Ақмола облысында Kokshetau Asia сайтының редакторы Нұржан Баймулдин "төтенше жағдай кезінде тәртіптің бұзылуына ықпал ететін әрекеті үшін" (478-бап) он күнге қамалды. Бұл жөнінде журналистің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, журналистің әкімшілік жазаға тартылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы сұрақ қоюы түрткі болған. "Тоқаев Путинге есеп берді" атты жазбасында Баймулдин Тоқаевтан жаңа үкімет құрамын жариялайтыны жөнінде не үшін ҰҚШҰ жиынында айтты деп сұраған.
"Тоқаевқа сұрақтар қойғаным үшін 10 күнге қамалдым. Түнгі сағат 11-де қарауылды күтіп тұрмын. Түскі сағат 12-ден бері ас- cусыз отырмын. Ашпын. Өзін полиция бастығының орынбасары деп таныстырған уәкіл алдап шақырды. Үш сағаттан астам уақыт бойы адвокатсыз ұстады. Мені мүдірту үшін учаскеде хаттамаға үш рет жаңа сұрақтар енгізілді. Тергеуші бір жаққа барады да, алдын ала келісілген жаңа сұрақтар алып келеді" деп жазды ол.
Кейін полицияда журналистің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем қызметі шақырылған. Бірақ дәрігерлер оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) диагнозын қойып, парацетомол ішуге кеңес берген. Өзінің айтуынша, судья фельдшер жазып берген қағазға күліп, "егер кінәңді мойындағанда, айыппұл алатын едің" деп айтқан.
Қазақстанда қаңтар айындағы наразылықтар мен тәртіпсіздіктерден кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішімен елге ҰҚШҰ әскері кіргізілген. Биліктің бұл шешімін көптеген белсенді сынаған еді.
Бұған дейін Тоқаев ҰҚШҰ әскері 13 қаңтардан бастап шығарыла бастайды, әскер шығару процесі он күннен аспайды деп мәлімдеген.