Accessibility links

Қарақалпақстан жұрты республиканы "егемен" статусынан айыруға қарсы шықты


Нүкісте жұрт конституциялық өзгеріске қарсы наразылыққа шыққан сәт. 1 шілде 2022 жыл.
Нүкісте жұрт конституциялық өзгеріске қарсы наразылыққа шыққан сәт. 1 шілде 2022 жыл.

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА НЕ БОЛДЫ?

Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының астанасы Нүкісте жүздеген адам ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды "егемен" (суверенитет) статусынан айыру жоспарына қарсы және тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов босатуды талап етіп наразылыққа шықты.

Өзбекстан билігі ел Конституциясына көптеген өзгерту енгізіп, соның ішінде Қарақалпақстанды егемен дәрежесінен айыруды және Өзбекстан құрамынан шығуға тыйым салуды қарастырмақ. Конституциядағы өзгерістер тізімі 25 маусымда жарияланған. Өзгерістер бойынша талқы 5 шілдеде аяқталуы тиіс.

Mukun.uz телеграм каналы таратқан видеоларда Нүкіс көшелеріне жүздеген адам шыққаны байқалады. Кейбірінің қолында Қарақалпақстан туы көрінеді.

"Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың Азаттыққа айтуынша, тұрғындар жергілікті заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов ұсталған соң жаппай көшеге шығып, оны босатуды талап еткен. Телеграм каналдарда тараған видеоның бірінде жұрт "Дәулет!" деп айғайлағаны естіледі.

Бүгін, 1 шілдеде Тәжімұратов Нүкіс орталығында тұрып, жұртты "Қарақалпақстанның статусын сақтап қалу үшін" 5 шілдеге бейбіт митингіге шақырады. Ол Қарақалпақстанның "Жокаркы Кенесінде" (Жоғарғы кеңес, парламенті) болып, 5 шілде бейбіт митинг болатынын ескерткенін жеткізеді. Кейін тәуелсіз журналист ұсталып, халық талабынан соң қайта босатылғаны айтылды.

Кейбір видеоларда Нүкіске жиналған жұрттың арасында арнайы жасақ пен полицейлер тұрғаны байқалды. Азаттық телеграм каналдарда тарап жатқан видеолардың шынайылығын бірден анықтауға мүмкіндігі болмады.

ХУК сайтының жазуынша, 27 маусымнан бері Қарақалпақстанда интернет пен ұялы байланыс дұрыс істемей тұр.

ӨЗБЕКСТАН ҮКІМЕТІ НЕ ДЕЙДІ?

Өзбекстан билігі Қарақалпақстандағы наразылыққа басында ресми мәлімдеме таратпады. Бірнеше сағат өткен соң Өзбекстан ішкі істер министрлігі Нүкістегі "демонстрация аяқталды, қоғамдық тәртіп орнады" деді.

"Конституциялық реформаны дұрыс түсіндірмегендіктен Қарақалпақстан астанасы Нүкісте түскі үш шамасында митинг басталды. Қоғамдық тәртіп бұзылмас үшін, Дехкан базарының аумағында тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдарының күштері жұмылдырылды. Полиция наразылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр" деп жазылған органның мәлімдемесінде.

Өзбекстан ІІМ ұсталған адамдар жайлы ештеңе айтпады.

Норвегияның Хельсинки комитеті (NHC) Twitter желісінде мәлімдеме жасап, Өзбекстан билігінің Нүкістегі халықтың бейбіт жиналуы құқығын сыйлауға шақырды.

ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Қарақалпақстан - Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республика. Мұнда екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар.

Қарақалпақстан республикасы 1925 жылы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ CCР құрамында болады. 1936 жылы Өзбек ССР құрамына қосылған.

1990 жылы 14 желтоқсанда Өзбек ССР құрамындағы Қарақалпақ автономды республикасының парламенті толық тәуелсіздік алу жөнінде декларация қабылдаған. Алайда 1993 жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстан келісімге қол қойып, Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болады деп келіскен.

Қарақалпақстан аумағы (қызыл түс)
Қарақалпақстан аумағы (қызыл түс)

Келісімде Қарақалпақстан Өзбекстан құрамынан референдум арқылы шығу құқығы қарастырылған еді. 2013 жылы бұл келісімнің уақыты біткен, ал уәде қағаз күйінде қалды. Қазір Қарақалпақстанның тәуелсіздігі жайлы айтып жүрген "Алға, Қарқалпақстан" қозғалысының мүшелері Өзбекстандағы қысымнан соң шетелге кеткен.

Өзбекстан билігінің биыл ұсынған конституциялық өзгеріс жобасында Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамынан референдум арқылы шығу құқығы алынып тасталған. Бұдан бөлек Өзбекстанның қолданыстағы Конституциясында "Суверенитетті Қарақалпақстан республикасы Өзбекстан республикасына кіреді" деп жазылса, жаңа ұсынылған өзгерісте "суверенитетті" сөзі алынып тасталған.

Ташкент конституциялық өзгерістерді жариялаған соң Қарақалпақстанның өзінен бөлек шетелде жүрген қарақалпақтар да бұл ұсынысқа қарсы шыға бастады.

Өзбекстан Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG