Орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавкат Өтемісов Алматы облысы түрмесінде аштық жариялап жатқан белсенді Ермек Нарымбайдың аштық акциясы мен талаптарынан хабардар екенін жеткізді. Қазан басынан бері аштық ұстап жатқан белсенді әділ сайлау өткізу, сайлау учаскелерінің хаттамаларын ОСК сайтына жариялауды талап еткен.
11 қарашада Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген ОСК өкілі Шавкат Өтемісов "Бүкіл сайлау заң шеңберінде өтеді. Заңда қалай жазылған солай өтеді" деді.
"Хаттамалар туралы талап жөнінде не айтар едіңіз?" деген сұраққа ол:
– Заң бойынша, сайлау учаскелерінің хаттамасы екі күн бойы сол сайлау учаскесінде ілініп тұрады. Бұл бұрыннан жарияланып келеді. Ал қазіргі заңда хаттамалар міндетті түрде сайтта жариялансын деген талап жоқ. Бірақ ертеңгі күні электронды жүйеге көшеміз деп жатыр. Сол кезде бұл талап орындалуы мүмкін. Ол үшін арнайы бағдарлама болу керек. Ол бір күнде істелетін шаруа емес, – деді.
Осыған дейін Ермек Нарымбайдың адвокаты Жанар Балғабаева аштық ұстағанына 40 күн болған белсендінің әлсіреп, кездесуге шамасы жетпей қалғанын, қан қысымы құбылып тұрғанын мәлімдеген. Ол ОСК-ны Нарымбайдың талаптарын орындауға шақырған. Белсендінің денсаулығы нашарлап бара жатқан шақта жақтастары мен адвокаттары, жақындары Нарымбайдың хәліне алаңдайды.
Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзіне қарағанда, аштыққа дейін Ермек Нарымбайдың салмағы 105 килограмм болса, 10 қараша күні 83 килограмм болған. Қан қысымы 130-180 аралығында құбылып тұр. "80-ге дейін түсіп кететін кездер болады" дейді адвокат.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың аштық акциясынан хабардар екенін, аштық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер оны "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Елде сайлау сарапшылардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушыларға кедергі көбейген шақта, билікті сынаған белсенділер қудалауға ұшырап, шынайы бәсекеге жол жабылған шақта өтейін деп отыр. Көптеген сарапшы сайлау нәтижесі алдын ала анықталып қойған, билік президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы бәсекелес болатын адамдарды түрлі амалдармен сайлауға жібермеді деп санайды. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "сайлау әділ өтеді" деп уәде берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау – 2022: Тоқаев және бәсекелестері