4 қаңтарда Алматының Арбат алаңы маңында бірнеше жас қаламгер Маңғыстау облысындағы наразылықты қолдап, акция өткізді. "2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы қайталанбасын, бейбіт халыққа оқ атылмасын" деген жігіттер газ құны Маңғыстау облысында қатты маңызды болғанмен, қымбатшылық мәселесі барлық өңірде күйіп тұр деді.
- Мәселе газды 50 теңгеге дейін арзандатуда ғана болып отырған жоқ. Қазақстанда қымбатшылықтың дендегеніне куә болып отырмыз және алматылық қаламгерлер соған үн қосқысы келеді. Жаңаөзендегі оқиғалардың барлығын қадағалап отырмыз, – деді Файзулла Төлтай есімді жігіт.
Арбат маңында полицейлер толып жүргендіктен жас қаламгерлер наразылық акциясын Арбат маңындағы бұрынғы "аэровокзал" ғимараты жанында өткізді.
- Жаңаөзен халқының талаптары өте орынды. Билік пен халық арасындағы үлкен көпірдің қирап қалғаны өтірік емес. Сондықтан билік осы мәселелерді ескере отырып, бір шешімге келуі тиіс, Жаңаөзендегі оқиғадай оқ атылмасын, билік халықтың жан айқайын естісін, қазіргі кедейшілік мәселесі шешілсін. Біз Жаңаөзенмен біргеміз, - деді Тілек Рысбек есімді жігіт.
Наразылық кезінде Абзал Сүлеймен және Маңғыстау өңірінің тумасы Аслан Қуанышұлы да өз пікірлерін айтып, Маңғыстау халқына қолдау білдірді. Жан-жақта полиция қызметкерлері көп жүрді. Бірақ қаламгерлердің наразылығына кедергі жасалмады.
2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып, қолдау білдірген.
Елдің түкпір-түкпірінде полицияның белсенділерді ұстағаны туралы хабар жиіледі. 4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше қаласында полиция саяси күштер шақырған "митинг орындарынан" ондаған адамды ұстап әкетті. Сейсенбі күні астанада кемінде 50 адам, Шымкентте 20-дан астам адам, Ақтөбеде елу шақты адам ұсталған. Алматы облысында полиция "Қазақстан – үлкен абақты" атты акция өткізген Еркін Қазиев бастаған бірнеше белсендіні бөлімшеге алып кеткен.
4 қаңтарға қараған түні Алматыда кемінде он белсенді әкімшілік жауапқа тартылды.
Ақтау мен Жаңаөзенде халық әлі тарқаған жоқ. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 4 қаңтарда Жаңаөзендегі орталық алаңға 3 мыңнан аса адам жиналып, билікке талаптарын айтқан. Атырау облысында Теңіз кеніші мен Маңғыстау облысы Қаламқас кенішіндегі жұмысшылардың жұмысты тоқтатып, Жаңаөзенді қолдап, ереуілге шыққаны хабарланды. Бұған қатысты әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.