Зерттеу авторы биыл тамызда Душанбедегі АХАЖ бөлімдерінің біріне хабарласып, эксперимент жүргізіп көрген. Журналист пен АХАЖ өкілінің әңгімесін қаз-қалпында ұсынамыз:

Журналист: - Аты-жөнімді ауыстырсам деп едім.

АХАЖ өкілі: - Өзіңе ме?

Журналист: - Өзіме, мені Ресейден депортация жасаған еді, қайта барғым келеді.

АХАЖ өкілі: Жақсы, ол үшін -зода деп аяқталатын фамилия алуың керек. -ов деп аяқталатын фамилия бермейміз. Құжаттарды жинап алып кел.

Журналист: Ата-анамның неке куәлігі, өзімнің неке куәлігім жоқ.

АХАЖ өкілі: Ештеңе етпейді, басқа құжаттарды алып кел.

Журналист: Жаңа ЖСН ала аламын ба?

АХАЖ өкілі: Тұрғылықты жер деген графаны өзгерту керек. Қай ауданды тіркелгенсің?

Журналист: Н. ауданында.

АХАЖ өкілі: Аты-жөніңді осы ауданда алмастырасың да басқа ауданға барып тіркелесің. Осыдан соң жаңа ЖСН аласың. Аты-жөніңді нешінші рет өзгертейін деп отырсың?

Журналист: Бірінші рет.

АХАЖ өкілі: Аты-жөнін өзгерткен бірнеше адам Ресейде қайта ұсталған. Екеуі аты-жөнімен қоса тұрғылықты жерін де өзгерткен. Аты-жөнін өзгертіп, тұрғылықты жерін өзгертпегендерді анықтап қояды.

Журналист: Құжат неше күнде дайын болады?

АХАЖ өкілі: 20-25 күнде.

Журналист: Маған ертерек керек еді.

АХАЖ өкілі: Онда құжаттарыңды тез жинап алып кел, сөйлесеміз.

Журналист: Қанша төлеуім керек?

АХАЖ өкілі: Құжаттарыңды әкел, содан соң сөйлесеміз.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі де, әділет министрлігі де аты-жөнін ауыстырып, жаңа құжат алу үшін пара алатындар барын мойындайды.

"Ресейде тәртіп бұзғандар аты-жөнін өзгертуді ойлайды. Бұған біздің қатысымыз жоқ. Азаматтар келіп, аты-жөнін өзгертіп, әкесінің я анасының тегін алғысы келеді. Кейбірі фамилиясын дәстүрге сай өзгертем дейді. Біз құжатта осы деректерді ғана көрсетеміз. Қайталап айтамын, бұған біздің қатысымыз жоқ" дейді Әділет министрлігі АХАЖ басқармасы бастығының орынбасары Ифтихор Самадзода.

Ал еңбек министрлігі миграция қызметінің өкілі Әкбар Хожаназаров аты-жөнін өзгерту 2008-2009 жылдардан басталғанын айтады.

"Сол жылдары Ресей билігі мигранттарды жаппай депортациялай бастады. Мигранттар аты-жөнін өзгертіп, қайта Ресейге кетті. Нақты қанша адам аты-жөнін өзгерткенін білмеймін, бірақ олар өте көп" дейді ол.

Ресейдегі тәжік мигранттарының құқығын қорғап жүрген Каримжон Ёров "мигранттар аты-жөнін өзгерту үшін 500 доллар төлегенін айтты" дейді.

"Ресей органдары мұндай адамдарды біліп қояды. Қазір аты-жөнін өзгертіп қайта келген Тәжікстан азаматының ісі сотта қаралып жатыр" деді ол.

Ёровтің есебінше, Ресейден шығарылған 272 мың тәжік азаматының 135 мыңға жуығы аты-жөнін өзгерткен. Демек АХАЖ органдары 135 мың адамнан 500 доллардан алса, төлқұжат жасайтын ресми қызметкер жеті жылда шамамен 67,5 млн доллар "пайда" тапқан.

ЧЕПИГА ЖӘНЕ ТӘЖІКСТАН ПАСПОРТЫ

Тәжікстан паспортын алудың жеңіл екені бұрын да айтылған. Мәселен, Ресей қарулы күштерінің бас штабының офицері болуы мүмкін Анатолий Чепига 2014 жылы Чехияға тәжік паспортымен кірген. Ол құжатта Чепиганың аты "Руслан Табаров" болған.

Тәжікстан билігі биыл сәуірде Чепигаға паспорт бермегенін мәлімдеген. Бірақ Чехия үкіметі Руслан Табаров есімді адамға берілген Тәжікстан паспортының суретін жариялаған еді.

"Руслан Тарасов" атына берілген Тәжікстан паспорты

Чехия билігі Чепига мен Ресей қарулы күштерінің тағы бір өкілі Александр Петровты 2014 жылы Чехиядағы әскери қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа айыптайды.

Ұлыбритания Петров пен Чепиганы Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы агенті Сергей мен Юлия Скрипальдарды "Новичокпен" улауға қатысы бар деп санайды.

Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстанда да жаңа паспорт алып, Ресейге қайта кіретіндер бар. Қырғызстан басылымдарының дерегінше, 2014 жылы бұл елде 38 мың адам аты-жөнін өзгерткен. Олардың көбінің мақсаты – Ресейге барып, жұмысқа тұру.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Bellingcat: "Боширов" – Ресей барлаушысы Анатолий Чепиганың лақап аты