Америкалық шенеуніктер Ресей президенті Путинге тиесілі дейтін "Шехерезада" яхтасының құны 750 млн фунт (шамамен бір миллиард доллар) болуы мүмкін деп жазды британиялық The Sun таблоиды.
Басылым яхтаның ішкі интерьерімен танысып, "пасық байлық" деп жазды. The Sun "Шехерезаде" яхтасынан "түсірілген" фотоларды да жариялады. Фотоларда дәретхана қағазына арналған алтын жалатылған ілгіш, қара белбеулі кимоно ілінген спорт зал, джакузи, рояль, кең тамақ ішетін зал көрінеді. Бұрын осы яхтада жұмыс істегендердің бірі газетке бұл яхтаны сатып, түскен қаржыны Украинаға беру керек деген ойын айтқан.
Алты палубалы супер яхта екі жыл бұрын құрастырылып біткен, қазір Солтүстік Италиядағы портта тұр. Иесі белгісіз. Бірақ ресейлік оппозиционер Алексей Навалныйдың командасы және америкалық New York Times газетінің дереккөздері бұл яхтаның иесі Путин деген.
Навалный командасының зерттеуінде яхтада жұмыс істейтіндердің көбі Ресей федеральды күзет қызметкерлері екені айтылады. Бұл күзет қызметі Путиннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Навальный тобы Италияда тұрған қымбат яхта Путиндікі деген болжам айтты