Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев жұма күнгі брифингте қаңтар оқиғасы кезінде немесе оқиғадан кейін полицияның жаралыларды ауруханадан ұстап әкетуіне байланысты министрліктің ұстанымын түсіндіре алмады. Бұл сұрақты спикерге Азаттық тілшісі қойған.
– Бұл сұраққа әріптестерімізбен ақылдаса отырып, жазбаша жауап берген дұрыс болар деп ойлаймын, – деді Бүркітбаев.
Бұл оқиғадан бері бір айдан астам уақыт өткені және жұрт билік түсініктемесін күтіп отырғаны айтылған кезде шенеунік "объективті салмақты жауапты жазбаша түрде жолдаймыз" деді.
Жұма күні кешке ведомство хабарлама жолдады. Онда қамау мен қамауда ұстау тек сот санкциясымен ғана жүргізілетіні туралы Қылмыстық-процестік кодекстен алынған үзінді болды. Бұған қоса, бұл мәселе жөнінде қауіпсіздік органдарынан сұрау қажеттігі жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігі қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қанша адамның ауруханадан ұстап әкетіліп, тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарына қамалғанын нақтыламады.
24 қаңтарда Азаттық радиосы қарулы жасақтың жараланған азаматтарды күштеп әкетіп бара жатқаны көрінетін бірнеше видео жариялаған. Видео 9 қаңтар күні Алматыдағы жедел көмек көрсету ауруханасында түсірілген. Ұсталғандардың барлығы қаңтардағы дүрбелең кезінде жараланған.
Видеода аяғы оралып, балдаққа сүйенген он шақты адамды жасақтың автозактарға алып бара жатқаны көрінеді. Жасақ кейбірін жартылай жалаңаш, кейбірін жалаңаяқ әкетіп барады. Куәгердің айтуынша, арнайы жасақ оларды палаталарда ұрып-соғып, тіпті киінуге де мұрша бермеген. Ал дәрігерлер оларды ұстап әкетеді деп ойламаған, олар полицияның оқыс әрекетінен қорқып қалған.
Оқиғаға түсініктеме берген құқық қорғаушылар медициналық көмек бермеу азаптаумен пара-пар екенін айтқан.
Видео: Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті? (24 қаңтар 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Денсаулық сақтау саласының кейбір сарапшылары мұндай әрекет азаматтардың денсаулығын қорғауға құқығы бар екені көрсетілген Қазақстан Конституциясының 29-бабына қайшы дейді.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ жымқыру" және өзге баптар бойынша қамауға алынды. Қамалғандардың кейбірінің туыстары тергеу изоляторларында әлі азаптау жалғасып жатқанын, полицияның жақындарын күштеп мойындатуға тырысып жатқанын айтады. Алайда ІІМ-ге қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тергеу изоляторларында азаптау барын жоққа шығарған. Олардың айтуынша, адамдар ол жаққа әу бастан-ақ жарақаты бар күйде жеткізілген.
- Халықаралық құқық қорғаушылар билікті қаңтар оқиғасын жан-жақты ашық зерттеуге шақырған. Азаптаулар туралы шағымдардың бәрін тексеріп, кінәлілерді жазаға тартуға үндеген. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде "қажетті тексерістер" жүргізіліп жатқанын алға тартып, оқиғаны халықаралық дәрежеде зерттеуге қажеттілік жоғын айтқан.