Әл-Ақса мешітіндегі қақтығыс. Израиль мен палестиналықтардың жанжалынан жүздеген адам зардап шекті

Израиль қарулы күштері Әл-Ақса мештінің маңында тұр. 15 сәуір 2022 жыл.

Кейінгі күндері Таяу Шығыстағы Иерусалим қаласындағы Әл-Ақса мешітінің аумағында Израиль күштері мен палестиналықтар арасында қақтығыс болып, қазірге дейін 170 адам жараланды. Екі тарап жағдайдың ушыққанына бір-бірін айыптады. Әл-Ақса мешіті маңайында қақтығыс қалай басталды? Қазірге дейін не белгілі?

ӘЛ-АҚСА МЕШІТІНДЕ НЕ БОЛДЫ?

Жексенбі, 17 сәуірде Иерусалимдегі Әл-Ақса мешіті маңайында болған бірнеше қақтығыстан 20-дан аса палестиналық пен израильдік жараланды. Осылайша өткен жұма, 15 сәуірде басталған қақтығыстардан зардап шеккендер саны 170 адамнан асып кетті.

Израиль мен Палестинаның Иерусалимдегі бұл қақтығыс мұсылмандардың Рамазан айы мен еврейлердің Песах мейрамы кезінде болып жатыр.

Израиль күштері мен палестиналықтар арасындағы қақтығыс. Ескі Иерусалим, 17 сәуір 2022 жыл.

Қызыл крест ұйымының мәліметінше, жұма, 15 сәуірде Иерусалимде Израиль полицейлері мен палестиналықтар арасындағы қақтығыстан кемі 152 адам жараланған. Зардап шеккендердің көбі – палестиналық.

Палестина үкіметі Израиль полицейлері жұма таңғы Әл-Ақса мешітіне таңғы намаз кезінде кіріп келіп, шулы гранатамен мешіттегілерге шабуылдады деп айыптады. Палестинаның Жарты ай ұйымының мәліметінше, палестиналықтардың көбі резеңке оқтан, шулы гранатадан және полицейлердің шоқпарынан (дубинка) жараланды дейді.

Ал Израиль ішкі істер министрлігі басында бұл шабуылды жоққа шығарғанымен, кейін "израильдік полицейлер бунт шығарғандарды, қасиетті орынды қорлағандар мен қоғамға қауіп төндіргендерді қуу үшін" Әл-Ақса мешітіне кірді деді.

Әл-Ақса мешіті маңындағы қақтығыс. 15 сәуір 2022 жыл.

Израиль билігі қақтығыс жұма таңертең Храм тауында басталғанын, ХАМАС ұйымының (бірнеше елде террорлық ұйым деп танылған) туын ұстап, маска киген манифестанттар Әл-Ақсаға кіреберісті жауып, израильдік полицейлерге тас, петард лақтырды дейді. Израиль тарабы жүздеген адамды ұстағанын хабарлады. Елдің ішкі істер министрлігі "полицейлер мешітке кіріп, бунт шығарғандарды кейін шегіндіріп, құлшылық етуге келген басқа адамдарды шығаруға мүмкіндік жасады" дейді. Израиль қақтығыстан үш полицейдің жараланғанын мәлімдеді.

Әл-Ақса мешітінің директоры Омар әл-Кисуани бұл оқиғадан соң "Израиль қызыл сызықтан өтті" деп сынады. Палестина үкіметі Әл-Ақсаға Израиль тарапына айыптады. ХАМАС Израиль тарапынан жұма күні ұсталған 500 палестиналықты босатуды, Әл-Ақса маңайына еврей топтарының "провакациялық сапарларын" шектеуге, Батыс жағалауға әскерін жібермеуді талап етті.

Палестина тарабы Израиль жағдайды ушықтырмас үшін қамалғандардың көбін босатқанын, бірақ әлі жүз адам қамауда отырғанын мәлімдеді.

Израиль мен палестиналықтардың Әл-Ақса мешітіндегі қақтығысы. 15 сәуір 2022 жыл.

Палестина президенті Махмуд Аббастың ресми өкілі Нәбіл Әбу Рудейнех "халықаралық қауымдастық Израильдің Әл-Ақса мешіті аумағындағы агрессиясын тоқтатуға, жағдайдың ушығып кетпеуіне ат салысып, араласуы тиіс" деді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс екі тарапты арандатуға жол бермеуге шақырды. БҰҰ Таяу Шығыстағы арнайы елшісі Тор Веннесланд та екі тарап жағдайды ушықтырмауы тиіс деді.

ЖАҒДАЙДЫҢ УШЫҒУЫ

Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс наурыз айынан бері қайта ушыға бастады. Наурызда Израильдің бірнеше қаласына террорлық шабуыл жасалып, 11 адам қаза болды. Бұл шабуылдарды "ДАИШ" террорлық тобы өз мойнына алған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Неге Газа секторы ылғи қақтығыстың ошағына айналады?

Ал өткен бейсенбіде Израиль тарапы бір палестиналық Тел-Авивте үш израильдікті өлтіріп кетті деп мәлімдеді. Осыдан соң Израиль полицейлері палестиналықтар бақылауындағы Батыс жағалауға рейд жасауға кірісті.

Палестина денсаулық сақтау министрлігі Израильдің 14 сәуірде ұйымдастырған рейдінен палестиналық 14 жастағы бала көз жұмды деп хабарлады. Бұдан бөлек, Израиль тарапы рейд кезінде 20-дан астам "қарулы палестиналықты" өлтіргенін жариялады.

Бұған қоса Израиль полицейлері Рамазан айы мен Песха мерекесі қарсаңында күзетті күшейткен. Осының бәрі кейінгі уақыттағы қақтығыстың ушығуына әкелді.

  • Мұсылмандардың үшінші қасиетті орны Әл-Ақса мешіті мен иудаизм үшін ең қасиетті орын Храм тауы орналасқан Шығыс Иерусалимнің статусы Израиль мен палестиналықтардың жанжалдарына себеп болып келеді.
  • 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыста Израиль Газа секторын, Батыс жағалауды және Шығыс Иерусалимді оккупациялап алған. Палестиналықтар бұл үш аумақты болашақ мемлекетіміздің аумағы деп санайды.
  • 1987 жылы Газада палестиналықтар көтеріліске шықты. Сол жылы ХАМАС тобы да құрылды. Кейін толқу басқа аумақтарда да жалғасты. 1994 жылы Израиль билігі және Палестинаны босату ұйымы Осло келісіміне қол қойып, Газа секторы мен Батыс Жағалауының бір бөлігінде Палестина әкімшілігі құрылды.
  • 1994 жылдан бері Газа секторы мен Батыс жағалауда палестиналықтар мен Израиль арасында жиі қақтығыс болып тұрады. Газа секторына ХАМАС бақылау орнатқан. Ал Махмуд Аббас Батыс жағалаудағы мойындалған Палестина аумағының президенті болып отыр.
  • Былтыр да Рамазан айында палестиналықтар мен израильдіктер арасында жанжал ушығып, соңы 11 күндік соғысқа ұласқан. Израиль-Газа секторындағы соғыстан 250 палестиналық, 11 израильдік қаза тапқан еді.

Мақала Reuters, BBC, Guardian, Euronews ақпараттары негізінде жазылды.