Шашылған мәйіттер, өртенген көліктер, көшедегі қырғын. Бучада не болды?

Буча қаласында шашылып жатқан мәйіттер мен өртенген көлік. 2 сәуір 2022 жыл.

Киев облысындағы Буча қаласында ондаған бейбіт тұрғынның қырылғаны – Украинадағы соғыстың ең ауыр сәттерінің бірі. 2 сәуір кешкісін Reuters, AFP, AP ақпарат агенттіктері мен Украина билігі Бучаның көшесінде жайрап жатқан жай киімдегі адамдардың суреттерін жариялады. Қаза болған кейбір тұрғындардың қолы байлаулы жатқаны байқалады. Киев "Ресей оккупанттары қаладан құр кетпей бейбіт тұрғындарды қырып кетті" деп мәлімдеді. Ал Ресей Бучадағы фотоларды "фейк" дейді. Бұл мақалада Бучада не болғанын қысқаша түсіндіреміз.

Мақалада адамның жүрегіне тиетін суреттер, видеолар мен ақпараттар бар.

Reuters агенттігінің тілшілері түсірген фотоларда көшеде шашылып жатқан бірнеше адамның мәйіті, қираған көліктер мен әскери техникалар көрінеді. Тағы бір фотода велосипед мінген адамның мәйіті жатыр.

Соғыс басталғалы Ресей мен Украина әскерилері Буча қаласы үшін кескілескен шайқас жүргізген еді. Сенбі, 2 сәуір күні Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр "Украина әскері Киев облысына толық бақылау орнатты" деп мәлімдеді.

Буча көшесінде жатқан мәйіттер. 3 сәуір 2022 жыл.

AFP агенттігі таратқан фотода да көшеде шашылған мәйіттер, қираған қала, өртенген көліктер, үйлер мен танкілер байқалады. AFP агенттігінің фототілшісі Бучада 20 адамның мәйітін көрген. 16 адамның мәйіті тротуарда не бордюрда жатқан, ал үш адамның сүйегін көшенің ортасынан, бір адамның мәйітін қираған үйдің жанынан байқаған. Мәйіттердің бірінің жанында Украина азаматының паспорты болған. Оның қолы артқа байланып жатқан. Тағы екі адамның қолында ақ мата байланған.

Буча мэрі 280 адам бір жерге жерленгенін айтады. 2 сәуірде түсірілген сурет.

Жергілікті тұрғындар Reuters агенттігіне "ресейлік әскерилер қолдарына осындай ақ мата байлап жүруге мәжбүрлегенін" айтқан. Буча мэрі Федорук AFP агенттігіне "қолдағы ақ мата адамның қарусыз екенін білдірген" деген.

Буча мэрі Анатолий Федорук 3 сәуірде AFP агенттігіне "кемі 280 адамды бір жерге жерледік, қала көшесінде мәйіттер өте көп" деді. Оның сөзінше, қаза тапқандардың арасында ерлер, әйелдер және балалар да бар.

Ал Украина бас прокуроры Ирина Венедиктова Киев облысынан 410 адамның мәйіті сот-медициналық экспертизаға жіберілгенін мәлімдеді.

Венедиктова "Киев облысына Ресей басқыншы әскерінің әрбір қылмысын тіркеу үшін тергеу тобы кеткенін", "Киев облысында жарылмай қалған мина, бомбалардан тазарту жұмыстары да жүріп жатқанын" айтты. "Бұл жерді тозаққа айналдырғандарды жазалау үшін мұның бәрін құжатқа тіркеу керек" деді ол.

ЗЕЛЕНСКИЙ: БҰЛ – ГЕНОЦИД

Украина президенті Владимир Зеленский CBS телернасының эфирінде "Бұл - шын мәнінде геноцид, бір ұлтты, халықты тұтастай жою" деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, Зеленский өзі жариялаған видеоүндеуінде "Ресей елінің мәдениеті мен адамдығы украиналықтармен бірге өлді" деді.

Буча қаласында жатқан мәйіт. 2 сәуір 2022 жыл.

"Ресейлік солдаттардың әрбірінің анасы Буча, Ирпень, Гостемельде өлтірілген бейбіт тұрғындардың мәйітін көрсе деймін. Олардың не жазығы бар? Көшеде велосипедпен кетіп бара жатқан ер адамның не жазығы бар? Бейбіт қалада бейбіт тұрғындарды неге қинап, өлтірді? Әйел адамның құлағындағы сырғасын жұлып алған соң не үшін қинаған? Әйелді зорлап, балалардың көзінше өлтірудің не керегі бар еді? Адамды өлтірген соң не үшін қорлады? Өлген адамдардың мәйітін неге танкімен мыжыды?.. Ресей билігі де мұны көрсе деймін. Қандай бұйрық – сондай орындау" деді Зеленский.

Украина президенті Зеленский Кремль басшылары өз әскерінің Бучадағы жауыздығын өздері келіп көруге шақырды.

РЕСЕЙ НЕ ДЕДІ?

Ресей қорғаныс министрлігі Буча қаласынан тараған фотолар мен хабарларды "провакация", "қолдан жасалған", "фейк" деп атады.

Ведомство "Ресей әскерилері Буча қаласын бақылауда ұстап тұрғанда бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шекпегенін, қандай да бір зорлық-зомбылық болмағанын", есесіне "украиналық әскерилер қаланың оңтүстік ауданын күні бойы атқылағанын" айтады.

Ресей қорғаныс министрлігі "әскерилеріміз 30 наурызда шығып кетті. Ал Бучадағы қылмыстық дәлелдері деген ақпараттар төртінші күні, Украина қауіпсіздік қызметі мен украиналық телеарналар келген соң шықты" деді.

Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздерден тексеру қиын.

Ресейлік телеарналар да Украинадағы "қолдан жасалған қойылымдар" жайлы жаппай айтып жатыр. Ресей "Украиналық радикалдардың Буча қаласындағы қорқынышты провакациясынай байланысты" БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізуді сұрады. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік комитетіне қазір төрағалық ететін Ұлыбритания Мәскеудің жиын өткізу өтінішін мақұлдамады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚАНДАЙ РЕАКЦИЯ ТАНЫТТЫ?

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш "Бучадағы бейбіт тұрғындардың өліміне тәуелсіз тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту жайлы" айтты.

Батыс елдері Бучадағы бейбіт тұрғындардың өліміне байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды ойластырып жатыр. Бұл туралы Еуропа кеңесінің басшысы Шарль Мишель, Германия канцлері Олаф Шольц, Ұлыбритания премьері Борис Джонсон мәлімдеді.

Франция президенті Эммануэль Макрон "Ресей билігі бұл қылмысы үшін жауап беруі тиіс" деді.

Буча қаласында шашылып жатқан мәйіттер. 2 сәуір 2022 жыл.

Бучадан қорқынышты суреттер тарап жатқан тұста Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Ресейдің Чернигов, Харьков, Киев облыстарындағы соғыс қылмыстары туралы баяндамасын жариялады.

HRW баяндамасында 4 наурызда Ресей әскері Бучада бес адамды ұстап, біреуін өлтіргені жайлы айтылған. Бұл оқиғаның куәгері солдаттар жергілікті тұрғындарды жол жағасында тізерлеп тұруға мәжбүрлегенін, біреуінің футболкасын басына іліп, желкесінен атып тастағанын айтқан. HRW Харьков облысындағы мектепте кемі бір әйелдің зорланғанын хабарлады. Ол әйел отбасымен бірге тығылып отырған. Оқиға 13 наурызда болған.

Your browser doesn’t support HTML5

"Мәйіттер көшеде шашылып жатыр". Бучадағы қырғынның видеосы