"Шаңырақ оқиғасы" бойынша ұзақ жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов 19 тамызда таңертең түрмеден босап шықты.
"Таңертең босатылды" деді Қостанайдағы УК-161/2 мекемесінің кезекшісі Азаттыққа.
Ақпаратты Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Гүлмира Қуатбек те растады.
Түрме алдынан Өтегеновті белсенділер қарсы алған.
Видео: “Анамды көрмегеніме 16,5 жыл болды”. "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Құрманғазы Өтегенов бостандыққа шықты (20 тамыз 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде болған оқиғаға қатысқаны үшін сотталған. Шаңырақта сот "заңсыз салынған" деп таныған баспаналарын сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетіп, қақтығыс салдарынан полиция қызметкері қаза болған. Осы оқиғадан кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталған. Олардың екеуі 2020 жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты.
"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, былтыр күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты. Ал белсенділер "Шаңырақ ісінің" қайта қаралуын талап етті.
Сот үкімі бойынша 16 жылға бас еркіндігінен айырылған Құрманғазы Өтегеновтің жаза мерзіміне 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін тағы екі жарым жыл қосылған еді.