Сайлау күніне белгіленген митингілер қарсаңында бірнеше белсенді ұсталды: Кемінде бесеуі 15 тәулікке қамалды

Марат Жыланбаев.

20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында оппозиция белсенділері жариялаған бейбіт митингіге байланысты Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділердің ұсталып жатқаны хабарланды. Фейсбуктағы "Белсенділер экстремист емес" тобының соңғы мәліметінше, Астанада бірнеше белсенді ұсталып, кемінде бесеуі қамалған.

11 қарашада Астана соты "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілдері Венера Жанбаева, Сандуғаш Қаңтарбаева, Мереке Нұғыманов, Марат Жыланбаев, Марат Мұсабаевты 15 тәулікке қамады. Оларға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған. Белсенділердің қудалануын бақылайтын топ ұстау кезінде оларға "дөрекі күш қолданылғанын" хабарлады.

Оларды полиция биыл 21 тамызда Еуропарламент делегациясының Қазақстанға сапары қарсаңында Астанада өткізген бейбіт митинг үшін айыптаған. Олар сол кезде саяси тұтқындарды босатуды, саяси қудалауды доғаруды, барлық саяси партияны тіркеуді талап еткен.

Sud.kz сайтында жарияланған сот шешімінде Жыланбаев, Нұғыманов, Мұсабаев, Жанбаева және Қаңтарбаеваның 21 қарашада Астанада "Цветочный сад" алаңында "рұқсат етілмеген митингіге" қатысқаны жазылған. Оларға 488-баптың 6-бөлігі бойынша айып тағылған. Сотта белсенділер тағылған айыптарды мойындамаған. Белсенді Марат Мұсабаев сотта "сұрақтарға жауап бермей, өзіне толтырылған хаттаманы заңсыз деп санайтынын" айтқан.

"Белсенділер экстремист емес" тобының мәліметінше, полиция бөлімшесінде белсенді Сандуғаш Қаңтарбаеваның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртылған. Бірақ соған қарамастан сот оны әкімшілік қамауға жіберген.

Sud.kz сайтында тағы бір белсенді Семигүл Ошақбаеваның ісі қабылданғаны жөнінде ақпарат болғанмен сот шешімі жарияланбаған.

"Белсенділер экстремист емес" тобының мәліметінше, Өскеменде де Марат Байгулин "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" ұсталған. Ақпарат анықталып жатыр.

Полиция оқиғаға түсініктеме бермеді.

Осыған дейін "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілдері 20 қарашада бейбіт митинг өткізетінін мәлімдеген. Топ мүшелері бұған дейін "әділетсіз сайлауды өткізбеуді", саяси қудалауды доғаруды, саяси партияларды тіркеуді талап еткен.

Бұған дейін билік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдерінің "митинг өткізу туралы өтініштерін" қанағаттандырмаған еді. Белсенділер кезектен тыс президент сайлауы, Қаңтар оқиғасы, саяси тұтқындар мәселесі жөнінде пікірлерін айтпақ болған.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Алға, Қазақстан" партия тіркеу үшін алтыншы рет құжат тапсырып, министрліктің екінші жауабын сотқа берді"Қаңтар оқиғасынан кейінгі ашу-ызаны басуға тырысқан" Тоқаев және "Мәскеуден алшақтаудан төнетін қауіп"Оппозициялық партияны тіркете алмаған белсенділер Шарль Мишельден көмек сұрады"Алға, Қазақстанның" Астанадағы митингісі өтпей қалды. Шара белгіленген жерде полиция күзеті күшейді Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау – 2022: Тоқаев және бәсекелестері