Reuters ақпарат агенттігі Бучадағы қырғынға қатысты ірі зерттеу жүргізіп, оккупация кезінде Киев облысында Ресейдің қай әскери тобы болғанын анықтады.
Жергілікті тұрғындар мен табылған құжаттарға сәйкес, Киев облысындағы әскери қылмысқа Росгвардияның "Витязь" бөлімі, "76-парашют-десанттық дивизия" және Шешенстан әскерилерінің қатысы бар.
Мысалы, Бучада Ресей әскерилерінің штабы орналасқан, маңынан сегіз мәйіт табылған Яблун көшесіндегі ғимараттан Украинаның ұлттық гвардия мүшелері Константин Коршунов атты адамның төлқұжатын тапқан. Reuters журналистерінің айтуынша, ол Росгвардияның "Витязь" бөліміне қарасты 3179 әскери бөлім қызметкері болған.
Бучадағы жергілікті тұрғындардың бірінің үйінен Александр Логвиненкоға жіберілген хат табылған. Reuters зерттеуіне сәйкес, ол Псковтағы десанттық дивизия құрамының мүшесі. Ресей әскерінің бақылауында болған көрші үйдің қабырғасында баллонмен жазылған Wolf_68 деген жазу болған. Журналистер әлеуметтік желіде Wolf_68 деген атпен тіркелген Кирилл Крючков есімді Ресей азаматын тапты. Ол 76-гвардия десант-штурмдық дивизиясына қарасты авиаполкте әскери қызметкер болып істейді.
Украинада Шешенстан әскерилерінің болғанын жергілікті тұрғындардың сөзінен бөлек, солдаттардың әлеуметтік желіде жариялаған суреттері мен видеолар да дәлелдейді. Reuters жазуынша, Буча мен төңірегіндегі қалаларда аймақ жетекшісі Рамзан Қадыровпен байланысы бар кемінде үш шешен бөлімі болған.
- 2 сәуірде Киев түбіндегі Буча қаласында жүздеген бейбіт адамның мәйітін шашылып жатқаны туралы хабар тарай бастаған. Бұл қаланы бір айдан астам Ресей әскері басып алып, бақылауында ұстаған еді. Ресей әскері кеткен соң қалаға Украина әскері кірген. Халықаралық қауымдастық және Украина билігі бейбіт азаматтардың өліміне Ресей армиясын кінәлады. Буча қырғынына қатысты пікір айтқан халықаралық сарапшылар "геноцид" сөзін қолданып жүр.
- Ресей қорғаныс министрлігі Буча қырғынын "Киев режимінің батыс БАҚ-тарына арналған жасанды қойылымы" деп атады. Ресей президенті Владимир Путин де "арандату" туралы айтқан.
- 28 сәуірде Украина прокуратурасы өз зерттеулеріне сүйене отырып, жергілікті тұрғындарды азаптап, тонаумен айналысқан ондаған Ресей солдатының аты-жөнін жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Киев облысының полициясы Бучада тағы үш ер адамның мәйітін таптыБатыс берген қару-жарақ Украинаға көмектесе ала ма? Сарапшымен сұхбат"Сатқындыққа бейім". Ресей әскерінде Украинадағы соғысқа қатысқысы келмейтіндер көбейіп барадыЖоғарғы Рада Ресейдің Украинадағы әрекетін геноцид деп таныдыБучада қаза болған тұрғындардың сүйегін эксгумация жасап жатыр