Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін оппозиция белсендісі Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырды. Ұйым өкілдерінің пікірінше, билік тіркелмеген “Қазақстанның демократиялық партия” жетекшісіне “сыншыларды тұншықтыру” үшін пайдаланатын заңға сүйене отырып, айып таққан.
33 жастағы Жанболат Мамай 14 наурызда Алматыда өзіне қозғалған екі қылмыстық іске қатысты қамауға алынған болатын. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады.
Белсенді 25 ақпаннан бері қамауда отыр: бастапқыда ол Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 күнге қамалды, кейін “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату” баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына қамалды.
Алғашқы іс былтыр қыркүйекте болған рұқсат етілмеген митингімен байланысты. Ол кезде Мамай "адамдарды ұрып-соққан полицейлерге" қарата "қарабет" сөзін қолданған, кейін полицейлер белсендінің үстінен шағымданып, іс қозғалған.
"Қазақстан бейбіт жиындарға қатаң шектеу жасап жатыр, ал қоғамдық жиын өткізу туралы заң халықаралық стандартқа сәйкес емес" деп атап өтеді ұйым өкілдері.
Екінші істің қозғалуына қаржы нарығын реттеу агенттігінің Мамай үстінен шағымдануы себеп болған. Агенттік белсендіні қарызы бар адамдардың мәселесі бойынша "жалған ақпарат таратты" деп кінәласа, белсенді қарыз мәселесін аталған "агенттік шешуі тиіс" деп айтқаным үшін шағымданып отыр дейді.
"Қазақстан билігі "өзгеше ойлайтындарды" басу үшін осы заңға жиі жүгінеді" дейді HRW өкілдері.
"Осы айда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан" құрып, оппозициялық саяси партияларды тіркеу ережесін жеңілдетуге уәде берді. Егер Қазақстанда шынымен ашығырақ саяси жүйе құрылса, онда оны Мамай құқықтарын құрметтеуден бастауға болады. Билік оған тағылған жасанды айыптарды алып тастап, босатуы тиіс" дейді штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан ұйым өкілдері.
Өткен аптада Мамайдың қамалуына байланысты АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де алаңдаушылық білдірген.
"АҚШ елшілігі Жанболат Мамай қамауда қалғанына алаңдаушылық білдіреді. Сөз бостандығын құрметтеу мен бейбіт митингіге шығуға мүмкіндік беру – демократияның негізі. Қазақстан үкіметін барлық азаматқа бейбіт түрде пікірін қамалудан я қуғындаудан қорықпай, ашық айтуға мүмкіндік беруге шақырамыз" деп жазды елшілік Твиттер парақшасында.
Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол Қазақстанның демократиялық партиясын құрып, тіркеуге тырысқан. Бірақ биліктің кедергі келтіргенін алға тартқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ елшілігі Жанболат Мамайдың қамалғанына алаңдаушылық білдірді