Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау қажеттігін мәлімдеді. Бір күн бұрын Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен республиканың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанған болатын.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2 шілдеде Нөкіс қаласына келген Мирзияев республиканың жоғарғы орган өкілдерімен, ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездескен.
"Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау процесі жалғасып жатқандықтан және Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75 баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін атап өтті" деп жазылған президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мәселе Қарақалпақстанның мәртебесіне қатысты баптар туралы болып отыр. Негізгі заңның қазіргі нұсқасына сәйкес, Қарақалпақстанның егемен мәртебесі бар және ол жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы Өзбекстан құрамынан шығу құқығына ие. Өткен апта соңында талқылауға шығарылған Конституция жобасында Қарақалпақстан суверенитеті мен оның Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы нормалар алынып тасталған болатын. Бұл Қарақалпақстан халқының ашу-ызасын туғызып, соңы жаппай наразылыққа ұласқан еді.
1 шілде күнгі Нөкістегі митингіге мыңдаған адам қатысқан. Ақпаратқа қарағанда, наразылық күшпен басылған. Қарақалпақстан билігі "тәртіпсіздік", "мемлекеттік органдарды күшпен басып алу талпынысы" болғанын айтып, "сыртқы күштердің жағдайға ықпал етуге тырысқанын" мәлімдеді. Биліктің айтуынша, милицияға қарсылық көрсеткендер ұсталған. Алайда нақты қанша адамның ұсталғанын ашып айтпады. "Сыртқы күштер" деп кімді меңзегенін де нақтыламады.
Ақпаратқа қарағанда, Қарақалпақстан қалаларында наразылық 2 шілдеде де жалғасқан. Республикада интернет байланысы нашарлап, кей жерлерде мүлде өшірілген.
- Наразылық тұтанған шақта Өзбекстан Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін өткізу бекетін жапты. Ресми түрде бұл қадам "ақпараттық жүйенің істен шығуымен" байланыстырылды. Қазақстан ҰҚК Қарақалпақстан – Бейнеу (Маңғыстау станциясы) бағыты бойынша темір жол қатынасын тоқтату да жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
- Қарақалпақстан Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республикада екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақ тілі түркі тілдердің ішінде қыпшақ тобына жатады, қазақ тілімен қатты ұқсас.
Видео: Өзбекстан Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы (1 шілде 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5