Accessibility links

Израиль мен ХАМАС атысты тоқтатты. Екі тарап өздерін жеңіске жеттік деп санайды


Израиль мен ХАМАС ымыраласқан соң Газа секторында мыңдаған адам көшеге шығып, тойлады. 21 мамыр 2021 жыл.
Израиль мен ХАМАС ымыраласқан соң Газа секторында мыңдаған адам көшеге шығып, тойлады. 21 мамыр 2021 жыл.

Израиль мен ХАМАС тобы Таяу Шығыста 11 күнге созылған қақтығысты тоқтатуға келісті. Келіссөзді Египет қадағалап, бас-көз болды.

БІТІМНЕН КЕЙІНГІ ЖАҒДАЙ

Бітім 21 мамыр жергілікті уақыт бойынша түнгі 02.00-де күшіне еніп, 240-тан аса адамның өмірін алған (марқұмдардың көбі – Газа секторында) қақтығысқа нүкте қойылды. Бітім басталған сәтте палестиналықтар Газа көшесіне жиналып, тойлай бастады. Ал мешіттегі дауыс ұлғайтқыштардан "жеңіс" жайлы сөздер естілді.

Бітімді тойлап жүрген жұрт. Газа қаласы, 21 мамыр 2021 жыл.
Бітімді тойлап жүрген жұрт. Газа қаласы, 21 мамыр 2021 жыл.

Израиль де, ХАМАС та бұл қақтығыста өздерін жеңімпаз деп жариялады.

ХАМАС исламистік тобының басшыларның бірі Халил әл-Хайя жұрт алдына шығып, "Бұл – жеңістің қуанышы" деді. Ол Газа секторында қираған үйлерді қайта қалпына келтіруге уәде берді.

Израиль ел ішіндегі қала аралық қатынастарға қойылған шектеулерді алғанын мәлімдеді. Атыстан Газа секторындан тастай қашқан жұрт үйлеріне орала бастады.

АҚШ президенті Джо Байден бұл бітімге АҚШ, Египет, Палестина билігі және Таяу Шығыстағы елдердің табанды жұмысы әрі жоғары деңгейдегі талқылауының арқасында қол жеткенін мәлімдеді.

Бітім басталған соң Байден сөз сөйлеп, келісімге келуге Египет билігінің үлесі көп болғанын атап өтіп, АҚШ дипломаттары да қақтығысты тоқтату үшін "сағаттап жұмыс істегенін" айтты. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жақын күндері Таяу Шығысқа барып, Израиль және Палестина билігімен кездесетінін жеткізді.

АҚШ БҰҰ және басқа да халықаралық мүдделі тараптармен Газа халқына гуманитарлық көмек беру жағын ұйымдастырмақ. Вашингтонның мәлімдеуінше, "ХАМАС қару қорын толықтырып алмас үшін" бұл көмек палестиналық билік арқылы беріледі.

Бұған қоса, Байден Таяу Шығыста толық тыныштық орнатуға мүмкіндік барын айтады.

"Палестиналықтар мен Израиль халқы қауіпсіздікте, тыныштықта өмір сүруге, еркіндікті, дамуды, демократия құндылықтарын тең пайдалануға лайық. Менің әкімшілігім осы бағыттағы табанды дипломатиялық жұмысын жалғастыра бермек. Прогреске жетуге шынымен мүмкіндік бар және сол үшін жұмыс істеуге дайынмын" деді АҚШ президенті.

Израиль қауіпсіздік кабинеті Египеттің бітімгерлігімен ымыра келісімін бірауыздан қолдағанын, бірақ оның орындалуы жайлы әлі бір келісім болмағанын мәлімдеді.

Дипломатиялық дереккөздердің сөзінше, бітімнің орындалуын бақылау үшін Египет екі аумаққа делегация жібермек. Ымыраны Ұлыбритания, Франция және Қытай қолдады.

ҚАҚТЫҒЫСҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛЫП ЕДІ?

Израиль мен палестиналық топтар арасындағы атыс 10 мамырда басталған. Газа секторындағы дәрігерлер Израильдің әуе шабуылынан 232 адам опат болғанын мәлімдеген. Қаза тапқандар арасында әйелдер мен балалар да бар.

ХАМАС тобы Израильдің әуе шабуылдарына жауап ретінде Газа секторынан ракеталар атқылады.

Израиль билігі қақтығыстан 12 адам қаза тапқанын хабарлады.

Жалпы аймақтағы жағдай мамырдың басында ушықты. Израиль Шығыс Иерусалимде бірнеше араб отбасын басқа жаққа көшіруді ойластырып, сот бастаған. Бұл палестиналықтардың ашуына тиді. 7 мамырда жұма намазынан шыққан жұрт полицияға тас, бөтелке, арматура лақтыра бастады.

Кейін полиция бұл жанжалды тоқтатамыз деп Храм тауына кіреберісті жауып, мұсылмандарға шектеу қойды. Палестиналық басылымдар израильдіктер мұсылмандарды тарату үшін резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданғанын хабарлады. Артынша полиция Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіріп, жұртты күштеп шығара бастаған.

Палестиналықтарды басқа жаққа көшіру ісі бойынша сот шешімі кейінге қалғанымен, қақтығыс тоқтамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG