23 тамыз күні кешке Алматының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адвокат Абзал Құспанның шағымын қарап кәсіпкер әрі оппозициялық саясаткер Болат Әбіловке әкімшілік кодекстің "Жала жабу" бабы негізінде (73-баптың 3-тармағы) айыппұл салды. Әбіловтің айтуынша, айыппұл көлемі 572 400 мың теңге (180 айлық есептік көрсеткіш). Сот процесі онлайн өткен.
Адвокаттың сөзінше, сотқа жүгінуіне кәсіпкердің журналист Дәнеш Байболатқа берген сұхбаты себеп болған. "Майдан" деп аталатын ютуб арна 31 шілде күні жариялаған сұхбатта қаңтар оқиғасына байланысты қойылған журналистің сұрағына жауап бере отырып кәсіпкер Болат Әбілов адвокаттар Абзал Құспан мен Айман Омарованы "биліктің адамдары", "қызыл адвокаттар" деп атаған. Әбіловтің сөздерін жала деп есептеген адвокат сотқа 17 тамызда арыз түсірген. Абзал Құспан бүгінгі сот отырысынан соң әлеуметтік желідегі парағына "Бұл мәселе бір әкімшілік іспен аяқталмайды. Алда ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық іске ұласады" деп жазды.
Айыппұл төлеуге міндетті болған кәсіпкер Болат Әбілов сот шешімімен келіспейді. "Аманат" комиссиясының жетекшісі Абзал Құспанның қаңтарда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесуін, наурызда президент қолынан марапат алуын билікке жақындық деп есептейтінін айтқан Әбілов бүгінгі сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым дайындап жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, сотқа дайындалуға уақыт тығыз болған, процесті кейінге қалдыруды сұрағанымен судья өтінішті қабылдамаған.
Қаңтар оқиғасынан соң адвокат Абзал Құспан "Аманат" дейтін қоғамдық комиссия құрып, дүрбелең кезінде ұсталып, тергеуде азапталған адамдардың абақтыдан босату мәселесімен айналысқан. Ол Алматы, Талдықорған, Шымкент сынды бірнеше қалаға барып, тергеу изоляторында отырғандармен кездескен. Қоғамда адвокатты "биліктің адамы" дейтін пікірлер сол кезде де жиі естілген. 11 ақпан күні Азаттық журналисінің сұрағына жауап берген Абзал Құспан "Аманат" комиссиясын құру биліктің тапсырмасы емес, өзінің еркі екенін айтқан.
2000 жылдардың басынан оппозицияға өтіп, билікті ұзақ жыл сынап келген Болат Әбілов 2013 жылы саясаттан кеткен. Кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар көтерілісінен соң ол саясатқа қайта араласа бастады. Мамыр айында "Біздің таңдау" атты партия құратынын мәлімдеген.