ЕКІ ТАБЛЕТКА
31 жастағы Евгений Макаровтың үйі, жұмысы, әйелі мен бірінші сыныпта оқитын баласы бар. Бір қарағанда, Оралдағы көп тұрғынның бірі болып көрінгенімен, Евгений бірнеше жылдан бері есірткіге тәуелділігінен арыла алмай келеді.
Ол сегіз жылдан бері "Трамадол" ішеді. Евгений бұл препаратқа тез үйреніп кеткен. Басында таныстары екі таблетка беріп, байқап көруді ұсынған. Кейін күнделікті ішетін дәрі мөлшері он бес таблеткаға дейін артқан.
– Бәрі Оралда "Трамадол" кең таралмай тұрған кезде басталды. Ол кезде препарат табу қазіргідей оңай болмайтын. Біреуге хабарласып, келісілген жерге барып алатынбыз. Осы машақатын ойлап, дәрі ішуден сәл тартыншақтайтынбыз. Қазір ауданда "Трамадол" сататын бірнеше нүкте бар, препарат табу қиын емес, – дейді Евгений Макаров.
"Трамадол" – опиоидты анальгетик, синтетикалық препарат. Дәрігерлер бұл дәріні отадан кейін және қатерлі ісіктің соңғы кезеңдерінде ауырсынуды басуға береді. Бұл дәрі тәуелділік туғызады. Препаратты дәрігердің рецепт қағазынсыз сатуға болмайды. Бірақ есірткіге тәуелді адамдар "Трамадолды" еш қиындықсыз тауып жатыр.
Оралда "Трамадол" мен "Тропикамида" (есірткі сияқты тәуелділік туғызатын, құрамында атропині бар көзге арналған тамшылар, оны "Трамадолдың" әсерін күшейту үшін мұрынға тамызады) препараттарын заңсыз сату нүктелерін анықтау үшін құрылған мониторинг тобының дерегінше, ондаған дәріханадан аталған дәрілерді рецептісіз сатып алуға болады. Әр мөлтекауданда препарат саудасымен айналысатын бірнеше нүкте бар.
Препараттардың оңай сатылуы бұл дәрілердің қолданыс аясын кеңейтіп отыр. Евгений "Трамадол" ішетін жастар көбейіп жатқанын айтады.
– "Трамадол" аламыз деп жүрген 13-14 жастағы балаларды көрдім. Оларды баламды далаға алып шыққанда, ойын алаңшасынан кездестірдім. Қорқып кеттім, – дейді Макаров.
"Трамадол" ішетін адамдар есірткіге тәуелді науқастарда болатын "ломканы" жақсы біледі. Макаровтың айтуынша, дәріні уақытылы қабылдамаса, бір тәуліктен кейін абстинентті синдром пайда болады. "Трамадолды" тұрақты ішетін адам жалған күш-қуат сезініп, эйфорияда жүреді. Бұл препарат жүрек-қан тамыры жүйесінің, бүйрек пен бауырдың жұмысын бұзып, ми мен репродуктивті жүйеге зақым келтіреді. "Трамадол" шаршау сезімін басып, ұйқысыздық туғызады. Одан кейін көз ілу үшін ұйқы шақыратын дәрі ішуге тура келеді.
ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ КҮРЕСІ
"Трамадолды" дәріханаларда еркін сату мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Сәуірде Оралда тыйым салынған заттарды заңсыз таратуға қарсы флешмоб өткен. Акция ұйымдастырушысы, белсенді Аслан Өтепов "есірткінің кедергісіз таратылуына назар аударғысы келетінін" айтқан. Флешмобқа 20 шақты адам қатысқан. Олар "Біз "Есірткісіз өмірді" таңдаймыз" деген плакат ұстап шыққан. Акция қатысушыларының бірі "Оралда есірткі сатып алу оңай болып кетті. Бұл туралы бәрі біледі, бірақ ештеңе істемейді" деген.
Шілдеде ондаған азамат биліктен өздері тұратын үйдегі "Трамадолдың" сатылымына тыйым салуды талап етуге шыққан. Олар журналистерге полиция тұрғын үйдегі пәтерлердің біріне тінту жүргізіп, таблеткалар мен ішінде сұйықтығы бар бөтелкелер тапқанын айтқан. Тұрғындардың сөзінше, полиция кеткеннен кейін бірнеше сағаттан соң препараттың жаңа партиясы жеткізіліп, сауда жалғаса берген.
– Кішкентай екі балам бар, солар үшін алаңдаймын. Біздің үйдің аумағы қауіпті. Балаларымды дүкенге нан әкелуге немесе қоқыс төгуге де жібермеймін. Кешке мүлде үйден шықпаймыз, ересектердің өзі қорқады. Подъезде бөтен адамдар жүреді, олар өздерін агрессивті ұстайды, тұрған жеріне қоқыс тастап, шашып кетеді. Мұндай "қонақтарды" өзім де көрдім: олар маған қоқан-лоқы көрсетті, – дейді тұрғындардың бірі Әлия Дармешева.
Тұрғын үйге келген қалалық прокуратура өкілі Әлібек Жұмағұлов тұрғындардың сұрақтарына жауап берген жоқ. Бірақ азаматтар "заңсыз жиналыс" өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті. "Заңға сәйкес, жиналыс өткізу үшін бес күн бұрын әкімдікке өтініш берілуі керек. Бұл талаптар орындалмаған. Үйлеріңізге тараңыздар" деді ол.
Тамызда белсенді Аслан Өтепов "Балалардың болашағында есірткіге орын жоқ" тақырыбында митинг өткізуге рұқсат алған. Ол жиында "Трамадол" және "Тропикамида" препараттарының рецептісіз сатылуы мәселесін көтермек болған. Бірақ екі күннен кейін жергілікті билік митинг өткізуге берген рұқсатын қайтарып алған.
Орал әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшековтың айтуынша, жергілікті билік шешімінің өзгеруіне Өтеповтың әлеуметтік желіде тұрғындарды "Дәріханадағы нашақорлық" және "Трамадол патшасы" неге әлі бостандықта жүр?" мәселесін талқылау үшін бейбіт жиынға қатысуға шақыруы себеп болған.
Көшековтың белсендіге жіберген хатында "Әкімдікке берілген өтініште мұндай ақпарат жоқ. Сіз жастармен бірге есірткіге қарсы акция өткіземін деп жазғансыз" делінген.
"ПАТША" ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕКІ РЕТ ҰСТАЛУЫ
Оралда жергілікті тұрғын Николай Карповты "Трамадол патшасы" деп атайды. Ол кейінгі жарты жылда екі рет ұсталған. Сәуірде Карповтың үйіне бетін тұмшалап, оқтан қорғайтын кеудеше киген күш құрылымдарының қызметкерлері басып кіріп, видео түсірген. Бейнежазбада Карпов формадағы адамдардың ортасында тізерлеп отырғаны көрінеді. Полиция белсенді Аслан Өтеповтың жазбасынан кейін Карповты ұстауға келген. Өтепов Николай Карповтың парақшасынан алынған видеолар мен скриндерді жариялап, ол өзін "Трамадол есебінен күн көріп жүрген патша" санайтынын жазған.
Арнаулы операцияның видеосы әлеуметтік желіге тез тарап, ақпарат құралдары Карповқа қарсы "психотропты заттарды сату мақсатынсыз сақтау" күдігімен (Қылмыстық кодекстің 296-бабы) іс қозғалғанын жазды. Бірақ көп ұзамай Карпов босатылды. Шілденің басында Батыс Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарушы Александр Цуранков Николай Карповқа қарсы істер жабылатынын, өйткені "Трамадол" есірткіге жатпайтынын айтқан. Шілденің аяғында Карповқа қарсы айыптарды "сату мақсатынсыз" деген сөзі жоқ, алдыңғы баптан ауыр 297-бапқа ауыстырған.
21 қыркүйекте Николай Карпов баспасөз мәслихатын өткізіп, "Трамадолды" заңсыз сатуға еш қатысы жоғын, өз парақшасына жалған фото-видеолар жариялағанын айтқан. Ол сәуірде "психотропты заттарды сақтау" бабы бойынша қозғалған істі заңсыз деп атап, өзі ұсталған кезде үйінен ақшадан басқа артық зат табылмағанын жеткізген. Ол дәріханасы барын, оған арнайы лицензия алғанын, көп препаратты танысының қоймасында сақтайтынын айтып ақталған.
Баспасөз мәслихатынан кейін Николай Карпов тағы да ұсталды. Оның көлігінен "Тропикамида" препаратының 400 құтысы табылған. Карповтың адвокаты бұл жағдайды біреудің қасақана ұйымдастырған ісіне жатқызады. Полиция департаменті тағы да "Есірткі, психотропты заттар мен олардың баламасын сату мақсатынсыз заңсыз сақтау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, бірнеше сағаттан кейін Карповты босатып жіберген.
21 қыркүйекте Карпов тағы да баспасөз конференциясын өткізіп, өзінің полициядағы жемқорлыққа қарсы күресі үшін заңсыз қудалауға ұшырағанын, "Трамадол патшасы" емесін айтты.
– "Трамадол патшасы" дегені несі? "Трамадолды" қайда сатып жатқанымды көрсетіңдерші? Кәсібім тоқтағаны жөнінде қаулы бар, – деді Карпов.
Полиция Карповтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.
ТІЗІМДЕ ЖОҚ
Белсенділер, наркологтар, препаратқа тәуелді азаматтар мен полиция қызметкерлері бірауыздан "Трамадолдың" заңсыз саудасына қарсы күреске заңның кемшілігі кедергі болып отырғанын айтады. Заңда бұл препарат есірткі заты деп көрсетілмеген. Сондықтан бұл препаратты сатқан адамдарды жауапқа тарту мүмкін емес. Полиция оларға тек айыппұл салумен ғана шектеледі.
– Қазір препарат дәрігердің рецепт қағазсынсыз сатылып жатыр. Бұл – есірткі, бірақ заңда есірткі заттарының кестесіне енбеген. Болашақта бұл препаратты есірткі заттарының тізіміне қосу ұсынылып жатыр. Тізімге енсе, қылмыстық жауапкершілікке тарта аламыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің қызметкері Хизматулла Хамзин.
Тамызда өткен жастар саясаты жөніндегі жиында ішкі істер министрі Марат Ахмеджанов Қазақстанда "дәріханадағы нашақорлық" өршіп тұрғанын мәлімдеді. Ол денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа бұл препараттарға бақылауды күшейтуді тапсырды.
Кейінгі кездері "Трамадолды" заңсыз сату тақырыбы жиі көтеріліп жүргенімен, бұл мәселе бұрыннан бар. 2018 жылдың соңында билік бұл препаратты есірткі заттарының тізіміне қосуға уәде берген. Денсаулық сақтау министрлігі бұл "Трамадолдың" сатылымын реттеп, заңсыз саудагерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға көмектеседі деп түсіндірген. Бірақ одан бері төрт жыл өтсе де, "Трамадол" әлі де есірткі деп танылған жоқ.
– Әрине, заң қабылдап, "Трамадол" саудасы бақылауға алынса, мәселе шешілер еді. Бізде есірткі есебінде қолданылатын медициналық препарат көп. Полиция не істерін білмейді, – дейді астаналық нарколог дәрігер Әбдіқадыр Қарабаев.
"Трамадолды" есірткі заттарының тізіміне қосуға қарсы азаматтар "Бұл мәселені шешпейді, күні ертең дәріханада құрамы сәл өзгерген басқа препарат пайда болады" деп алаңдайды.
"ЕМДЕЙТІН ДӘРІ ТАПШЫ"
"Трамадол" және "Тропикамида" саудасы үшін қылмыстық жауапкершіліктің жоқтығы бұл препараттардың еркін сатылуына жол ашып отыр. Көп жылдан бері дәріханада сатылатын опиоидты препаратты пайдаланып келген Евгений Макаров есірткіні табу оңай болған сайын, одан бас тарту да қиын дейді.
– Менде сондай бір жағдай болды. Екі ай дәрі ішпедім. Жұмысым қиындап кетті, "Барып, Трамадол сатып алу керек" деген оймен жүрдім. Ал сатып алу өте оңай, – дейді Евгений Макаров.
Есірткіні тастағысы келетін азаматтар үшін ең қиыны – психологиялық тәуелділіктен арылу. Макаров бірнеше рет есірткіні тастағысы келген, бірақ аз уақыттан кейін қайтадан "Трамадолға" оралып, дәріні бұрынғыдан көп мөлшерде іше бастаған.
– Физикалық абстиненция бір тәуліктен кейін сезіледі: тізең қақсап, психоз басталып, асқазаның ауырады, шаршау сезімі болады, ұйықтайын десең, денең ауырып, жата алмайсың. Өте қатты ломка басталады. Физикалық ломканы әртүрлі жолмен басуға болады. Психологиялық ломканы жеңу қиын. Ол үшін ортаңды, санаңды түгелдей өзгерту керек, – дейді Макаров.
Нарколог дәрігерлер "Трамадолға" тәуелді адамдармен жұмыс істеу қиын екенін, Қазақстанда науқастарды емдейтін дәрі жоғын айтады.
– Трамадолға тәуелділікпен күресуге көмектесетін дәрілер бар. Бірақ бұл препараттар Қазақстанда тіркелмеген. Сондықтан бізде науқастарды емдейтін дәрі жоқ. 2002 жылдан бері есірткі мен алкогольге тәуелділіктен емдейтін бір де бір препарат тіркелген жоқ. Бүкіл әлемде осындай дәрілер қолданылады, – дейді нарколог Әбдіқадыр Қарабаев.
Дәрігерлер физикалық абстинентті синдромды ғана емдейді. Ал психологиялық тәуелділіктен арылуға бірнеше жыл уақыт кетуі мүмкін. "Бұл науқастың ерік-жігеріне ғана байланысты” дейді дәрігерлер.