Ақтау билігі биылғы "Мәңгілік полк" акциясы онлайн-форматта өтетінін айтады

"Мәңгілік полк" шеруіне қатысушылар ұстап шыққан СССР туы мен совет диктаторы Иосиф Сталиннің (ортада) портреті. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімдігі биыл "Мәңгілік полк" шеруін өткізбейтін болды. Бұл туралы Lada басылымына "Мәңгілік полктің" Маңғыстау облысы бойынша ресми координаторы Ланга Черешкайте хабарлады.

– Өкінішке қарай, кейінгі күндері шеру туралы жазбаларға жағымсыз, дөрекі пікір жазып жатқандар көп. Полктің ресми координаторын ғана емес, оның қатысушыларын да қорқыта бастады, – деді Ланга Черешкайте.

Оның сөзінше, осыдан кейін акцияны ұйымдастырушылар билікпен ақылдаса келе, "әлеуметтік шиеленіс тудырмау" үшін шеруден бас тартқан. Соның алдында Ақтауда 9 мамырда "Мәңгілік полк" шеруі өтеді деп хабарланған еді.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттыққа осы жағдай жөнінде пікір білдіріп, шерудің онлайн форматта өтетінін айтты.

– "Мәңгілік полк" акциясының координаторлары атынан Ақтауда шеру өткізу туралы ұсыныс түсті. Бірақ оны өткізетін мерзімі, уақыты және орны туралы нақты шешім қабылданбаған еді. Биыл әскер парад өтпейтін болған соң, "Мәңгілік полк" акциясын ұйымдастырушылар қала халқына қолайлы болу үшін шараны онлайн режимде өткізуді ұсынды, – деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Ақтау қаласы ішкі саясат бөлімінің сөзін келтіріп.

Өткен аптада Қазақстан қорғаныс министрлігі биыл 7 және 9 мамырда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған әскери парадты өткізбейтінін мәлімдеген. Министрлік бұл шешімді бюджетті үнемдеу үшін қабылдағанын айтты. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі "Мәңгілік полк" шеруін өткізу әкімдік құзыретіндегі мәселе деді.

Осыған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі биыл Жеңіс күніне арналған отшашу болмайтынын, ал "Мәңгілік полк" акциясы онлайн форматта өтетінін хабарлаған. Коронавирус пандемиясы тарағаннан кейінгі жылдары әскери парадтар өтпей келген, ал "Мәңгілік полк" шеруі онлайн форматта өтіп жүрген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Өзгенікіне тиіспейміз, бізге тиесіліні қайтарып аламыз". Ресейдегі балабақша мен мектептегі үгіт-насихатҚазақстан Жеңіс күнін қалай атап өтті?Жеңіс күнінің жаңа символдарыПандемия һәм парад. Постсовет елдері Жеңістің 75 жылдығын қалай атап өтті?Қуғын көргендер ұрпағы Сталинді дәріптеуге қарсы