Кәсіпкер Болат Әбіловтің тіркелмеген «Біздің таңдау» партиясы 30 тамызда Конституция күнін тойламауға шақырды. Бұл туралы партия мүшелері 26 тамыздағы баспасөз маслихатында айтты.
«90 жылдардың басында Назарбаев мырза екі парламентті таратып, заңсыз референдум өткізіп осы Конституцияны қабылдады. Бұл заң 30 жылда халыққа ештеңе бермеді. Тек авторитар билік, Назарбаев билігі орнады. Не демократия орнаған жоқ, не әділ сайлау өткен жоқ. Біз бұл Конституцияға қарсымыз. Қай бетімізбен тойлаймыз, не айтамыз?» – деді тіркелмеген ұйым жетекшісі Болат Әбілов.
Партия мүшелері Конституциядағы адам-құқығы, заң күшіне қатысты баптар орындалмайтынын айтып, Назарбаев әулетінің түрлі заңсыздықтарына жол бергені үшін сынады.
«Бұл Конституцияға қырық жамау жасалған. Шоқпыт-шоқпыт Конституция. Оның бәрі Назарбаев билігін күшейту үшін жасалды. Соның негізінде “Елбасы туралы” заң шықты. Сондықтан бұл Конституцияны билік пен оның айналысына ғана қызмет еткен, халықты ескерусіз қалдырған құжат ретінде тарих қоқысына тастауымыз керек» – деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай.
Белсенділер президенттен жаңа конституциялық реформаларды талап етті. Бірақ нақты қандай өзгерістер енгізу керегін атамады.
«Біздің таңдау» партиясы мамырдың ортасында бірнеше белсендінің бастамасымен құрылған. Бірақ әлі ресми партия ретінде тіркелмеді. Партия Жаңаөзен қантөгісі мен Қаңтар көтерілісін, саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен өзге де саяси астары бар кісі өлімдерін қайта зерттеуді қолға алатынын айтқан.
Қазақстанда 1993 жылғы алғашқы негізгі заңның орнына 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, оның өзі алты рет (1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары) өзгеріп үлгерді. Биыл 5 маусымда өткен референдумнан кейін Конституциядағы 33 бапқа 56 толықтыру енгізілді. Өзгерістер 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, президентке саяси партияға мүше болуға, ал оның жақын-туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, парламент құрамы мен жұмысы және сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу, өлім жазасына тыйым салу мен жерге меншік түрі секілді мәселелерді қамтиды.
Өзгеріске сай, Конституциядан бірінші президентке (Нұрсұлтан Назарбаев) берілген артықшылықтың бәрі алынып тасталды. Кейбір сарапшылар бұл референдумды Тоқаевтың келесі президент сайлауына дайындығы деп бағалаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың "элитасы", "олигархтармен одақ", "сәтсіздікке ұшыраған" билік транзиті