Accessibility links

Алматыда Арон Атабекпен қоштасты. Диссидент түрмеден шыққаннан кейін бірнеше аптадан соң көз жұмды


Арон Атабекті жерлеу рәсімі. Алматы, 26 қараша 2021 жыл.
Арон Атабекті жерлеу рәсімі. Алматы, 26 қараша 2021 жыл.

26 қарашада күндіз Алматыда жұрт екі күн бұрын қайтыс болған диссидент, ақын Арон Атабекті ақтық сапарға шығарып салды.

Арон Атабектің жаназасы қарындасының үйінде оқылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қоштасу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Олардың арасында диссиденттің әріптестері, саясаткерлер, қоғамға танымал белсенділер болды. Олар марқұмның туыстарына көңіл айтты.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин диссиденттің өліміне билікті кінәлады. Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан "әкемді ақтау үшін күресемін, бірақ егер қазір әрекет етпесек, елдің болашағына балта шабылады. Бұған дейін қаншама белсенді құрбан болды" деді. Арон Атабекті қорғау комитетінің өкілі Балташ Тұрсымбаев "Шаңырақ оқиғасы" бойынша істің қайта қаралуына күш салатынын айтты.

Арон Атабекті Алматы маңындағы Бағанашылдағы зиратқа жерледі.

24 қарашада кешке диссидент, ақын Арон Атабек ауруханада көз жұмған. "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған Атабек 1 қазанда денсаулығына байланысты қамаудан босатылған. Ол түрмеден орала сала денсаулығы күрт нашарлап, төсек тартып жатып қалған. Шамамен бір айды аурухана реанимациясында өткізді.

Диссидент өзіне тағылған айыппен келіспей, жылдар бойы толық ақтауды талап еткен. Жақтастары "ол жазықтан жазықсыз түрмеде 15 жыл отырды, билік оны ашық өткір сыны үшін түрмеге қамады" деп санайды. Ол жуырда түрмеде шыққаннан кейін бір топ белсенді мен саясаткерлер Арон Атабекті қорғау комитетін құрып, халықаралық сотқа шағымданып, Арон Атабектің ісін қайта қарауға қол жеткізуге күш салатынын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG