Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийді қызметінен босатты. 18 қазанда Украина президенті кеңсесінің сайтында Зеленский жарлығы жарияланды.
Әзірге оның қызметіне кім келетіні белгісіз.
2020 жылдан бері Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған Петр Врублевскийдің қызметінен кететінін жуырда Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеген. Сол кезде министрлік өкілі Қазақстанның Украинамен "Петр Врублевскийді қызметінен босатуға келіскенін" мәлімдеген.
Бұған қоса, Айбек Смадияров сол кезде Украина елшісінің "қызметінен алынбағанына" наразылық білдірген Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің мәлімдемесіне түсініктеме беріп, бұл "Қазақстан мен Ресейдің тең құқылы стратегиялық серіктес ретіндегі қарым-қатынас сипатына қайшы" деген еді.
Тамыз айында Қазақстан СІМ Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің ресейліктер мен соғыс жайлы айтқан пікіріне қарсылық білдірген. Кейін елшінің Қазақстан аумағынан кетіп, жуырда оралғаны белгілі болған.
52 жастағы Петр Врублевский Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен бұрын Украинаның Беларусьтегі елшілігінде кеңесші-уәкіл қызметін атқарған.
Әр жылдары заң және қаржы құрылымдарында түрлі қызмет атқарған. Дипломатия саласына 1997 жылы келген.