Осы аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот видеоформатта кездесу өткізді. Конференция барысында HRW өкілі қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық сарапшыларды тарту қажеттігін атап өткен. Дегенмен Қазақстан СІМ-нің кездесу туралы ресми хабарламасында ол жөнінде ақпарат болмай шықты.
Қазақстан СІМ кездесу туралы қысқа хабарлама таратты. Онда ведомствоның Human Rights Watch ұйымымен қаңтар оқиғасын зерттеу бойынша "диалог жүргізе бастағаны" жазылған.
"Тараптар Қазақстандағы "Қасіретті қаңтар" оқиғалары аясында адам құқығы саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау мәселелерін талқылады" деп жазылған министрліктің 8 ақпан күнгі хабарламасында.
Онда "президент тапсырмасына сай, құқық қорғау органдары қарулы тәртіпсіздікті жан-жақты толық зерттеуі тиіс" екені жазылған.
Министрліктің хабарлауынша, Кеннет Рот "Қазақстан билігінің диалог пен ынтымақтастыққа ашықтығын және адам құқықтарының халықаралық стандарттарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін растауын" құптаған.
Кездесу барысында тараптар қаңтар оқиғасының жан-жақты зерттелуіне мүдделі екенін атап өткен. Тілеуберді "Қазақстанның тергеу органдары әрбір азамат пен халықаралық қауымдастықты алаңдатқан әрбір жағдайды қарауға дайын" екенін айтқан. Екі жақ "диалогты жалғастыруға" келіскен.
Ал Human Rights Watch ұйымы кездесуден кейін жариялаған хабарламасында "Қазақстан үкіметі қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығының өрескел бұзылуын зерттеуге халықаралық сарапшыларды шақыруы тиіс" деп мәлімдеді.
"Қазақстан қаңтар оқиғасын зерттейтінін және комиссия құратынын жариялады, бірақ бұған дейін үкімет мұндай істерді әділ әрі жауапкершілікпен атқара алмаған. Халықаралық және ұлттық зерттеушілерден құралған аралас (гибридті) зерттеу оқиғаның жан-жақты зерттелуіне жақсы мүмкіндік береді" деді HRW атқарушы директоры Кеннет Рот.
Ұйымның хабарлауынша, Рот кездесу барысында осы мәселені қозғаған.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен сарапшылар да атап айтқанда, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, БҰҰ сарапшылары, АҚШ, ЕО-ның адам құқығы жөніндегі уәкілі қаңтар оқиғасын жан-жақты тәуелсіз зерттеуге шақырған.
"[Зерттеу] тәуелсіздігіне кепілдік беретін жалғыз жол – ұлттық-халықаралық дәрежеде зерттеу жүргізу" деп жазылған ұйым сайтында.
Ұйымның пікірінше, фактілерді анықтайтын мұндай зерттеуге жеткілікті ресурс қажет, тәуелсіз әрі ашық жүргізілуі тиіс. Бұған қоса, үкімет ақпаратына да қолжетімділік болуы керек. Зерттеу 4-6 қаңтар күнгі наразылық кезінде қаза болғандардың өлімінің жай-жапсарын ашып, күштік құрылымдардың оған қатысы, азаптау мен билік өкілетін асыра пайдалану фактілерін қамтуы тиіс.
Ұйымның пікірінше, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар сілтей алады.
HRW Қазақстан билігінің бұған дейін адам құқығын өрескел бұзу фактілерін зерттеп, тексеру бойынша сәтсіздікке ұшырағаны туралы құжат түрінде айғақтары барын айтады. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын да мысалға келтіреді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаруындағы Қазақстан үкіметі қаңтар оқиғасынан кейін экономикалық және саяси мәселелерге жаңа қырынан қарау міндетін алды. Жуырдағы билік өкілетін асыра пайдалану жайттарын ескеру осы процестің бір бөлшегі болуы тиіс. Өзінің беделіне нұқсан келтірмес үшін Қазақстан зерттеуі жоғары халықаралық стандартқа сәйкес болуы тиіс" деп жазылған хабарламада.
- Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында басталған наразылық елдің өзге өңірлеріне жылдам жайылды. Кейбір өңірде тәртіпсіздіктер болды. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Билік қаза болғандардың тізімін жарияламады.
- Азаматтық белсенділердің айтуынша, қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар көп.
- 6 қаңтарға қараған түні Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет "террорист" сөзін қолданды. Ол Қазақстанға "іс жүзінде халықаралық террористік топ" шабуыл жасады деп мәлімдеді. Ол бұл тіркесті ҰҚШҰ-дан "әскери көмек" сұрау үшін және күштік құрылымдарға "арнайы операция" кезінде "ескертусіз оқ атуға" бұйрық беру үшін пайдаланды.
- Халықаралық құқық қорғау ұйымдары оқиға кезінде әскерилердің шамадан артық күш қолданғанына айғақтар барын хабарлаған. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар сыны көбейген шақта билік өткен аптада полиция азаматтарға "күш қолданған болуы мүмкін" деп мәлімдеп, "заңсыз тергеу әдістері" туралы айтқан. Бас прокуратура "заңсыз тергеу әдістеріне қатысты" 148 шағым түскенін, 105-і бойынша қылмыстық іс басталғанын хабарлады. Күдіктілердің ұсталғаны айтылмайды.
ПІКІРЛЕР