Қазақстандық журналист Назгүл Жарболова қырғыз-тәжік шекарасындағы атыстан босқан қырғызстандықтарға жылу жинап жатыр. Ол бір тәулікте жиналған алғашқы 1 миллион теңгені (2100 доллардан асады) азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға аударған.
— Көрші елде болып жатқан трагедияға жайбарақат қарап отыру қиын болды. [Қырғызстанда] 130 мыңнан аса адам босқынға айналды. Адамдар үйсіз қалғанда көмекке мұқтаж болады. Киім, тамақ пен дәрі-дәрмек керек. Қолымнан келгенше көмектескім келді, — дейді Назгүл.
Оның сөзінше, қазірге дейін Назгүлдің шотына 1 миллион 656 мың теңге жиналған. Банктің бір тәулікте аударға болатын сома шегіне байланысты алғашқы траншты — 1 миллион теңгені журналист қырғызстандық еріктінің шотына аударған.
— Қазір Исмаил есімді досым мен жіберген ақшаға азық-түлік пен гигена заттарын алуға кетті. Оларды еріктілер штабына апарып береді, — дейді журналист.
Жылу жинауға жүздеген қазақстандық ақша жіберген. Назгүлдің сөзінше, Түркия, Армения, Бурятиядан да ақша аударғандар бар. «Бастамамды мұнша адам қолдайды деп күтпедім» дейді ол.
— Бәрі ақша аударып, хат та қалдырады. «Қырғызстанға қолдау», «Бауырларымызға», «Қазақ, қырғыз — бір туған» деп жазып жатыр. Бәрі бейбітшілік, тыныштық тілейді.
16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында жағдай ушығып, ірі қақтығыс болды. Тараптар жағдайға бір-бірін кінәлады.
Екі жақ та шекарадағы ауылдардың атқыланғанын, ауыр техника қолданылғанын мәлімдеді. 16 қыркүйекте кешке қарай екі ел басшылар атысты тоқтату туралы келісім жасасқанмен сенбі күні кейбір аумақта атыстың жалғасқаны хабарланды.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 24 қырғыз азаматы қаза болған, 121 адам жараланған. Тәжікстан жағы қаза болғандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат таратпады. Дегенмен Азаттықтың Тәжік қызметі Reuters дерегіне сүйеніп, кемінде жеті тәжік азаматының қаза болғанын хабарлады. Жергілікті шенеуніктердің бірі Азаттыққа ондаған тәжік азаматының опат болғанын айтқан.