14 қаңтарда Ақмола облысы Степногорск қаласында полиция экобелсенді Артем Сечневтің үйіне тінту жүргізген. Бұл жөнінде Азаттыққа туыстары хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, тінту кезінде белсендінің фотоаппараты тәркіленген, келгендер тінту жүргізу туралы қаулыны көрсеткен. Экобелсендінің туыстары оқиғаға алаңдайды, олар белсендіні куәгер статусынан күдіктіге айналдыруы мүмкін деп қауіптенеді. Олардың бұлайша топшылауына полиция әрекеті түрткі болған.
Қаңтар басында Сочневті полиция әлеуметтік алауыздық тудыру ісі аясында "қорғалуға құқығы бар" куәгер ретінде тергеген. Ол Жаңаөзендегі газдың қымбаттауына қарсы митингіні қолдап, жалғыз адамдық пикет өткізгеннен кейін "полиция назарына ілінген".
15 қаңтарда кешке экобелсендінің туыстары Ақмола облысының полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының шұғыл желісіне хабарласып, полицейлердің әрекетіне шағымданды. Сочневтің қудалануына байланысты шағым автоматты түрде жауап беретін аппаратқа жазылған. Кейін туыстарына полициядан хабарласып, жағдайды тексеретінін хабарлаған.
— Артем полиция назарға алатындай заңға қайшы ештеңе жасаған жоқ. Оның үйін не үшін тінткені – түсініксіз. Көшеге шығып, тікелей эфирде сөйлегені үшін адамды қылмыстық қудалауға бола ма? Жоғары жақтағылар бұған назар аударып, қылмыстық қудалауды доғарады деп үміттенеміз. Президенттің өзі бейбіт шеруге шыққандар қылмыстық қудалауға ұшырамайды деп айтты емес пе? – деді Сочневтің туысы Азаттық тілшісіне.
Халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы қаңтар оқиғасынан кейін мыңдаған адамның ұсталуына алаңдаушылық білдірген. "Кей жағдайда Қазақстан билігі "әлеуметтік алауыздық" деген бұлыңғыр айып бойынша өзгеше ойлайтындарды қудалаған. Мұндай іске 4 қаңтарда Степногорскіде жалғыз адамдық пикет өткізген эколог Артем Сочнев те ілінген" деді 12 қаңтарда Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.
Кейінгі кезде пікір айту және жиналу еркіндігі құқығын жүзеге асырмақ болған қазақстандықтардың ұсталғаны жайлы ақпараттар жиі түсіп жатыр. Қазақстандық құқық қорғаушылар жинақтаған деректерде Степногорскіде тағы бір белсендінің қудаланып жатқаны туралы мәлімет бар. Атап айтқанда, 13 қаңтарда "СОБР-дың қаруланған 20 қызметкері құқық қорғаушы Айя Сәдуақасованың үйіне басып кірген", наразылыққа қатыспаған құқық қорғаушының үйін заңсыз аңдитыны туралы мәлімет те бар. Кейін Сәдуақасованың ұсталғаны хабарланды.
11 қаңтарда ІІМ қаңтардағы оқиғаға байланысты Қазақстан бойынша он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары биліктің ұсталғандар туралы ақпаратты жарияламағанына алаңдаушылық білдірген. Олар Қазақстан билігін барлық ақпаратты жариялап, заңсыз ұсталғандарды босатуды, ұсталғандардың құқығын құрметтеуге шақырған.
15 қаңтарда кешке Бас прокуратура қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 225 адам қаза болғанын, төрт мыңнан астам адамның жарақаттанғанын айтқан. Бас прокуратура 15 қаңтарда 672 адамның уақытша қамау изоляторына қамалғанын, шамамен жүз адам "негізсіз ұсталғандықтан" босатылғанын хабарлаған.